Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзі еліміздің саяси жүйесін түбегейлі трансформациялаудың жаңа бағдаршамына айналды.
Құрылтай – саяси жүйенің нақты демократиялануы
94
оқылды

Бұл баяндама жай ғана өзгерістер емес, Қазақстанның мемлекеттік құрылымының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуін айқындап берді. Реформаның өзегі –  Парламенттің рөлін күшейту және оны халықтық биліктің шынайы институтына айналдыру. Бір палаталы Парламентке көшу және оны халқымыздың төл тарихындағы қастерлі ұғым – «Құрылтай» деп атау туралы ұсыныс, билік пен қоғамның арасындағы алтын көпірді қайта қалпына келтіреді. 

Бұл реформа Парламенттің заң шығару қызметін де түбегейлі өзгертеді: ендігі жер­де заң жобалары үш кезеңнен тұратын жаңа процедурамен – алдымен жалпы мақұлдау, сосын өзгерістерді бекіту және соңғы кезеңде қабылдау арқылы өтпек. Мұндай тәсіл қабылданатын заңдардың сапасын арттырып, әрбір норманың жан-жақты сарапталуын қамтамасыз етеді. Осылайша, Парламент қызметін қайта құру арқылы мемлекеттің институционалдық тұғыры нығайып, «Күшті Президент –  ықпалды Парламент –  есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген орнықты саяси жүйе толыққанды қалыптасады.

Парламенттік реформаның тағы бір маңызды қыры –  депутаттық корпустың жасақталу принципі. Президенттің өз квотасынан және Қазақстан халқы Ассам­блеясының арнайы квотасынан бас тартуы мемлекетті демократияландыру жолындағы теңдессіз ерік-жігердің көрінісі болып табылады. Ендігі кезекте депутаттар тек қана бәсекелестік негізде, ортақ тәртіппен сайланады. Бұл ретте мандат санының 145-ке дейін оңтайлануы мен комитеттер санының сегізден аспауы –  Парламенттің кәсібилігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Реформа заң шығарушы органға мемле­кеттік маңызды құрылымдарды бақылау құзыретін де береді: Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау, тіпті Жоғарғы сот судьяларын сайлау енді тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылады. Бұл «тепе-теңдік пен тежемелік» жүйесін нақты іске қосып, Парламенттің саяси салмағын арттыра түседі. Сонымен қатар Вице-президент институтының енгізілуі мен Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы билік иерархиясын тұрақтандырып, халық пен билік арасындағы диалогтың жаңа трибунасына айналмақ.

Бұл ауқымды реформалар жиынтығы, шын мәнінде, жаңа Конституция қабыл­даумен пара-пар қадам. Біз Әділетті Қа­зақ­станның іргетасын бірге қалап, мем­лекеттіліктің жаңа деңгейіне қадам басып отырмыз. Сондықтан бұл стратегиялық бастамалардың ел игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін.

Мейіргүл ЖЕТПІСБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға

оқытушысы, филология ғылымдарының

докторы