Президент ауыл шаруашылығын тиімділігі жоғары, өні­мі ұшан-теңіз сапалы сала деңгейіне жеткізу міндетін қой­ды.
Субсидиядағы секем
коллаж: Елдар ҚАБА
102
оқылды

Азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, отандық өнім­нің жаһандық бә­секеге қабілеттілігін арттырудың маңы­зын атап өтті. Цифр­лан­дыру­ға, ЖИ мен инно­вация­ны енгізуге, агроөнеркәсіп кешенін жаң­ғыртуға ерек­ше назар аударды. Алайда жуырда жүргізілген ау­қым­ды тексеру салада кемшіліктің көптігін әш­кереледі. Жүз­деген миллиард талан-тараж болған. Ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның халықты жұмыспен қамтуы азай­ған. Бұған не себеп?

Мемлекет басшысы өз Жол­дауын­да аг­рар­лық сектордағы тиім­ді мемлекеттік реттеу мен ба­қылаудың өте маңызды рөл ат­қа­ра­тынын нықтап еді. Алайда дәл осы жағы ақсап жатқаны анық­тал­ған. Трил­лиондар бөлінді, тәртіп қай­да? Осы сұ­рақ­­қа жауап іздеген Үкіметтің аудиті аг­ро­­өнер­­кә­сіптегі жүйелі олқылықтарды аш­ты.

Агроөнеркәсіп кешеніне соңғы екі жыл­­да 1,2 трлн теңгеге жуық мем­лекет­тік қол­­дау көрсе­тілге­ні­мен, оның едәуір бө­­лігі нақты эко­н­омикалық нәтиже бер­мепті. Қа­­ғаздағы есеп пен өмірдегі нәти­же ара­сын­дағы алшақтық тағы да күн тәр­­тібіне шықты.

Ревизорлар не қорытындыға келді?

Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тап­­­сырмаларын орындау аясында Үкімет эко­­­номиканың не­­­­гізгі салаларында қа­ра­жат­тың қан­шалықты тиімді жұм­салып жат­­­­қ­анын жүйелі түрде талдауға кірісті. Пре­­мьер-министр Олжас Бектенов жа­сан­­ды ин­теллектінің көмегімен қа­шық­тан, ақ­параттық жүйелер арқылы ІТ-ау­дит жүргізіп жат­қан мекеме – Қаржы ми­­нистр­лігінің бас­шысы Мәди Такиев­тің аг­­роөнеркәсіп кешеніне жүргі­зіл­ген тек­­серуінің алдын ала нәти­же­лері жө­нін­дегі баяндамасын тың­да­ды.

АӨК-ті қаржыландыру аудиті­нің н­ә­тижесіне сәйкес, 2023–2024 жылдар ара­лығында анықталған заңбұзу­шы­лық­тар­дың жалпы кө­лемі шамамен 300 млрд тең­гені құра­ды. Соның ішінде бюджетке ті­келей 32 миллиард теңге шығын кел­тіріл­ген. «Әр тиын бюджеттің жалғызы» бол­ған өткір бюджеттік тапшылық за­манында мұндай сан­дардың салмағы тым ауыр көрінеді. Елдің бас қаржыгерінің мәліметі бойынша, соңғы екі жылда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қол­дау ша­раларына 1,2 трлн теңгеге жуық қаражат бө­лінген. Әй дейтін әже, қой дейтін қо­жа­ның жетіс­пеуі, мемлекеттік бақы­лау­дың бол­жырлығы сол бұрынғыдай суб­си­дия­дағы «көлеңкелі схема­лар­дың» қанат жаюына септесті.

Қаржы министрі Мәди Та­киев­тің ай­туын­ша, трил­лион­даған қар­жының едәуір бө­лігі күтілетін эко­номикалық нәтиже мен халық­қа нақты пайда әкелмей жұм­сал­­ған, сайда саны, құмда ізі қалмаған. Бұ­лар бірлі-жарым оқиға емес: жөн­сіз­діктер жүйелі жолға қойыл­ған. Тексеру қо­рытындысы жүйелі си­паттағы бірқатар заң­бұзу­шы­лық­ты әшкереледі. Тарата айт­қан­да, аграршыларды субсидиялау ба­ры­сында 5,5 млрд теңгеге баға­ла­натын кө­леңкелі схемалар табы­лып­ты. Соның ішін­де 11 өңірде 1 ірі қара малдың бірнеше рет «са­ты­лып», әр жолы субсидия алуға се­­беп болғаны тіркелді. Құжат жү­­­­зінде ға­на бар «мал шаруа­шы­лы­ғының» құны 808,1 млн теңгеге жеткен.

Қаржы министрі субсидия беру ке­зін­де болған нақты заң­бұзу­шы­лық­тарға тоқ­­­­талды. Инвес­ти­ция­лық жобалар сала­сын­да да жұмбақ жайт жетерлік: төлем бар, нәтиже жоқ. Мемлекеттік бюджет кре­дит­тері есебінен жүзеге асырылған АӨК инвестициялық жобалары бойын­ша 13,3 млрд теңгенің заң­бұзу­шылығы анық­талған. Кейбір жағ­дайда мал мен жабдық мүл­де же­ткізілмеген, не жоспарланған кө­­лемнен аз жеткізілген. Біраз құ­рылыс, мон­таждау жұмыстары қа­ғаз жүзінде іске асып, ақысы тө­ле­ніп, іс жүзінде орын­дал­маған. Ау­дарылған қаражаттың қайда кет­­кені белгісіз, бәлкім, шетел асқан. 

Сондай-ақ аудит барысында мер­з­імі өт­кен, төлеуін қойған бе­ре­­­шегі және сол үшін жаңа несие алуына қолданыстағы шек­теулері бар қарыз алушыларға мик­рок­­ре­диттер беру фактілері белгілі бол­ды. Мәди Такиевтің ақпа­ра­тынша, жал­пы қары­зы 45,8 млн теңге бо­латын 25 қарыз алу­шыға 177,7 млн тең­ге көлемінде кре­дит тағы беріл­ген.

Саланы жүйелі тиімсіздік жай­лаған екен. Жыл сайын 140 млрд тең­ге бөлінетін, 3,2 мың қарыз алу­­­шыны қам­ти­тын егіс және орақ жұ­мыстарына ар­нал­ған бағ­дар­ла­малар күткен нәтижені көр­­сет­пе­ген. Ағымдағы ауыл шаруа­шы­лы­ғы жұмыстарын қаржыландыру үшін құ­рылған «Аграрлық кредит кор­по­­­ра­ция­сы» фермерлер шығы­ны­ның 70%-ына дейін жабу жөніндегі мін­детін орындай ал­май отыр. Қара­жат көптеген қарыз алу­шы­ға тым аз көлемде бөлінгендіктен, ауыл шаруашылығы жұмыстары­ның то­лық цикліне жетпей қалады.

Жүйе қайтсе түзеледі?

Анықталған заңбұзушылықтар мен бюд­жет қаражатының мақ­сат­сыз жұм­салуын ескере отырып, Үкі­­мет басшысы аг­роөнеркәсіп ке­­шенін мемлекеттік қол­даудың тиім­ділігін арттыруға бағытталған бір­қа­тар тапсырма берді. Атап айт­қан­да, бірін­шіден, Қаржы мен Ауыл шаруа­шы­лығы министр­лік­те­­ріне, жергілікті ат­қару­шы ор­ган­дармен тізе қоса отырып, төл ақ­па­­­­раттық жүйелерін өзара ин­тег­­ра­ция­лау арқылы бірыңғай цифрлық мони­то­ринг енгізу жүктелді.

Екіншіден, жауапты ұйым­дар субси­диялау жүйелерін қа­ғаз жүзіндегі көр­сет­кіш­терге емес, нақты өндірілген өнім кө­­л­е­міне бағдарлап қайта қарауға тиіс. Үшін­шіден, мемлекеттік қолдау та­лап­тары толық орындалғанға дейін суб­си­дия­лан­ған малды сату­ға жол бермейтін фор­мат­тық-ло­ги­калық бақылау тетігі қолда­ныл­­мақ. Төртіншіден, бұдан былай мем­­лекеттік кредиттерді пай­да­лану ар­қылы жүзеге асырылатын ин­вестжобалар бойынша құры­лыс-монтаж жұмыстарына мін­детті мемлекеттік сараптама жүр­гі­зіле­тін болады. Сондай-ақ Үкімет нақ­ты заң­бұзу­шылық фактілері бойынша мате­риал­дар іс жүргізу ше­шімдерін қабылдауы үшін құ­қық қорғау органдарына бері­ле­ті­ні­не сендірді. 

Сарапшылар тағы бір кемшін тұс­­қа на­зар аудартты: жыл сайын са­лаға құйы­латын ақша-инвес­ти­ция қанша өссе де, ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы жұмыс орын­дары тоқ­­таусыз құлдырап барады. Finp­rom мониторинг агенттігінің мә­ліме­тін­ше, 2025 жылы ауыл шаруа­шы­лығына са­лын­ған инвести­ция­лар 1 трлн теңгеден ас­ты. Бұл тұрғыда 2024 жылы 4,4%-дық тө­мендеуден кейін сала 23,5% өсім көр­сетті.

Ұзақмерзімді динамикаға жү­гін­­сек, 2015 жылы ауыл шаруа­шы­лы­ғына бар-жоғы 164,2 млрд теңге ин­вестиция салыныпты. Арада он жыл өткенде, 2025 жылы бұл көр­сет­кіш шамамен жеті есе артып, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Инвес­ти­ция­ның негізгі бөлігі – 733,7 млрд тең­ге кә­сіпорындардың өз қара­жа­ты есебінен қа­лыптасқан. Банк­тік емес қарыз қа­ра­жаттары 32,9%-ға, ал банктік кредиттер 59,5%-ға өсіп, 46,3 млрд теңгені құрады. Бұл банк­тердің аграрлық секторға де­ген қызығушылығы қайта ояна бас­тағанын көрсетеді.

– Алайда инвестиция көлемі­нің өсуі саладағы жұмыспен қам­ту­ға ауқымды игі әсер етпей отыр. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, жұ­мыс­шы­лардың тізімдік саны 63,3 мың адам­ға, нақты саны 60,1 мың адам­ға дейін қысқарған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш тиісінше 1,8% және 2,1%-ға кеміп кетті, – деп түсін­дір­ді агенттік сарапшылары. 

Субсидия – мақсат емес, өсу құралы

2025 жылғы 14 қарашада өткен Ауыл шаруашылығы қызмет­ке­р­ле­рінің екінші форумында Мемлекет бас­шысы суб­си­дия­лар фермер­лер­дің тиімділігі мен бәсе­кеге қа­бі­лет­ті­лігін арттыруға қызмет етуге тиіс екенін тағы да атап өтті. Мем­ле­кет­тік қол­дау тұрақты «қамқор­лық­қа» емес, нақ­ты нәтижеге жұ­мыс істеуі қажет. 

Жалпы, субсидия саласында үлкен құзыр – әкімдіктерде. Орта­лық­тағы министрлік ішінара тек­се­ріс жүр­гіз­генімен, ақша тарату мә­селесінде басым жағ­дайда әкім­қара­лар мен фермерлердің сө­зіне сенуге мәжбүр. Бұл депутаттардың а­лаң­даушылығын туғызады. Қо­сып жазу – алақол адамдардың «қа­­­­­нында» бар әрі қалтаны қам­пай­тудың құралы. 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов Жоғары ау­ди­торлық па­ла­таның есебіне сүйене оты­рып, мысалы, Агроөнеркәсіп ке­шенін дамыту тұжырым­дама­сы­ның басты 19 нысаналы инди­ка­то­ры­ның 10-ы бойынша мониторинг жер­­гілікті атқарушы органдар ұсы­­натын же­дел мәліметтерге не­гіз­­делгенін тілге тиек етті. 

«Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі олар­ды жаппай қосымша тек­сермейді. Бұл – Үкіметке жететін ақ­параттың бұр­малану қаупі бар де­ген сөз. Ендеше ми­нистрлік суб­си­дия қаражаты дұрыс, ны­саналы жұм­салуы үшін ең алдымен мә­лі­мет­­тердің дұрыстығын қамтамасыз ету­ге тиіс», – деді депутат. Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл тараптағы біраз бы­лық­тан арылып, бақылауды кү­шей­тіп жатқандарын айтады. 

– Бізде тұжырымдама аясында 19 көр­сеткіш-индикатор бекі­тіл­ген. Оның 10-ы бойынша жер­гі­лік­ті атқару органдары есеп береді. Оған облыс әкімінің ауыл шаруа­­шы­лығына жауапты орынбасары қол қояды. Содан соң оны Ұлттық ста­тистика бюросы қайта тек­се­реді. Сондай-ақ біз де инди­ка­тор­ларды әр облыстан таң­дап, іріктеп тек­серіп, статистикамен са­лыс­тыра­мыз. Әдетте, 95% сәйкес келіп жата­ды. Субсидиялауға келсем, оны алу үшін алдымен шығын шы­ғару, мәселен, тыңайтқыштарды, тұқымды сатып алуы керек. Алса жә­не құжаттары дұрыс болса, суб­сидия беріледі. Алған әрбір шаруа­шы­лық біздің жүйемізде бар, оны бақылауда ұстаймыз, – деді АШМ басшысы. 

Министр бұл салада қосып жазу шы­нында кең ау­қым алғаны анықталғанын жасыр­мады. 2023 жылдан бері Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен құрылған, вице-премьер Серік Жұ­манғарин жетек­шілік еткен ар­найы жұмыс тобы да тек­серу жүр­гізіпті. Ұлттық статистика бю­ро­сы­­мен бірлесіп ауқымды жұмыс ат­қа­рыл­ды. Нәтижесінде, қағазда бар, өмірде жоқ 2 млн сиыр мен бұқа, 3 млн қой, 3 млн литр сүт, 2 млн келі картоп есептен шыға­рыл­­ған екен. А.Сапаров содан соң «бә­рін рет­ке келтіріп, таза парақ­тан баста­ған­дары­на» сендірді. Бұған қоса, қосып жазу­дан арылу және оған барғандарды жазалау үшін заңнама өзгертіліпті. Мем­ле­кетке өтірік ақпарат берсе, бірінші рет ескерту жасалады, екінші рет айып­пұл салы­нады. 

Ұлттық статистика бюросының бас­шысы Мақсат Тұрлыбаев де­рек­тер са­па­сын арттыру мақса­тын­да жауап­кершілік кү­шейтілгенін, ел тари­хын­да ешқашан бол­маған арнайы «дата-контролер инсти­ту­ты» құрылғанын ха­бар­лады. Бірақ олар да бәрін кабинеттен ешқайда шықпай, қашықтан тексереді. Тек сәйкессіздік тапса, әрі кетсе ны­сан­ға қоңырау шалуы мүмкін. 

Мына бір қызыққа қараңыз: «соң­ғы 20 жылда алғаш рет өткі­зі­летін ауыл шаруа­­­шылығы санағы са­ладағы статис­тикалық олқы­лық­тар­ды анықтауға мүм­кіндік бере­тіні» бұған дейін жарияланған. Ол былтыр аяқталды. Ауыл шаруашы­лығы санағы 2025 жылғы 1 тамыз­дан 31 та­мызға дейін sanaq.gov.kz арнайы веб-порталында өз бетінше толтыру әдісімен жүргізіл­ді. Ізінше, 2025 жылғы 20 қыр­күйек­­тен 20 қазан аралығында план­шет кө­­тер­ген санақ қыз­мет­керлері фер­мер­лерді, агро­өнер­кәсіп кешендерін және қорада мал ұс­тайтын ауыл­да­ғы ағайынды ара­­­­­лауға тиіс болды. 

Кейбір ауылдықтар келмегенін айта­ды. Сондай-ақ арнайы веб-портал да шұ­ғыл жабылып қалды. «Ұлттық статис­тика бюросы 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бойынша дерек­терді жинау жұмыстарының аяқталуына байла­ныс­ты sanaq.gov.kz сайтының жұ­мы­сын тоқтататынын хабар­лай­ды», – деген құлақтандыру ілулі тұр. Салдарынан, санақтың не көр­сеткенін білу мүмкін бол­мады. Статорган оның түпкілікті қо­ры­тындысын әлі жариялаған жоқ. Де­­мек, бұл салаға әлі де болса, ай­­қындылық же­тіс­пейтіні аң­ғары­лады.

Айхан ШӘРІП