Буллинг сөзі қазақ қоғамында 2010 жылдардан кейін ғана қолданысқа ене бастады. Ал 2020 жылдан бері бұл ұғым күнделікті тілдік айналымға толықтай сіңіп кетті. Бұрын «мазақтады», «қорлады», «кемсітті», «күш көрсетті» деп айтсақ, қазір «буллингке ұшырады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей саламыз.
Буллинг – баланың бас қайғысы
200
оқылды

Әрине, қысым көрсету, қорлау, мазақтау бұрын да болған. Алайда кейінгі жылдары бұл құбылыс тым жиілеп кеткендей әсер қалдырады. Әсіресе, сана-сезімі әлі толық қалыптаспаған мектеп оқушылары арасында буллингтің кең таралуы алаңдатпай қоймайды. Ал буллингке ұшыраған баланың суицидке баруы – бұл мәселенің қоғамда шектен шығып, ушығып кеткенін аңғартпай ма?

Буллинг мәселесі жуырда әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған кәсіпкер Қанат Әміркиннің жазбасынан кейін қайта күн тәртібіне шықты. Кәсіпкердің айтуынша, Алматы қаласындағы жылдық оқу ақысы 12 624 500 теңге болатын жекеменшік мектепте оқитын қызы бір жыл бойы сыныптастары тарапынан буллингке ұшыраған. Ол мектеп әкімшілігіне бірнеше рет жүгінгенімен, нақты әрекет емес, тек сылтау мен салқын ресми жауап алғанын жазады. 

«Бүгін біз қабылдауға да, кешіруге де бол­майтын шекке жеттік. Мектеп ішінде суи­цидке әрекет жасалды. Қазір менің балам жан­сақтау бөлімінде жатыр», – деп жазды ол.

Әміркин жазбасында мектепте тәртіптің жоқтығы, балалардың бір-бірімен бейәдеп сөйлесуі және мектеп әкімшілігінің салғырттығы ашық айтылады. Бұл оқиғаның қоғамда қатты резонанс тудыруы кездейсоқ емес. Адамдарда «жылына бір бала үшін 12 миллион теңгеден аса қаржы алатын мектептің өзінде осындай жағдай болса, қарапайым мектептерде не болып жатыр?» деген заңды сұрақ, қорқыныш пен ашу-ыза қатар туындады.

Алайда эмоцияны бір сәтке ысырып қойып, жағдайға құқықтық және жүйелік тұрғыдан қарау да маңызды. Шын мәнінде, мектептегі буллинг мәселесі кейінгі жылдары күн тәртібінен түскен емес. 2023 жылдың қыркүйегінде Оқу-ағарту министрлігі оқушының тәртібі үшін ата-ананың да жауапты екенін ресми түрде мәлімдеді. Егер буллинг алғаш рет тіркелсе, айыппұл көлемі 10 АЕК (39 320 теңге), ал қайталанған жағдайда 30 АЕК-ке (117 960 теңге) дейін өседі.

Буллинг Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабымен реттеледі. Яғни, заң бойынша жауапкершілік ең алдымен мектепке емес, нақты буллинг жасаған баланың ата-анасына жүктеледі.

Қоғам белсендісі, заңгер Марғұлан Ермағамбетұлының пікірінше, бұл кейсте эмоция құқықтық талдаудан басым түскен: «Қоғам көбіне бір тараптың эмоцияға толы ақпаратын абсолютті шындық ретінде қабылдайды. Терең құқықтық талдау жасалмайды, тек айыптау бар. Ал заңдық негіз, дәлел мен жауапкершілік шекарасы екінші орынға ысырылып қалады. Жалпы, бұл кейс – буллинг мәселесінен бөлек, қоғамның эмоцияға беріліп, құқықтық шындықты екінші орынға қоятын әдетін айқын көрсетеді», – дейді ол.

Әрине, бұл мектеп әкімшілігі мүлде кінә­сіз деген сөз емес. Алайда осындай оқи­ғаларды құқықтық тұрғыдан саралау мәдениеті қоғамда әлі де әлсіз екенін мойындау керек.

Мәселенің қаншалықты өзекті екенін ресми статистика да көрсетіп отыр. 2024 жылы кәмелетке толмағандар арасында 123 суицид және 400-ден астам суицидке әрекет тіркелген. Олардың басым бөлігі – 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Тағы бір назар аударарлық жайт – бұл балалардың көбі сырт көзге жағдайы жақсы, толық отбасыларда өскен.

ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, Қа­зақстан кәмелетке толмағандар арасындағы суицид деңгейі жоғары елдердің қатарында. 100 мың жасөспірімге шаққанда шамамен 18 жағдай тіркеледі. Ал былтырғы жылғы суицид оқиғаларының 22 пайызы буллингпен тікелей байланысты болған.

Психолог Айгүл Исламованың айтуынша, буллингке ұшырайтын да, буллинг жасайтын да балалардың түп-тамыры көбіне отбасындағы тәрбиеге барып тіреледі.

«Бір отбасында тек әке-шешенің айтқаны жөн, ал балалардың пікірі мүлде тыңдалмайды. Яғни, авторитарлы отбасында өсіп жатқан бала ішкі қарсылықтарын мектепке апарып «төгуі» мүмкін. Немесе, керісінше ата-ананың билігі басып тастауы да мүмкін. Кейбір отбасы «барлығы мінсіз, үлгілі болу керек» дейтін перфекционистік көзқарасты ұстанады. Ондай отбасында өсіп жатқан бала да ішкі сезімдерін шығарудың жолын таба алмай қиналады. Тағы бір отбасында буллинг қалыпты жағдайға айналған. Олар бір-бірін қорлап, кемсітіп сөйлейді. Ал ондай отбасында өскен бала буллингті қалыпты нәрсе санайды.  Енді бір отбасында бала тым еркелеп өседі. Өз айтқанын әрқашан жөн санайды. Мұндай бала үшін біреуді кемсіту, қорлау түк те емес. Үнемі салыстыруды бастан кешкен бала да сезімін үйде шығара алмай, сыртқа шығара­ды», – дейді психолог. 

Ғалымдар 6-7 жасқа дейін баланың дүниетанымы қалыптасып қоятынын айтады. Дүниеге жаңа келген сәбиді жазылмаған ақ параққа теңесек, 0-5 жас шамасында оның  дүниетанымын отбасы қалыптастырады. Ал мектептегі кезеңде, әсіресе бастауыш сыныпта баланың тәрбиесі тікелей мұғалімнің жауапкершілігінде. Өйткені бастауыш сыныптың баласы үшін мұғалімнің айтқаны әрқашан заң күйінде қабылданады. Достарының пікіріне, айналасының пікіріне құлақ түру жасөспірім кезеңде басталатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Міне, баланың психикасының бұзылуы, буллингке ұшырауы немесе жасауы көбіне осы кезеңмен тығыз байланысты. Дегенмен біздің бұл жерде мән беруіміз керек нәрсе – баланың дүниетанымы мектепке бармай тұрып-ақ қалыптасып қоятыны. Мектеп – сол дүниетанымды дамытатын орын. 

Психолог А.Исламова «Әр бала кішкентай кезінен бастап өз шекарасын белгілеуді үйренуі керек. Оны ата-анасы үйретеді. Кей жағдайларда бала мұны бейсаналы түрде үйренеді. Егер отбасы мүшелері жеке шекараны сақтамайтын болса, бала да жеке шекараны ескермейтін болады. Осылайша, жеке шекарасын белгілемеген бала буллинг жасауға, өзгелердің эмоциясын таптауға бейім болады. Жеке шекара – буллингтегі ең нәзік әрі маңызды мәселе», – дейді ол. 

Иә, жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесінде өте нәзік, шетін тұстар баршылық. Өйткені бала буллингке мектепте ұшырағанымен, оның ар жағында оны жасық қылып тәрбиелеген ата-анасы тұруы, керісінше, біреудің баласына қысым жасап, мазақ ететіндердің тәрбиесіндегі шикілік тек мектепке байланысты емес болуы әбден мүмкін. Біз тіпті тәрбиеге қатысты шешімі табылмай жатқан көп дүниенің себебін  интернеттің қолжетімділігінен де көретін болдық. YouTube-тан, ТikTok-тан небір нәрсені қарайды, сол әсер еткен шығар», – дейміз. 

Интернеттің, әлеуметтік желілердің әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Алайда қандай заманда өмір сүрсек те, баланың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығына ең алдымен ата-ана, кейін мұғалім, соңында қоғам жауапты.

Құқықтық мемлекетте өмір сүретін болсақ, әр жасөспірім өз құқығын білуі тиіс. Ал сол құқықты қорғап, баланы қысымсыз ортада тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет.

Айгүл СЕЙІЛ