Ұлттық құрылтай отырысы шын мәнінде ел шежіресіне алтын әріппен жазылатын айшықты оқиға болды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қатысуымен өтіп келген Ұлттық құрылтай өзін мемлекетіміз үшін тағдыршешті мәселелер талқыланатын басты алаң ретінде толық дәлелдеді.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс Төрағасы: Құрылтай – ұлттық дамудың айқын бағыты
137
оқылды

Ол халқымыздың көне дәстүрлерін қайта жаңғырта отырып, ұлттық мемлекет құрудың ұзақ мерзімді моделін қалып­тас­тырған ашық әрі маңызды диалог қызметін тиімді атқарды. Ал алқалы жиынды еліміздің әр өңірінде өткізу туралы шешім тек тарихи жадымызға деген құрмет қана емес. Сонымен бірге күн тәртібіндегі жалпыұлттық мәселелерді аймақтардағы белсенді азаматтармен бірлесе талқылауға, халқымыздың бірлігін нығайтуға жол ашқан  маңызды қадам болды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік қызметіне кіріскен күннен бастап жұрт­шылықпен ашық диалогқа басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысының алғашқы ше­шімдерінің бірі ретінде ел тағдырына бейжай қарамайтын сарапшылар мен азаматтарды біріктірген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы – соның айқын көрінісі. 

Президент бастап берген қоғамдық диалогтың аясы кеңейіп, уақыт өткен сайын жетіліп, әрдайым жаңа деңгейге көтеріліп отырды. Сонымен қатар азаматтардың ел болашағына атсалысуға деген ынтасы мен белсенділігін арттыра түсті. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы бесінші Құ­рылтайда қоғам мен билік арасындағы ашық диалогқа жоғары баға беріп, келешекте оны конституциялық деңгейге көтеруді ұсынды.Бұл – алты жыл бұрын бастау алып, қо­ғамды ел басқару ісіне кеңінен тартуға бағытталған саяси реформалардың заңды жалғасы.

Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының орнын басатын Халық Кеңесі өзге де маңызды функциялар атқарып, мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығының кепіліне айналуға тиіс. Сондай-ақ ол көпұлтты әрі көпкон­фессиялы Қазақстан халқы үшін өз мүддесін білдіретін және қорғайтын жаңа да салмақты құрал қызметін атқарады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бір палата­лы Парламентке көшу мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл орайда еліміздің дамуы үшін аса маңызды жайт алдын ала жарияланып, кейінгі алты ай бойы кеңінен талқыланғанын тағы да атап өткен жөн.Оған қатысты ұсы­ныстарын білдіруге тек Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері ғана емес, қарапайым азаматтар да мүмкіндік алды.Парламент депутаттары да белсене атсалысқан бұл жұмысқа Президент жоғары баға берді.

2022 жылы конституциялық реформадан бастау алған өзгерістер Парламент өкі­леттіктерін айтарлықтай күшейте түскенін ерекше атап өткім келеді. Осы аралықта біз Мемлекет басшысы айқындаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» фор­муласының түпкілікті жүзеге асуына жүйелі түрде қадам басып келеміз.

Парламентті одан әрі нығайтуға бағыт­талған жаңа бастамалар заң шығарушы органның өкілеттігін бұрынғыдан да кеңейте түседі. Тек партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы Парламент түрлі идеологиялық платформа мен сайлаушылар мүддесінің жүйелі түрде ұсынылуы арқылы қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады.

Алты партиялық фракцияның белсенді жұмысы заң жобалау үдерісі мен парламент­тік пікірталастың мазмұнын әлдеқайда кү­шейткенін Мәжілістің сегізінші сайланы­мының тәжірибесі көрсетіп отыр.

Әлем тарихында қос палаталы құрылым­нан саналы түрде бас тартып, бір палаталы Парламентті таңдаған елдер аз емес. Бұл көбіне заң шығару үдерісін жетілдіруге және шығындарды қысқартуға ұмтылатын унитар­лы мемлекеттерге тән. Жалпы алғанда, ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әлемдегі барлық ұлттық парламент арасында бір палаталы парламенттердің үлесі тұрақты түрде өскені байқалды.

Қазір бір палаталы жүйе ұлттық пар­ламенттердің шамамен 60 пайызын құрайды.Осылайша, бір палаталы Парламент – біз секілді унитарлы мемлекеттер үшін ха­лықаралық стандарттарға толық сай келетін, уақытылы жасалған қадам. Парламенттің жаңа атауына қатысты Президент ұсынысы да ерекше назар аударуға тұрарлық.

Парламент – демократияның өзегі.

Ал Құрылтай қазақ халқы үшін ежелден дала даналығы мен әділдіктің символы, ел тағдыры бірлесе шешілетін жер болған.

Қазақстан Парламентін «Құрыл­тай» деп атау – ата-баба тарихына құрмет көрсету және дәстүр сабақтастығын сақтау деген сөз.Мемлекет басшысының Вице-президент институтын енгізу жөніндегі ұсынысы да – прогрессивті идея. Конституция бойынша, бұл – елдегі екінші тұлға. Ол мемлекеттің саяси бағытын толық жүзеге асыруға жауапты болады. Осы бірегей әрі батыл шешім Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекетті демократиялық қағидаттар негізінде құру принципін берік ұстанатынын айқын дәлелдейді.

Мұндай ұстаным қазақстандықтар мен халықаралық қоғамдастыққа Президент саясатының өзегінде мемлекеттік билік вертикалінің тұрақтылығы мен айқынды­ғы тұрғанын анық көрсетеді. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы күн тәртібінде тұрған барлық негізгі мәсе­лені қамтыды. Атап айтқанда, салық кодек­сі мен цифр­ландырудан бастап, экология, денсаулық сақтау, білім беру, инфра­құ­рылымды дамыту, жастарды қол­дау, сыртқы саясат, патриотизм және резонанс тудырған қылмыстармен күреске дейінгі жайттарға назар аударылды.Сол арқылы Президент қоғамды толған­дыра­тын мәселелерді терең білетінін және оларды шешудегі жүйелі көзқарасын тағы бір мәрте аңғартты.

Айта кету керек, жыл басынан бері Пре­зидент халыққа екінші рет бағдарламалық сөз арнап, бүкіл мемлекеттік аппарат пен қоғам жұмысына жоғары қарқын мен нақ­ты бағыт беріп отыр. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында осындай үндеулердің жиі жасалуы қоғамдық көңіл күйді тұрақ­тан­дырып, Мемлекет басшысының ел бола­шағына деген шынайы алаңдаушылығын айғақтайды.

Жалпы, бір палаталы Парламент, Халық Кеңесі және Вице-президент институты – Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында қабылданғалы отырған аса маңызды шешімдер.

Мән-мазмұны жағынан олар бүкіл саяси жүйені түбегейлі жаңғыртып, жаңа заманауи мемлекет құру дәуіріне жол ашады. Аталған кезеңде Тәуелсіздікті тұғырлы ету мемлекеттің басты құндылығы әрі Президент жүргізіп отырған барлық реформаның бұлжымас бағдары болып қала бермек.