Туризмі теңселген аймақ

Ақмола өңірі үшін туризм ең бір өзекті салалардың бірі екені рас. Жыл санап аймақта туристердің саны айтарлықтай өсіп жатқанымен, жауапты органдар­дың салғырттығы салдарынан экологиялық ахуал­дың күрделеніп, орман-тоғайларды қоқыс басып, көлдердің ластанып бара жатқаны байқалады.

Құзырлы министрлік ту­ризм­­нің Бурабайда аса үлкен қар­қынмен дамып жатқанын жиі алға тартады. Үкімет Ақ­мо­ла облысындағы туризм сала­сын­дағы өсім айтарлықтай жо­­­­­ғарылағанын айтса, облыс­тық басқарма есебінде өсімнен гөрі «жетпей жатқаны» көп. Бі­­­рінде – табысты даму, сер­пін­ді өсім, халықаралық ілгерілеуге қол жеткізілгені паш етілсе, екін­шісінде – қаржы тапшы­лы­ғы, аяқталмаған жобалар, орын­дал­маған жоспарлар және жүйе­­­­лік әлсіздік көрініс тапқан. Сон­да Ақмола туризмі шы­ны­мен дамып жатыр ма, әлде тек есепте ғана «көркейіп» тұр ма?

Мәселен, Үкімет баян­да­­­­масында Ақмолада туристер саны 26 пайызға арт­қа­ны, қызмет көлемі 22 пайызға өс­кені жазылған. Ал облыстық бас­қарманың өз есебі бұл өсім­нің негізгі себебі туристік сер­вис­­тің сапасы емес, курорттық ай­­мақтардағы бағаның қым­бат­тауы екенін мойындайды. Бас­қа­ша айтқанда, турист көп кел­гендіктен емес, қонақүй қым­­­­­баттағандықтан табыс арт­қан. Бұған қоса Үкіметте Щу­чье-Бурабай курортты аймағы табысты дамып жатқан ұлттық туристік кластер ретінде сипат­талған. Алайда облыстық есеп бұл аймақтағы туристік сала­дағы түзету қажет мәселелердің бар екенін алға тартады. Бас­қар­ма дерегінше, 2025 жылға жос­парланған 32 жобаның тек 15-і ғана орындалған, 8 жоба мүл­де қаржыландырылмаған, ал қаржы тапшылығы 3,5 мил­лиард теңгеге жетіп жығылғаны аталады.

Президент шегелеп тап­сыр­ған міндеттерге сәйкес қа­был­дан­ған кешенді жоспар аясында инженерлік инфрақұрылым 2026 жылдың қаңтарына дейін аяқталуға тиіс болған. Бірақ об­лыстық есепке қарасақ, 7 ба­сым жоба әлі аяқталмаған, олар­ды қаржыландыру өзекті мә­селе күйінде қалып қойған. Бір жағынан Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасы, екінші жа­ғынан орындалмай жатқан мін­деттер көрініс табады. Бұл жай техникалық кідіріс емес, басқарушылық жауап­кер­ші­лік­ке қатысты күрделі сұрақтардың туындайтынын айғақтайтыны сөзсіз.

Нақты статистикаға жү­гін­сек, 2025 жылы Ақмола облы­сы­на келген шетелдік туристер са­ны – 19,6 мың адам, бұл жал­пы туристік ағынның шамамен тек 2 пайызын құрап отыр. Яғ­ни, халықаралық серпіліс ту­ра­лы айтылғанымен, өңір туризмі іс жүзінде әлі де толықтай тек іш­кі нарыққа тәуелді екені ай­қындала түседі.

Инвестиция мәселесінде де сөз бен шындықтың арасы аса алшақ. Министрлік ха­лықаралық қонақүй бренд­тері, ірі курорттық жобалар, бо­лашақтағы конгресс-ор­та­лықтар туралы айтып, аймақ ту­ризмінің жарқын келешегін си­паттайды. Ал облыстық бас­қар­­маның есебі инвестицияның не­гізінен тек Бурабай аймағына шоғырланғанын, ал Зеренді, Сан­дықтау, Ақкөл, Қорғалжын жә­не Ерейментау сияқты перс­пективалы бағыттардың әлі де екінші қатарда қалғанын айғақ­тап береді. 

2026 жылы Ақмоладағы ту­рис­тер санын 1,8 миллионға жет­кізу жөнінде Үкімет мақсат қой­ған. Шетелдік туристерді 50 мың­ға арттыру, қызмет көлемін 30 млрд теңгеге, салық түсім­де­рін 6 млрд теңгеге межелеу жос­­­­­парланыпты. Бірақ облыс­тық есептің өзі өткен жылдар­дағы жоспарлардың бір бөлігі орын­далмағанын, кейбір жо­балардың қаржыландырыл­май қалғанын көрсетеді. 

P.S. 

Ақмола облысында туризмді дамытуға жеткілікті мүмкіндік бар екені рас. Бурабаймен қатар зерлі Зеренді, Сандықтау мен Қорғалжын, Ақкөл мен Ерейментау туристерді менмұндалап тарта алады. Бірақ даму көрсеткіштері тек жарқыраған презентацияларда емес, орындалған жобаларда, жұмыс істейтін инфрақұрылымда, нақты туристік өнімдер мен ашық инвестицияларда көрінуге тиіс.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы