Аталған бағдарлама Қазақстанда 14 ақпанда Qazaqstan ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.
Димаш Құдайбергеннің бастамасымен жүзеге асқан халықаралық жоба көрерменге жол тартпақ
181
оқылды

5 ақпанда Қытай уақытымен сағат 22:00-де (Астана уақытымен 19:00) Hunan TV телеарнасында Voice Beyond Horizon халықаралық жобасының ресми тұсаукесері өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Аталған бағдарлама Қазақстанда 14 ақпанда Qazaqstan ұлттық телеарнасынан көрсетіледі. Жоба әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің бастамасымен Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесе жүзеге асырылған.

Түсірілім жұмыстары толықтай Қазақстан аумағында жүргізіліп, елдің алты өңірін қамтыды. Атап айтқанда, Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында өтті.

Жобаға Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен келген талантты орындаушылар қатысты.

Voice Beyond Horizon жобасы Қазақстанның табиғи байлығы мен туристік әлеуетін әлемнің миллиардтаған көрерменіне таныстыруды мақсат етеді. Көрермендер көне Түркістан қаласын, Бозжыра шатқалының көркем келбетін, Каспий теңізі жағалауын, Қайыңды және Көбейтұз көлдерін, Саты туристік ауылын, Қапшағай су қоймасын, сондай-ақ Щучинск–Бурабай курортты аймағын тамашалай алады.

Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизовтың айтуынша, компания халықаралық медиа-жобалар арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін жүйелі түрде дамытып келеді.

«Біз Euronews Travel, Amazon Prime Video секілді жетекші әлемдік платформалармен және телеарналармен серіктестік орнатып жатырмыз. Қазақстанның туристік нысандарын миллиардтаған халықаралық аудиторияға танытатын Voice Beyond Horizon жобасы үшін Димаш Құдайбергенге алғыс білдіреміз», – деді ол.

Айта кетейік, Hunan TV телеарнасының аудиториясы 1,9 миллиардтан асады. Сонымен қатар жоба Mango TV цифрлық платформасында да көрсетіледі.