Жасанды контент жауапкершілік жүктейді

Жасанды интеллектімен жасаған контентті шынайы бейнеден айыру қиынның қиыны. ЖИ-дің қолынан келмейтіні жоқ.

Мультфильм де, портрет те жасайды, тіпті бұрын болмаған шындықты көз алдыңа әкелуге қауқарлы. «Жасанды бейне дауысым мен түрімді көшіріп, жалған ақпарат таратама» деп қорқасың. Тіпті, жасанды интеллект жасаған туындыны «шындық» деп сенген кезіміз де болды. Осыған орай, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда жасанды интеллект арқылы жасалған кез келген контент арнайы белгімен жариялануы тиіс» деген заңға қол қойды. 16 қаңтардан бастап жаңа ереже күшіне енді.

Биылдан бастап елімізде жасанды интеллект арқылы жасалған кез келген контент арнайы белгімен жариялануға тиіс. Бұл талап «Жасанды интеллект тура­лы» заңда бекітілген. Жаңа нормаға сәйкес, сурет, видео, аудио немесе мәтін – егер ол жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген болса, пайда­ланушы бұл туралы анық әрі түсінікті түрде ескертуі қажет. Яғни, енді интер­неттегі кез келген материалдың артында адам тұр ма, әлде алгоритм бе оны жасыруға болмайды.

Дипфейкке жол жоқ

Заңда «жасанды интеллект жүйелерінің синтетикалық нәтижелері» деген ұғым бар. Бұл – нейрожелілер арқылы жасалған немесе өзгертілген суреттер, видеолар, аудиожазбалар мен мәтіндер. Әсіресе, нақты адамдардың бет-бейнесін, дауысын айнытпай салып, шын мәнінде болмаған оқиғаларды «шынайы» етіп көрсететін контентке ерекше назар аударылады. Мұндай материалдар міндетті түрде «ЖИ арқылы жасалған», «Жасанды интеллект көмегімен жасалды» деген сияқты белгімен жариялануы керек.

Белгі қойылмаса, айыппұл бар. Яғни, жаңа талапты елемеу енді жауапкершілікке әкеледі. ЖИ-маркировка талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне айыппұлдар енгізілген. Алғашқы заң бұзған жағдайда: жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге), шағын бизнес пен коммер­циялық емес ұйым­дарға – 20 АЕК (86 500 теңге), орта бизнеске – 30 АЕК (129 750 теңге), ірі бизнеске 100 АЕК (432 500 теңге) айыппұл салы­нады. Егер заңбұзу­шылық бір жыл ішінде қайта­ланса, айыппұл көлемі екі есеге жуық өседі. Ал кей жағ­дайларда жасанды ин­тел­лект жүйесінің жұ­мы­сы уақытша тоқта­тылып, тіпті мүлде тыйым салынуы мүмкін.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смыш­ляева жасанды интеллект көмегімен жасалған фото не видеоны қандай жағ­дайда таңбалау қажет екенін айтты. Сөзінше, дипфейк ұғымына қатысты сұрақтар туындаған. Депутат оның екі түрі барын айтады. Біріншісі, білім беру немесе басқа саладағы цифрлық контентте қолдану. Бұл жағдайда ЖИ көмегімен фото жасау барысында адамның келісімін алу және жеке дерек­терді қорғау туралы заң талап­тарын сақтау қажет. Екіншісі, алаяқтық және басқа да заңсыз мақсатта пайдалану. Бұл жағдайда ЖИ көмегімен жасалған өнім экономи­калық шығынға әкелді ме немесе адамның беделіне нұқсан келтірді ме деп қаралады. Әрекет түріне қарай артылатын жауап­кершілік те әртүрлі. 

– Бұл жерде ақпараттық технология­ларды пайдалану жауапкершілікті ауыр­лататын мән-жай ретінде қарастырылады. Көпшілік «фото не видеоны жасанды интеллект жүйелері арқылы өңдесем, оны міндетті түрде таңбалауым керек пе?» деп сұрап жатыр. Заңда таңбалауға қойылатын талаптарға мұқият қарау керек. Ол жерде, шын мәнінде, болмаған оқиғаны болғандай етіп көрсеткен жағдайда таңбалау қажет. Демек, ойдан шығарылған видео, фотоны таңбалау міндетті, – дейді депутат Екатерина Смышляева.

Депутаттың пікірінше, келешекте дипфейкке қатысты қылмыстық кодекске де жауапкершілікті ауырлатуға қатысты өзгерістер енгізіледі.

ЖИ контентке сұраныс жоғары

Айта кету керек, Қазақстан – мұндай заң жобасын қабылдаған алғашқы елдердің бірі. Оның үстіне, қазірдің өзінде бірқатар платформа сурет пен бейнежазбаларға автоматты түрде арнайы белгі қоя бастаған. Бұл жаңа талаптың іске асуы техникалық тұрғыдан мүмкін екеніне, әрі таңбалаудың қалыпты тәжірибеге айналарына сенім ұялатады. 

– Жақында цифрландыру бойынша жаңа заң күшіне енді. Енді жасанды интел­лектімен контент жасайтын адамдар оның ЖИ екенін ескертпесе, заңды тұрғыда жауапқа тартылуы мүмкін. Қазір жасанды интеллектіні қолдану бойынша курс сататын адамдар көп. Онлайн платформадағы контент пен ақпарат таратудың сапасы осы заңнамалардың арқасында өседі деген ойдамын, – дейді PR маман Дина Ораз.

Көпшілікті мазалайтын басты сұрақ – «қарапайым қолданушы жауапқа тартыла ма?» деген мәселе. Уәкілетті министрліктің түсіндіруінше, көп жағдайда пайдаланушы кінәлі болып саналмайды.

Жауапкершілік ең алдымен жасанды интеллект жүйесінің иесіне немесе оны басқарып отырған компанияларға жүк­те­леді. Яғни, нейрожеліні жасап, қыз­метін ұсынатын платформалар не­гізгі бақылауда болады. Еске сала кет­ейік, қазірдің өзінде көптеген ірі ЖИ-сервис­тер автоматты түрде логотип немесе арнайы белгі қоя бастады. Билік өкіл­дерінің айтуынша, болашақта бұл талап барлық жасанды интеллект плат­фор­маларына ортақ стандарт­қа айналуы мүмкін.

Қазір тойға шақыруды, әлеуметтік роликтерді ЖИ арқылы жасау трендке айналып кетті. Тіпті, білім, меди­цина саласындағы мамандар тек жасанды интеллектпен жасалған контентті таратып жүр. Сұраныс бар жерде ұсыныс та пайда болған. Нарыққа ЖИ контентмейкерлер қосылды. Солардың бірі – Мәншүк Әділхан. 

– Жасанды интеллектімен жасалған контентті көбіне инстаграмм желісіне жариялаймыз. Инстаграмда «ЖИ арқылы жасалды» деген арнайы батырма бар. Соны міндетті түрде басу керек. Өйткені бұл заң­ды күшіне енген. Біз осы батырманы бас­қаннан кейін ғана контентті жүктейміз. Жасанды интеллект 2026 жылы пайда болған жоқ. Бұған дейін де жасанды интеллектпен жұмыс істеп жүрдік. Бірақ батырмаға дейін жасаған жұмыстарымды кейін «ЖИ арқылы жасалды» деп редак­циялап қойдым. 

Жасанды интеллектіге қатысты жаңа заң қоғамға ауадай қажет. Өйткені өзіміз де ЖИ-мен жасалған адам бейнелерін шынайылықтан айыра алмай қалдық. Тіпті, мұндай контенттерде заңға қайшы келетін кейбір дүниелер де айтылуы мүмкін. Жасанды интеллект бағдарла­малары бірнеше топқа бөлінеді. Мен қолданатын Google Labs-да 18 жасқа толмаған бала­лардың тура бейнесін жасатқызбайды. Тек қана анимацияланған мультимедиалық түрін жасауға рұқсат беріледі. Сосын Ыбыр­ай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты танымал тұлғалардың шынайы бейнесін жасауға рұқсат етілмейді. Жасанды интеллект тек өзі ойдан құрастырған об­раз­ды ғана жасауға рұқсат береді. Зорлық-зомбылыққа қатысты қан, кісен сияқты заттарды да жасауға болмайды. Әлеуметтік желі­ні балалар да пайдаланады. Сондықтан жасанды интеллектіде сүзгі болғаны дұ­рыс, – дейді Мәншүк Әділхан. 

Оның айтуынша, қазір жасанды интел­лектімен жасалған контент көп қаралым жинайды. Әлеуметтік роликтерге тапсырыс жиі түседі. Бұрын осы тақырып­тағы ролик­тер адам бейнесімен жасалса, қазір мульти­медиалық нұсқада жасалады. Және ол ақпарат адамға ұтымды жеткі­зіледі. Бүгінде медицина қызметкерлері ЖИ контентті өз салаларында жиі пайдалануда. Мысалы, «энергетикалық сусын ішпе, ол зиян» деген ойды жеткізу үшін, ЖИ адам ағзаларын сөйлетіп бейнелейді. Сонда оқырман ағзаға жаны ашып, саламатты өмір салтын ұстанудың пайдасын түсінеді. 

– Өкінішке қарай, жасанды интеллек­тімен жасаған контенттерді таратуда автор­лық құқық сақталмайды. Бір адамның жұмысын екінші адам жүктеп алып, тарата береді. Сондықтан амалсыздан жасаған видеоларымыздың сапасы құртылса да, лого­типімізді көрсетуге мәжбүрміз. Бұл – авторлық құқықты қорғау мақсатындағы іс-әрекетіміз, – дейді Мәншүк Әділхан. 

Ал жасанды интеллектімен жасалған туындының бағасы оның күрделілігіне байланысты. Мысалы, видео 30 секунд болса. Тек бір кадрда, бір кейіпкер сөйле-се – 5000-7000 теңге. Ал бір әлеуметтік роликте 15-20 кадр болуы мүмкін. Сәйкесінше, мұның бағасы 15 000 теңгеден жоғары. 

– ЖИ контент жасайтын мамандар сұранысқа ие. Болашақта да бұл қызмет танымалдылығы мен қажеттілігін арттыра береді деп ойлаймын. Менің бұл салада жүргеніме 3-4 ай болды. 2 адамнан курс алып, үйрендім. Парақшама салған кон­тенттерім көп қаралым жинап, танымал бола бастағаннан кейін тапсырыстар түсті. Дегенмен курсты да білікті эксперт­тен үйрену керек. Мысалы, менің бірінші алған курсым пайдалы болды деп айта ал­маймын. Бірақ екінші курсымда тәжіри­белік түрде көп білім алдым, – дейді ЖИ контент маманы.

Мақсат – біреу жасаған контентті «табиғи» етіп көрсету емес, керісінше оның қалай және ненің көмегімен пайда болғанын ашық айту. Жасанды интеллект мүмкіндіктері күн сайын кеңейіп келеді. Ал жаңа заң сол мүмкіндіктердің жауап­кершілікпен қолда­нылуына жол ашпақ. Ендеше Қазақстанда цифрлық кеңістікте шынайылық пен ашықтық басты қағидалардың біріне айналмақ.

Көктем ҚАРҚЫН