Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «Turgyndar amanaty» жобасын іске асыру барысына арналған бейнеконференц байланыс (ВКС) форматындағы жиын өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Іс-шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау мен Екатерина Смышляева, сондай-ақ өңірлік филиалдардың өкілдері қатысты.
Мұндағы көтерілген мәселе – өңірлерде көппәтерлі тұрғын үйлер мен аулаларды басқарудың жаңа моделін енгізу тетіктері талқыланды. Яғни, тұрғындардың өз ауласы мен ортақ мүлікке деген жауапкершілігін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға бағытталған «Turgyndar Amanaty» жобасы қолға алынды.
«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, күн сайын қабылданатын он өтініштің алты-жетеуі жылу, су, электр энергиясы мен кәріз жүйесіне байланысты.
«Бүгінде тұрғын үйлерді күтіп-ұстау мен басқаруға байланысты қордаланған мәселе көп. Әсіресе коммуналдық инфрақұрылымның тозуы, соның ішінде кәріз, электр желілері мен инженерлік жүйелердің ескіруі. Бұл бір ғана пәтердің емес, тұтас бір үйдің ортақ проблемасына айналып отыр. Ал бір үйде кем дегенде 500–600 адам тұратынын ескерсек, бұл ұсақ мәселе емес. Осы мәселені түбегейлі қалай шешу керек, олармен қалай жұмыс істеу қажет, заң қандай мүмкіндік береді деген сұрақтардың барлығына «Turgyndar amanaty» жобасы нақты жауап ұсынбақ. Осы мақсатта Қарағанды облысында мүлік иелерінің бірлестігі мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару кооперативінің басшыларын оқыту жұмыстары басталды. Семинарлар барысында олардың негізгі міндеттері түсіндіріліп, жаңа заңнамамен жұмыс істеу тетіктері жан-жақты таныстырылады. Бұл жоба тек партиялық бастама ретінде емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін, өзекті мәселелерді көтеріп отырған маңызды алаңға айналады деп күтіледі», - деді Ержан Жылқыбаев.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау «AMANAT» партиясының бұл бастамасы дер кезінде қолға алынғанын сөз етті.
– Партияның бастамасымен талай жобалар жүзеге асты. Олардың қай-қайсының халыққа да, партияға да берері көп. Партия төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың тапсырмасымен «Turgyndar Amanat» жобасы іске қосылды. Әсіресе, тұрғын үй мәселесі соның ішінде, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы өте өзекті. Бұл мәселе нақты бір аймақты емес, еліміздің барлығы дерлік тұрғынын қамтитыны белгілі. Яғни, әрбір адам күнделікті өмірде коммуналды-тұрмыстық мәселелер туындап жатады. Толыққанды ақпараттың жетіспеушілігі не болмаса жауапты басқармалардың көмегіне жүгінбеуінен мәселелер қордаланып қалғаны тағы бар. Қарапайым тұрғындардың тілек-талабын басқарма органдарына жеткізуіне, оның толыққанды шешілуіне себепкер болмақ. Сондықтан бұл жақсы бастама, – дейді Альберт Рау.

Депутаттың айтуынша, осыған байланысты барлық мәселелер мен қайшылықтарды жою бойынша заң жобасын әзірленген.
– Әрине, бұған дейін айтылғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз, мәжілісте бастамасын көтеріп, барлық мәселелер мен қайшылықтарды жою бойынша заң жобасын әзірледік. Бір жылдан бері қарастырған заң аясында еш нәрсені қалт жүбермеуге тырыстық. Мысалы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын пәтер иелерінің кооперативі ме, әлде бірлестік мүлік иелері басқару мәселесін тұрғындар өз еркінде. Біз бұған араласа алмаймыз. Дегенмен, тұрғындардың көзқарасын қорғауға бағытталған нормалар бар. Атап айтсақ, тарифтерді белгілеу, төленген ақшаның қайда және қалай жұмсалғаны жайында толыққанды мағлұмат алуы, басқару органдарының заңдылығы, қарапайым толыққанды ақпарат алуына құқылы.
Кез келген адам қауіпсіз, таза баспанада тұрғанын қалайды. Күзде енген заң бойынша, әр тұрғын үй жинақтаушы шоты ашуы тиіс. Бұл не үшін десеңіз, үздіксіз аз мөлшерде ақшаның жинала беруіне қажет. Бізде қандайда бір апаттық жағдайда ғана жинауға дағдыланған. Ал егер шотта жиналған ақша тұрса, қажетті жөндеу жұмысын жүргізе беруіне мүмкіндік туады. Мысалы күзден бері бес ай өтті, осындай шот бар-жоғы 10 пайыз тұрғын үйде ашылған. Істің алға жылжуы өте бәсең. Алайда «AMANAT» партиясының бұл бастамасымен біраз дүниені ретке келуіне ықпал ететініне сенімдімін, – дейді ол.
Пилоттық жоба – Қарағанды мен Астана қалаларында жүргізілген. Ол жақтарда ашылған фронт-офисі жұмысы нәтижесі жайында «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Бекзат Алтынбеков айтып берді. Жобаның алғашқы семинар-форумына Қарағанды облысының Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск сынды ірі қалаларынан 500-ге жуық тұрғын үй саласының жетекші мамандары қатысты.
Оның айтуынша, биыл 23 қаңтарда партияның Қарағанды облысы филиалы ұйымдастыруымен мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері коперативтерінің қатысуымен семинар-форум ұйымдастырылды.
– Бүгінгі таңда өзекті тақырыпты қолға алдық. Бұл – халыққа ең жақын жоба. Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығында басқару субъектілерінің күнделікті бетпе-бет келіп отырған мәселелер талқыланды. Негізгі мәселенің бірі – ортақ мүлікті күтіп ұстауды қаржыландыру болды. Қатысаушылар мәслихаттар тарапынан тұрғын үйді ұстауға арналған ең төменгі тарифін қайта қаралмауын, тарифтердің айлық есептік көрсеткішке байланыстармауын, тұрғын-үйді күтіп ұстауға арналған шығынның өсуі және ешқандай өтемақы тетіктерімен қамтамассыз етілмей көппәтерлі үйлердің техникалық жай-күйінің нашарлығына әкеліп отырғаны қозғалды. ОСИ пәтер иелері қаржылық тәртіппен банктің қызмет көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. тіпті, банктерді шот ашуға бас тартуы да айтылды. Міне, осы мәселенің бәрі күнделікті жұмыстың қалыпты жүруіне кедергі келтіріп отырғаны анықталды, – деді Бекзат Алтынбеков.
Сонымен қатар, «Turgyndar amanaty» жобасы аясында Астана қалалық филиалының атқарған жұмысы таныстырылды. Филиал жанынан ашылған фронт-офис арқылы тұрғындардан арыз-шағым қабылданып, құқықтық кеңес беріп жатыр. Фронт-офис ашылғаннан кейінгі бір жарым ай ішінде 114 өтініш тіркелген. Оның 22-сі оң шешімін тапса, 7 өтініш бойынша құқықтық кеңес беріліп, 25-і мәселе қаралып жатыр.