Кейбір актерлер болады, уақыт өткен сайын олардың есімі сирей бермейді, керісінше қайта-қайта еске түседі. Себебі олар бір кезеңнің ғана емес, кейінгі уақыттың да қызығушылығын тудыра алады. Мұндай жағдайда әңгіме тек ойнаған рөлдер туралы емес, сол рөлдерден қалған әсер туралы жүреді. Яғни, актердің өзі сахнадан (кадрдан) кетсе де, оның бейнесі көрермен жадында сақталып қалады. Нұрмұхан Жантөрин – қанша уақыт өтсе де ұмытпауға тиіс актерлердің бірі.
Нұрмұхан Жантөрин 1928 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Оның өнерге келуі бірден қалыптасқан жол емес. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыға келіп, алдымен киномеханиктер дайындайтын оқу орнына түсіпті. Кейін оның бойындағы актерлік қабілетті байқаған ұстаздардың ықпалымен бағытын өзгертіп, актерлер даярлайтын мектепке ауысады. Осыдан кейін Ташкенттегі театр өнері институтының актерлік факультетіне қабылданып, кәсіби білім алады. 1952 жылы оқуын аяқтап, сол жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына жұмысқа орналасады. Осы кезеңнен бастап оның сахнадағы тұрақты қызметі басталады. 1952-1967 жылдар аралығында ол театр сахнасында жұмыс істеп, актер ретінде қалыптасады. Бұл уақытта ол әртүрлі драмалық рөлдерді орындап, тәжірибе жинақтайды. Кейін 1967 жылдан бастап кино саласына ауысып, «Қазақфильм» киностудиясында актер ретінде қызмет етеді. Бұл кезеңде ол көптеген көркем фильмдерге түсіп, экран арқылы кең аудиторияға танылады.
Бұл екі өнер туралы Нұрағаңның қызықты ойы бар. Мысалы, Сауытбек Абдрахмановтың «Өнер өлкесі» (Нұр-Сұлтан, 2019) еңбегінде Нұрмұхан Жантөринмен 1979 жылғы сұхбаты берілген. “Социалистік Қазақстан” басылымының 8 ақпан күнгі шығарылымында ойын келесідей айтқан екен:
… Театрдан ауысқалы бері де он екі-он үш жыл өтіп кетті, бұл кезеңде киноға түстім, кино түсірдім, өйткені бірде-бір рет сахнаға шыққан емеспін. Кинематограф та, театр да жұртшылық жүрегіне түптеп келгенде актер өнері арқылы жетеді десек те, түсіру алаңы мен сахнаның айырмашылықтары көп-ақ: кинода әр көріністі талай рет қайталай ойнауға, кеміс тұсын толықтыруға болады, ал сахнада олай ете алмайсыз, бәрі де сол сәтінде, сол күйінде қабылданады; бірақ оның есесіне фильм лентасы актерді бір қалыпта қалдырады да, театр сахнасы спектакль сайын ысылуға, образ трактовкасын тереңдете, түрленте түсуге мүмкіндік береді.
Н.Жантөриннің кинодағы алғашқы жұмыстарының бірі – 1950 жылғы «Алитет тауға кетеді» фильмі. Кейінгі жылдары «Дала қызы», «Салтанат», «Ертіс жағасында», «Аптап», «Жәмила», «Құлагер», «Атаманның ақыры», «Құрманғазы», «Сұлтан Бейбарыс» сияқты фильмдерде ойнайды. Бұл оның кино саласында да тұрақты жұмыс істегенін көрсетеді. Сонымен қатар ол театр сахнасында Қодар, Кебек, Яго, Мольер, Дон Жуан сияқты күрделі образдарды сомдаған. Бұл рөлдер оның ұлттық драматургиямен қатар әлемдік классикаға да барғанын көрсетеді. Ол тек актерлікпен шектелмей, режиссерлік қызметке де қатысқан. Ол Цой Гук Инмен бірге «Орман балладасы» (1972), Н. Жайнақовпен бірге «Медальдың үшінші жағы» (1976) фильмдерін қойған.
Көзкөргендердің айтуынша, Тверь қаласында өткен «Созвездие–90» фестивалінде арнайы марапат алғаннан кейін, қарапайым көрермен оны «Сұлтан Бейбарыс келе жатыр» деп қарсы алып, ду қол шапалақтаған екен.
1988 жылы қайтадан театрға оралып, өмірінің соңына дейін сол жерде жұмыс істейді. Нұрмұхан Жантөрин 1990 жылы Алматы қаласында қайтыс болады.

"Шоқан Уәлиханов" (1957) фильмі
Сахна мен типаж. Нұрмұхан Жантөриннің шығармашылығын түсіну үшін оның орындаған рөлдеріне қарау жеткілікті. Деректер оның тек бір бағытпен шектелмегенін көрсетеді. Театр сахнасында ол ұлттық драматургия мен әлемдік классикаға қатар барған, күрделі психологиялық образдарды орындаған актер болды. Кино саласында да тарихи тұлғалар мен замандас кейіпкерлерді сомдап, әртүрлі деңгейдегі образдарға барғаны көрінеді. Осы рөлдерге қарап, оның сахнадағы және экрандағы типажы да айқындалады.
Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің «Шер (Шымылдықтың ар жағы мен бер жағы)» еңбегінде (Алматы, 2013) Нұрағаңның сахнадағы болмысын былай сипаттайды:
«Қазақ актерлерінің марқасқа өкілі, тұрмысы мен табиғаты бөлек, шеген өнерлі, шерлі тағдырлы Нұрмұхан Жантөрин жайлы сыр шертерде санаға шым-шымдап алдымен осы ойлар оралады. Шеген өнерлі дейтінім, Жантөрин – Жаратушының назары түскен тума талант, арқалы, арлы актер. Актер өнері ұлт пен оның қанатты табиғатының қанатты рухының мысалы десек, бұл кісінің өнердегі орны халқымыздың қаны сүйілмеген қаймақты менталитетімен тығыз байланысты, тар жол, тайғақты тағдырымен тура пропорционалды. Сондықтан да өнерде бақытты деген ұғым болса, бұл кісі актер ретінде осы ұғымға толық сай, сахна мен экранда жолы болған, өнер әлемінде бағы жанған, елінің көзайымына айналған. Өйткені әрбір рөлі халық жадында, сол халықтың өткені мен кеткенінің, бары мен жоғының, тапқандары мен жоғалтуларының іздері актердің Азиядан басқа құрлықпен еш шатыстырмайтын бет-әлпеті мен сол құрлықты мекендеген тек ұлылардың түгел қасиетін аңғартып тұратын мұңды көзқарасында, ғасырлар астынан естіліп тұрғандай көрінетін шұрайлы, қазақи қоңыр үнінде жатқандай. Ол ойнаған кейіпкерлердің барлығы дерлік көрермен көңіліне тайғақтамай қонақтаған көк кептерлер сияқты, өйткені оларды ұлт табиғатынан ажырата алмайсың, іздегенің, жоғың табылып, жаны жай тапқан, алаң жүректің ең асыл түкпіріне барып орныққан, шөлің қандырған мамыражай мауық іспетті».
Бұл үзінді жоғарыда айтылған деректерді нақтылай түседі. Яғни, актердің типажы тек орындаған рөлдерімен емес, оның сыртқы келбеті, дауыс мәнері және көрерменге қалдырған әсері арқылы қалыптасқан.

"Атаманның ақыры" (1970) фильміндегі образ
Деректерді қарап отырсақ, Нұрағаңның өз ұстанымын да айқын көрсете білген. Жоғарыда деректерін келтірген Сауытбек Абдрахманов жасаған сұхбатта келесідей айтқан екен:
«Айтпағым: декорация да, жарық та, музыка да, тіпті режиссура да – тек актерлік ансамбльдің көмекші құралдары ғана. Сахнада ең бастысы – актер, дұрысырақ – адам, соның ой-сезімі, толғаныс-тебіренісі, қиналыс-қуанышы. Сахна – режиссердікі де, суретшінікі де, композитордікі де, жарық түсірушінікі де емес, актердікі».
Бұл сөздерден Нұрағаңның театрды қалай түсінгені анық көрінеді. Ол сахнаны сыртқы формаға емес, адамның ішкі күйіне құрылған кеңістік деп қабылдаған. Яғни, оның түсінігінде актер жай мәтінді орындаушы емес, сахнадағы негізгі тұлға. Осы ұстаным оның шығармашылық жолымен де сәйкес келеді. Ол таңдаған рөлдер де, көбіне барған образдар да адам мінезін, ішкі тартысты, салмақты болмысты ашуға құрылған. Сондықтан бұл пікірді жай сұхбаттағы бір ой емес, Н. Жантөриннің актерлік көзқарасын жинақтап тұрған тұжырым деуге болады.
Нұрмұхан Жантөриннің өмірден өткеніне 36 жыл өтсе де, оның есімі қайта-қайта айтылып, рөлдері еске алына береді. Бұл кез келген актерге бұйыра бермейтін нәрсе. Уақыт өткен сайын ұмытылмай, керісінше қайта оралып отыруы оның өнерінің ұзаққа жететінін көрсетеді.
Осы тұрғыдан қарағанда, оның шығармашылық жолындағы ең ірі экрандық жұмыстарының бірі – «Сұлтан Бейбарыс» образы. Бұл рөл оның актерлік мүмкіндігін толық ашқан жұмыстардың қатарында аталады. Бірақ осы тұста бір сұрақ туындайды: Нұрмұхан ата, Сұлтан Бейбарыс сіздің ең биік шыңыңыз болды ма, әлде әлі де алда тұрған белестер бар ма еді?
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
