Міне, жыл басы саналған – Тышқан жылы күнтізбемізге кірді. Біздің халқымыз ежелден ай күнтізбесімен күнелткен. Бағзыдағы Майя календары он үш айдан тұрады. Қазақтың жыл санау, жыл қайыру дәстүрі де осы он үш айға есептелген.
Халықтық жыл санау есебінің нобайын VІІІ ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінен кездестіруге болады. Бұл тарапта ХІ ғасырда өмір сүрген атақты ғалым Махмұт Қашқари мұрасы да көп сырды қойнына бүгіп жатыр.
Әйгілі «Шипагерлік баянның» авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Сумақы (тышқан). Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы харакеті көп, суыққолдылығымен қарақшылық жегіштігі мол, дәулет жиғыштығы күшті. Әлдіден қорыққыш, әлсізді басынғыш, һалал, һарам шикілі-пысылы талғаусыз жегені ас болатын, өсексіз болса да ұластырмалы айласымен елді шулатқыш, қырқыстырғыш. Ар-ұяты аз, шімірікпес, лыпылдаған сайқал, күлді-көмеш қулықтар мінездемелік әйгіленшілер көбірек болмақ» деп жазыпты.
Жыл санау мен жыл қайырудың басы тышқаннан басталады. Қазақта жыл қайыру, яғни санау 12 жылдан тұрады, яғни 12 жыл бір айналым жиынтығын құрайды. 12 жылға 12 жан-жануардың аты қойылған: 1.Тышқан, 2.Сиыр, 3.Барыс, 4.Қоян, 5.Ұлу, 6.Жылан, 7.Жылқы, 8.Қой, 9.Мешін, 10.Тауық, 11.Ит, 12.Доңыз.
Бір аңыздан «Шығыс күнтізбесіндегі жыл қайыру аспанасты Түрік елінің ең бірінші ханы Қисаға-Тәңірдің кең көлемдегі аң аулау кезінде барлық аңдар қашып, судан жүзіп өтіп құтылуды ойлапты. Содан Іле өзенінен төмендегі тәртіппен жүзіп өтіпті. Бірінші болып суға тышқан, оның артынан сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, ең соңынан доңыз жүзіп өтіпті. Осы рет саны шығыс күнтізбесінде күні бүгінге дейін сақталып қалған» деген деректі ұшыраттық.
Халықтың ырым-нанымы ғасырлар бойы жинақталған. Әр жылға сипаттама беріп, болжам жасайды. Мыңдаған жыл бойы түзілген жыл қайыру үрдісі үміт пен сенімге негізделеді. Жалпы, қазақтар тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған, бұл жылда жұрт молшылық пен береке, бейбітшілік пен тыныштық болады деп есептепті.
Қазақ хандығы 1456 жылы, яғни тышқан жылы құрылғаны белгілі. Қанжығалы Бөгенбай батыр 1684 – тышқан жылы туған екен.
Осы заманғы астролог мамандар тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие болатынын айтады. «Әділ, кеңпейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныстары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмағанымен, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Үсті-басын таза ұстап, сақ жүреді. Той-думан, ырду-дырдудан бойын аулақ салуға тырысады. Мінезі – тәкаппар, сәл нәрсеге өкпелегіш. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін» деген байлам жасайды астрологтер. Жылдың өзіндік ерекшеліктері де бар. Тышқан жылы – береке мен ырыстың, татулық пен тыныштықтың жылы. Табиғи белгісі – су. Бұл жылы туғандардың жаман жағы – қызғаншақ, сатқын, кейде шыдамсыз, қырсықтау болып келеді екен.
Мәшһүр Жүсіп наурыз шежіресін сонау Нұх пайғамбардың заманынан бастау алады деп, мынандай дерек келтіреді: «Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі-ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазығұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан тышқандай сүмірейіп шыққан соң тамақтарынан ас жүрмеген. Енді біз тірі болғанда неменеге жараймыз деп уайым-қайғы да болған. Сонан соң бір үйретуші табылып, арақ жасап ішкен. Арақ ішкен соң: «Ішкен мас, жеген тоқ, уайым да жоқ, қайғы да жоқ» бұрынғы күннің жаманын, жақсысын ұмытқан. Өздерінің аман қалғанына қызық, мереке, той жасаған. Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда, «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол Самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты, жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен наурыздың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұп-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген».
Тышқан жылының дүбірі басталды. Әз-Наурыз есік қағар күн алыс емес. Жұртшылық Наурызды «Көрісу» күнінен бастап кетті. Алайда биылғы Наурыз айы елді алаңдатып тұр. Коронавирус дерті әлемді жайлап барады. Әлем қазір адамзаттың амандығы үшін күресіп жатыр. Тышқан жылы келгенде жазғытұрым жауын-шашын мол болып, мал тоқ болады. Малға жайлы болады. Қыста қар қалың болмайды. Еңбек еткен адамдардың жағдайы жақсы болады деседі. Бүгінгі ауыртпалықтың бәрі артта қалып, ел еңсесін тіктейтін, молшылық болатын жыл есік қақсын деп тілейік!