Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылының тұрғындары 20 жылдан бері жол азабын тартып келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Қар немесе жаңбыр жауса болды, ауыл көшелері ми батпаққа айналып, тұрғындардың күнделікті тіршілігі тұралап қалады. Жұмысқа асыққандар да, мектепке баратын оқушылар да балшыққа батып, әрең жетеді.
Алты ай бойы батпақтан көз ашпаған басқұдықтықтардың айтуынша, жол мәселесін он жылдан астам уақыт бойы айтып келе жатқанымен, нәтиже жоқ. Әр жауын-шашын ауыл өмірін қиындатып, жұрттың үмітін үзе түседі.

Қазіргі таңда Басқұдық ауылында 40 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындардың бар тілегі – көшелерге асфальт төселсе. Себебі таңертең таза киініп шыққан балалар кешке балшыққа малынып, үсті-басы былғанып қайтады.
Ауыл тұрғыны Зәуреш Сатқанбаеваның айтуынша, жыл сайын «асфальт төсейміз» деген уәде беріліп келеді:
«Тасты төсеп, грейдермен қырып кетеді де, асфальт саламыз дейді. Осылайша, 20 жылдан бері алдап келеді. Көше көтеріліп кеткен, жаңбыр жауса, судың бәрі үйге қарай ағады. Балалар мына батпақта жүре алмайды, құлап, үсті-басы күнде балшық», – дейді ол.

Бұл жағдай қалаға қатынап жұмыс істейтін тұрғындарға да қиындық тудырып отыр. Көліктер жиі батпаққа батып, жұрт әлекке түседі. Тұрғындардың айтуынша, мәселе 20 жыл бойы көтерілсе де, нақты шешім қабылданбаған.
Былтыр ауыл әкімдігі бұл проблеманы шешу үшін 40 миллион теңге бөліп, көшелерге сазды топырақ төсеген. Бірақ оның нәтижесі керісінше болып, балшық бұрынғыдан да қалыңдай түскен. Ауыл тұрғыны Нұрлан Қарамырза бұл жағдайды былай сипаттайды:
«40 миллион теңгеге саз балшықты төгіп кетті. Әкімдік қабылдап алды, ақша аударылды. Халық шулаған соң, қайта келіп балшығын қырып алып кетті. Ақшаны тағы алды. Ал халық батпақтың ортасында қалды», – дейді ол.
Ал ауыл әкімдігінің мәліметінше, былтыр жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Биыл 309 миллион теңгеге ауыл көшелерінің алты шақырымына асфальт төсеу жоспарланып отыр. Дегенмен, шенеуніктер бұл мәселенің ұзаққа созылуын ауылдың бас жоспарсыз салынуымен байланыстырады.

Басқұдық ауыл округі әкімінің орынбасары Айбек Жаңгелдіұлының айтуынша, ауылда 110 көше бар, соның тек 30-ына ғана асфальт төселген:
«Басқұдық алғашында саяжай ретінде құрылған. Көшелер тар, стандартқа сай емес. Сондықтан ұзақ уақыт бойы мемлекеттік сараптамадан өте алмады. Қазір жобалар дайындалып жатыр, бірақ барлық көшеге бірдей асфальт төсеуге аудан бюджетінің мүмкіндігі жетпейді», – дейді ол.
Қазіргі таңда ауыл көшелерінің шамамен 70 пайызы балшыққа толы. Тұрғындар үшін бұл жай ғана жол мәселесі емес, күнделікті өмірдің ең өзекті қиындығына айналған.