Тіс ауырғанда, шыбын жанды шүберекке түйіп, дәрігер іздеп сабылып кететініміз рас. Ал балалардың тісі ауыр­са, мәселе тіпті қиын.
Бала еміне бақылау жоқ
коллаж: Елдар ҚАБА
214
оқылды

Алайда елорданың тап іргесінде орналасқан Ақмола облысының өзі дәл осы балалар тісін емдеуде қордаланған ахуалдан көз аша алмай келеді. Мемлекеттік бюджеттің бүйірінен аталған салаға миллиардтар бөлінгенімен, іс жүзінде балаларды емдеуге жетпей жатқаны алаңдатады. 

Өңірде жақында ғана әлеу­меттік саладағы бірнеше ми­нистрлік өкілі келіп, ай­мақтағы талайдан бері былыққа белше­сінен батқан мәселелер түгелдей жіпке тізілді. Әсіресе, медицина саласындағы халық­тың ондаған жыл бойы шым­байына батып, ащы жанай­қа­йын тудырып келген жайттар аса көп екені тұтас әлеуметке аян болды. Денсаулық сақтау министрі Ақ­марал Әлна­за­ро­ваның жария еткен деректерінен бюджет қор­жынынан бөлінген мил­лиард­тардың іс жүзінде халыққа ти­гізген пайдасы аздау екенін аң­ғару қиын емес. 

Министрдің келтірген де­рек­теріне сенсек, Ақмола облы­сында медицина саласында 2026 жылға арналған конкурс қоры­тындысына сәйкес, бақандай 5,7 миллиард теңге орналасты­рыл­­маған болып шықты. Оның ішінде, тікелей стоматология­лық көмекке бағытталған 99 миллион теңге мүлде игерусіз қалғаны анықталды. Бұған осы­ған дейін келісімшартта болып келген бес бірдей жекеменшік стоматологиялық кабинеттер мен ұйымдар конкурсқа қатыс­пай қалуы себепкер болған. Министрлік ресми түрде өңір­дегі стоматологиялық ахуалдың тым төмендігін мойындап, ха­лыққа қолжетімділігі азайғанын алға тартты. 

Ал бұл миллиондар мен мил­лиардтардың артында жай ғана қаражат мәселесі емес, мың­даған баланың дер кезінде сапалы стоматологиялық көмек ала алмағаны тұр. Медициналық сақтандыруға жалақысын ай сайын төлеп тұрғанымен, амал­сыз бағасы шарықтап тұрған ақылы клиникаларға жүгінеді. Бұл – облыс орталығындағы жағдай. Ал шалғайдағы ауыл балаларының дер кезінде ем жасап, тісін сақтап қалу мүм­кіндігінен мүлде айырылатыны айдан анық. 

Жауаптылар жауап беруден жалтарды

Түйткілді мәселе жөнінде об­лыстық Денсаулық сақтау бас­қармасының жоба-жоспа­рын білмек мақсатта сауалда­рымызды жолдадық. Бірақ ұсы­нылған жауап толыққанды тү­сіндіруден гөрі, жалтарма жа­уапқа көбірек ұқсады. 

Басқарманың мәліметтеріне сенсек, қағаз жүзіндегі ахуалдың бәрі мінсіз сияқты көрінеді. Он сегіз жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жоспарлы стома­то­логиялық көмекті тегін ала алады делінген. Рентген, плом­ба, анестезия, күрделі және жай тіс жұлу қызметтері бар деп көрсетілген. 

Алайда нақты сұрақ қо­йыл­ған сәтте жүйе мүдіріп қалады. Ақмола облысында балаларға тегін стоматологиялық көмек көрсететін мемлекеттік ұйым­дардың саны сұралғанымен, нақты жауап берілмеді. Кейінгі үш жылда қанша мемлекеттік балалар стоматологиясы каби­неті жабылғаны туралы қо­йылған сауал да жауапсыз қал­ды. Берілген жауапта бала­лар­дың кезек күту уақыты туралы нақты күн де, апта да айтыл­майды. Жауаптар нақты саннан емес, жалпылама сөйлемдерден тұрады. Бұл басқарушы орган­ның өз жүйесінің нақты ахуалын толық білмейтінін немесе ашық айтуға дайын емес екенін көр­сеткендей болды.

Баланың тісі ауырғанда, қа­ғаздағы кепілдік емес, нақты қа­былдау уақыты, дәрігердің қол­жетімділігі, сапалы ем қажет. Ал шынайы өмірде ата-аналар апталап кезек күтеді. Кейде тұтас бір емханада ар­найы маман жоқ деген де жауап ала­ды, кейде құрал-жабдықтың жеткіліксіздігіне тап болады. Соңында амалсыздан ақылы жеке клиникаларға жүгінетіні ақиқат. 

Ресми органдар мұны ата-аналардың «ыңғайлылықты таңдауы» деп түсіндіреді. Бірақ, шын мәнінде, бұл – таңдау емес, мәжбүрлік. Мемлекеттік сек­­тор­да маман жетіспейді. Бала­ларға бейімделген заманауи әдістер, седация, психология­лық қолдау толық дамымаған. Сондықтан ата-ана баласының ауырсынуын тоқтату үшін қал­тасындағы соңғы тиынына дейін жұмсауға мәжбүр.

Министр баяндамасында айтылған тағы бір дерек, жағ­дай­дың қаншалықты күрделі екенін айғақтап берді. 2025 жылы медициналық ұйымдар 2,2 миллиард теңгені игермей, мемлекетке қайтарған. Оның ішінде, 0,7 миллиард теңге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, ал 1,5 миллиард теңге МӘМС бойын­ша толықтай игерілмеген күйі бюджетке кері қайтарылған. Ең көп игерілмеген қаржы кон­сультативтік-диагностикалық қызметтерге тиесілі болып шық­ты. Яғни, аурудың алдын алу­ға бағытталған қомақты қа­ражат халыққа пайдасын тигізе алмаған. Қайтарылған қара­жаттың ішінде профилакти­ка­лық тексерулер, ересектер мен балаларға арналған скри­нинг­тер, мобильді медициналық ке­шендер және стоматология­лық қызметтер де бар. Яғни, ақша жетпегендіктен емес, жүйе жұмыс істей алмағандықтан, балалар тегін көрсетілетін қыз­меттен құралақан қалған.

Бұл басқару дағдарысының айқын көрінісі екені сөзсіз. Қаражат бөлінеді, қажеттілік те, медициналық көмекке мұқтаж халық та бар. Алайда қызмет то­лық көрсетілмейді. 99 мил­лион теңге игерілмегені – қар­жылық мәселе ғана емес, мың­даған баланың уақытылы сто­­ма­тологиялық көмек ала ал­мауының көрінісі.

Ауылдық жерлердегі ахуал

Ауылдық жерлердегі жағдай одан да ауыр екені даусыз. Кейбір елді мекендерде балалар стоматологиясы мүлде жоқ еке­ні жанама түрде мойында­лады. Басқармамен ұсынылған жа­уапта көмек аудан орталықтары немесе көшпелі мобильді бри­гадалар арқылы көрсетілетіні жазылған. Бірақ мобильді бри­гада – жүйелі медицинаның орнын баса алмайтын уақытша шара ғана екені айдан анық. Ауылдағы бала үшін профи­лак­тика, жоспарлы ем, ортодонтия, заманауи стоматологиялық қызметтер қолжетімсіз күйінде қалып отыр. Ауыл баласы көп жағдайда стоматологқа тек тісін жұлу үшін ғана барады.

Мұндай жағдайда профи­лактика әлсіз, статистика толық емес, нақты динамика бақы­лауға алынбаған. Кариес, пе­рио­донтит, тіс жұлу көрсет­кіш­тері туралы соңғы жылдарға қатысты ашық деректердің болмауы жүйенің өз нәтижесін өлшемейтінін көрсетеді.

Кадр тапшылығы да балалар стоматологиясын тұйыққа тіреп отыр. Балалар стоматолог­та­рының жетіспейтіні ресми түрде мойындалғанымен, нақты тап­шылық көлемі, қанша маман жеке секторға кеткені, мемле­кеттік сектордағы орташа жала­қы мөлшері ашық айтылмай отыр. Нәтижесінде, тәжірибелі дәрігерлер жекеменшік клини­каларға ауысады. Ал мемле­кет­тік балалар стоматологиясы жас мамандар үшін тартымсыз са­лаға айналып барады.

Ақмола облыстық Ден­сау­лық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің БАҚ ө­кілдеріне берген сұхба­тында келтірген деректеріне сенсек, Көкшетау, Степногорск қалаларында мемлекеттен бөлі­нетін қаражаттан бас тартқан жекеменшік стоматология­лар­дың орнына тегін жоспарлы стоматологиялық көмек бір­не­ше емхананың еншісіне тигені ай­тылады. Алайда олар­дың іс жүзінде қаншалықты тісі ауыр­ған елді қабылдауға әзірлігі, кадр­лардың сәйкестігі, құрал-жаб­дық­тардың толық­тығы жөнінде еш мәлімет жоқ. Бұл туралы ұсынылған жауапта да еш мә­лімет болмай шықты. 

P.S.                              

Ақмола облысындағы балалар стоматологиясының бүгінгі көрінісі көңіл көншіт­пейді. Іс жүзінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген миллиард­тар игерілмейді, конкурстарға жеткізушілер қатыспайды. Осының салдарынан қызмет көлемі қысқарып, ауыл баласы толыққанды тегін медициналық стоматологиялық көмектен қағылып отыр. Жарғақ құлағы жастыққа тимеген ата-ана ақылы секторға тәуелділікке тап болған. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы