Қытай мемлекетінің тарихы мен тұмса табиғаты туристерге таңғажайып әсер сыйлайды.
Қытайға саяхат: Ұлы Жібек жолымен туризм қайта жанданды
Фото: автордыкі
119
оқылды

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінде «Сәлем, Қытай!» Жібек жолының көктемгі әуені» атты туризмді насихаттайтын іс-шара өтті.

Басты мақсат – Жібек жолының бойындағы елдер арасында туризмді жандандыру. Көрші елдер арасындағы сауда-саттық, тауар айналым көлемін арттырумен қатар мәдени, тарихи құндылықтарды кеңінен насихаттау. Қытай мен Қазақстанның туризмін дамытуға үлес қосып отырған компания өкілдері екі ел арасындағы саяхат үшін жасалған тиімді ұсыныстарды талқылады. Атап өтер жайт, Қытай 48 елмен визасыз режим енгізіп, туристер үшін қолайлы жағдай жасап отыр. 

Оның ішінде виза, банк карталары арқылы төлем жасау, аудармашы қызметін оңтайландыру, туристердің қонақүйге аялдауы, саяхаттың бағыт-бағдарын айқындайтын негізгі мәселелерге тоқталды. Қазіргі кезде Қытайға саяхаттау үшін туристерге виза алу рәсімі жеңілдетілді. Тікелей әуе рейстері ашылды. Біз бұған дейін Қытай туризмінің ерекшелігі, экономикалық тиімділігі туралы жазған болатынбыз. ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чульлиннің айтуынша, алдағы уақытта да екі ел арасында ынтымастастық нығайып, туристер қатары арта түспек.

Өткен 2025 жыл екі ел үшін де табысты жыл болды. Мемлекет басшыларының стратегиялық дипломатиясының жетекшілігімен Қытай және Қазақстан арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай ілгеріледі. Қытай-Қазақстан тұрақты жан-жақты стратегиялық серіктестік дамыды. 

Фото: Akorda.kz

Біріншіден, саяси өзара сенім одан әрі нығайды. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келіп, "Орталық Азия – Қытай" саммитінің екінші отырысына қатысты. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинь саммитіне, сондай-ақ Қытай халқының Жапонияға қарсы соғысы мен дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған еске алу іс-шараларына қатысты. Екі ел басшылары жан-жақты әрі терең пікір алмасып, сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистика, жоғары технологиялар және өзге де салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде маңызды ортақ келісімдерге қол жеткізді. Олар екіжақты бірқатар ынтымақтастық құжаттарының алмасуына куә болып, Қытай-Қазақстан тұрақты жан-жақты стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетудің жаңа көкжиегін айқындады. Мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулерден бастап министрлік деңгейіндегі диалогтарға, тұрақты жұмыс тетіктерінен түрлі форумдарға дейін Қытай мен Қазақстан жан-жақты, көпдеңгейлі әрі кешенді өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың берік жүйесін қалыптастырды.

Фото: Akorda.kz

Екіншіден, өзара қолдау мен сенім нығая түсті. Халықаралық және өңірлік жағдай күрделі әрі құбылмалы болып отырған қазіргі кезеңде тараптар бір-бірінің негізгі ұлттық мүдделеріне қатысты мәселелерде өзара түсіністік, құрмет пен қолдау танытып келеді. Бұл ұстаным аймақтық әрі жаһандық деңгейде тұрақтылық пен айқындықты арттыруға маңызды үлес қосуда. Қытай мен Қазақстан бір-бірінің төрағалық міндеттерін табысты атқаруын нық қолдап,  "Орталық Азия – Қытай" саммитінің екінші отырысы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинь саммитінің мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне бірлесе ықпал етті. Тараптар Жаһандық даму бастамасын, Жаһандық қауіпсіздік бастамасын, Жаһандық өркениеттер бастамасын және Жаһандық басқару бастамасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді.

Фото: Akorda.kz

Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, "Қытай – Орталық Азия" тетігі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете отырып, екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты әділ көзқарасты бірлесе дәріптеуде. Осы арқылы екі ел де Біріккен Ұлттар Ұйымын негізгі өзек еткен халықаралық жүйені, сондай-ақ халықаралық құқыққа негізделген әлемдік тәртіпті берік қорғауға өзара адалдығын тағы бір рет айқындап отыр.

Фото: Akorda.kz

Үшіншіден, нақты көзге көрінетін нәтижелері бар салалардағы ынтымақтастық артты. Екі ел арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 48,7 миллиард АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өсті. Қазақстанның Қытайға экспорты 19 пайызға өсті. Қытайдың Халықаралық импорт көрмесі, Қытайдың импорт-экспорт тауарлары жәрмеңкесі (Кантон жәрмеңкесі) секілді ірі алаңдар қазақстандық кәсіпорындар үшін өз өнімдерін таныстырып, нарықтарын кеңейтуге арналған тиімді платформаға айналды. «Жібек жолы электронды саудасы» бастамасы сауда байланыстарын жандандыратын маңызды көпір ретінде қалыптасты. Қытай-Қазақстан арасындағы трансшекаралық электронды сауда қарқынды дамуын жалғастырып, трансшекаралық төлемдер саласындағы ынтымақтастық кең көлемде жүзеге асуда. 2025 жылы Алашанькоу өткелі арқылы жүретін Қытай-Еуропа (Орталық Азия) бағытындағы жүк пойыздарының саны тарихи рекорд орнатып, жыл бойы 8 165 рейске жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға өсіп, алғаш рет 8 000 пойыз межесінен асты. "Қарағанды-Балқаш" автожолы толық пайдалануға беріліп, Сауран ауданында қуаты 300 мегаватт болатын күн электр стансасының құрылысы басталды. Энергетика мен пайдалы қазбалар, мұнай-химия, логистика және инфрақұрылым секілді дәстүрлі салалардағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсті. Сонымен қатар автомобиль жасау, заманауи ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, құрылыс материалдары өндірісі сияқты жаңа бағыттардағы серіктестік кеңейіп келеді. Бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану, жасыл пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі зор, мүмкіндіктері кең.

Төртіншіден, гуманитарлық алмасулар мазмұнды да жарқын сипат алды. Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдениет, спорт, ғылым мен технология, бұқаралық ақпарат құралдары, сараптамалық орталықтар, жастар және өңірлік бауырлас қалалар бағытындағы өзара байланыстар бұрынғыдан да жиі әрі терең жүзеге асуда. Тараптар білім беру, ғылым, спорт және туризм салаларында жаңа ынтымақтастық құжаттарына қол қойды. Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимнің оң әсері біртіндеп айқындалып, екі ел азаматтарының өзара сапарлары айтарлықтай артты. Қытай-Қазақстан Қорғас халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы арқылы өтетін жолаушылардың орташа тәуліктік саны 30 мың адамға жуықтады. Туризм саласындағы ынтымақтастық Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық байланыстардың жаңа жарқын белгісіне айналып келеді. Қытайда «Қазақстан туризмі жылы» сәтті өткеннен кейін, Қазақстанда «Қытай туризмі жылы» салтанатты түрде ашылды. Бүгінде екі ел азаматтары үшін бір-бірінің еліне «кенеттен шешім қабылдап, еркін сапар шегу» жаңа туристік үрдіске айналуда.

Өткен жылдың соңында Қытай Коммунистік партиясының ХХ шақырылымдағы IV пленумы табысты түрде өткізілгенін ерекше атап өткім келеді. Жиында Қытай Халық Республикасының ұлттық экономикалық және әлеуметтік дамуының он бесінші бесжылдық жоспарының бағдарламалық тұжырымы мақұлданып, онда жоғары сапалы даму, ғылым мен технологиядағы дербестік пен өзін-өзі қамтамасыз ету, ішкі сұранысты кеңейту, жасыл трансформация секілді негізгі басымдықтар айқындалды. Бұл құжат алдағы бес жылға арналған қытайлық үлгідегі жаңғырудың айқын Жол картасын қалыптастырды.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапада бірлесіп іске асыру  одан әрі ілгерілеп, Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық саладағы прагматикалық ынтымақтастық жаңа белестерге көтеріледі. 

Туризм бағытында Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени және туристік ынтымақтастық жаңа белеске жол ашады. Қытай мен Қазақстан халқы осындай тығыз қарым-қатынас пен сапарлар арқылы өзара түсіністік пен шынайы достықты нығайта түспек.