«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халық­пен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол карталарының орындалу барысы Партиялық бақылау коми­теті­нің отырысында қаралды. Отырыста Ақтөбе, Қостанай және Ұлытау облыстарында бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелері талданды.
Жол картасының орындалу барысы
171
оқылды

«AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев елімізде жаңа Конституция жобасы ұсынылғанын еске салды. Партия дайындық кезеңінде өңірлермен, азамат­тармен, мақсатты топтармен және бастауыш партия ұйымдарымен тығыз өзара іс-қимыл орната отырып, белсенді атсалысқанын атап өтті.

«Жаңа Конституция мәтінін әзірлеу кезеңінде партия өңірлермен, азаматтармен, мақсатты топтармен және бастауыш партия ұйымдарымен барынша тығыз әрі мазмұнды байланыс орнатты. Алда түсіндіру және референдум өткізу ісіне қатысты ауқымды жұмыс күтіп тұр. Партиялық бақылау жүйесінің барлық ресурсы осы науқанды қамтамасыз етуге бағытталады. Себебі референдумға дайындық және оны өткізу барысы нақты, ашық әрі азаматтармен тікелей диалогқа сүйене отырып ұйым­дастырылуы партия үшін аса маңызды», – деді Павел Казанцев.

Отырысқа аймақ әкімдерінің орын­басарлары, партиялық құрылымдардың өкілдері және партияның орталық аппаратының бейінді бөлімшелері қатысты. Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Айсина үш өңір бойынша жинақталған деректерді ұсынды. Жалпы алғанда, бағдарламаны жүзеге асыру барысы жүйелі сипатқа ие. Алайда бірқатар бағыт бойынша басқарушылық және ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелер бар.

Ең өзекті мәселелер білім беру, ден­саулық сақтау, жол құрылысы және инженерлік желілер салаларындағы инфра­құрылымдық жобаларда байқалады. Негізгі себептер – қаржының уақытылы бөлінбеуі, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысының созылып кетуі, мердігерлермен болған сот даулары және жұмыс қарқы­нының төмендігі.

Ақтөбе және Қостанай облыстарында­ғы Жол карталарында орындалу мерзімі ш­егерілген және орындалмаған тармақтар бар. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар нысандар бойынша мәселелер тіркелді. Ұлытау облысында инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында қиындықтар сақталуда. Комитет өңір ауқымы немесе жобалардың күрделілігі жүйелі іркілістерге ақтап ала алмайтынын атап өтті.

Талқылау барысында әкімдіктердің өкілдері артта қалу мәселесін жою, проб­лемалық нысандар құрылысын аяқтау және жол карталарын өзектендіру бойын­ша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Отырысты қорытындылай отырып, Павел Казанцев партиялық бақылау комитеті сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жауапкершілік жүктейтін құрал екенін атап өтті. 

«Біз қай жерде жағдай бақылауға алынғанын, ал қай жерде проблемалар ушығып бара жатқанын көріп отырмыз. Міндеттемелердің орындалмау себебі көбіне формалды түрде объективті болып көрінгенімен, талдау жүргізу барысында субъективті сипатқа ие болып шығады. Көп жағдайда шешім бар. Ол орындау­шылардың мерзімінде нақты әрекет етуін талап етеді», – деді депутат.

Сондай-ақ ол Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп «AMANAT» партиясының орталық аппараты, өңірлік құрылымдар және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын үйлестіруге арналған Жол картасының жобасы пысықталғанын хабарлады. Құжат бірыңғай ақпарат әзірлеуді және Жол карталарының жүзеге асырылуы жөніндегі деректерді жинақтауды көздейді.

Елнар ЕЛТАЙ