Конституция – мемлекет­тің құқықтық іргетасын айқындайтын Негізгі заң ғана емес, елдің болашақ даму бағытын белгілейтін стратегиялық құжат.
Ата Заң – құндылықтар кодексі
105
оқылды

Тәуелсіздік жылдарында Конституция мемлекет қалыптастырудың, егемендікті нығайтудың және институционалдық тұрақтылықты орнық­тырудың басты тірегіне айналды. Ал бүгінгі тарихи кезеңде ол жаңа мазмұнмен толығып, қоғамдық дамудың философиялық негізін айқындайтын деңгейге көтеріліп отыр.

Жаңа редакциядағы Консти­туцияны талдай отырып, мемле­кет­тің даму логикасы енді тек бас­­қару құрылымдары немесе эко­номи­ка­лық көрсеткіштер ар­қылы емес, ең алдымен, адам арқы­лы қарас­тыры­латынын аңғаруға болады. Бұл – стратегиялық әрі маз­мұндық тұр­ғыдан аса маңызды бетбұрыс. Се­бебі қазіргі әлемде ел­дің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, азаматтарының білім деңге­йімен, ойлау мәден­ие­тімен, зият­керлік әлеуетімен және жауап­кер­шілік сапасымен өлшенеді.

Осы тұрғыда Конституцияда ада­ми капиталды, білім мен ғы­лым­ды дамыту мемлекеттік саясат­тың стратегиялық бағыты ретінде бекітілуі Қазақстанның даму бағ­дары әлемдік үрдістермен үндес еке­нін көрсетеді. Мемлекет тек эко­номикалық өсімді емес, ойлай алатын, жауапкершілікті сезінетін, білімге сүйенетін азаматты қа­лып­тастыруды басты мақсат етіп отыр.

Адами капитал ұғымы бұл жер­де кең мағынада қарастырылады. Ол тек формалды біліммен шек­телмейді. Оның құрамына ғылыми ойлау қабілеті, инженерлік мәде­ниет, кәсіби сараптама, шешім қа­былдаудағы жауапкершілік және салдарын алдын ала бағалай білу дағдысы кіреді. Осы қасиеттердің жиынтығы ғана мемлекеттің ор­нықты дамуына негіз бола алады.

Конституцияның дәл осы та­рихи кезеңде қабылдануы елдің ең жоғары заңдық деңгейінде бір қа­рапайым, бірақ қағидатты шын­дықты бекітеді: мемлекет адамнан жоғары емес, керісінше, адамның әлеуетін ашу үшін қызмет етеді. Бұл қағида жаңа Конституцияның ішкі логикасын, оның рухын айқындайды.

Бұл ұстаным Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы және шет­ел­дік сапарлар барысында айтқан ойларымен де толық үндеседі. Пре­зидент Жапонияға жасаған сапа­рында аталған елдегі ерекше таза­лыққа назар аудара отырып, оның себебі қатаң бақылауда немесе ком­муналдық қызметтердің көпті­гінде емес, әрбір азаматтың ішкі мәдениетінде жатқанын атап өтті. Тазалық – адамның ішкі тәртібі мен жауапкершілігінің көрінісі, ал ол уақыт өте келе бүкіл қоғамның нормасына айналады.

Бұл ой Президенттің Ұлттық құрылтайдағы сөзінде де жалғасын тапты. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасын бірреттік науқан немесе ұран емес, ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі ре­тінде сипаттады. Оның мәні – сырт­қы тазалықта емес, ішкі тәр­тіпте, еңбекке, табиғатқа, қо­ғамдық кеңістікке деген жауапкер­шілікті көзқараста.

Осы тұрғыдан алғанда, Конс­ти­туция – тек құқықтар мен мін­дет­тердің жиынтығы емес, құн­дылықтар кодексі. Ол адамның мем­лекетке, табиғатқа, білім мен ең­бекке деген көзқарасын қалып­тастырады. Бір адамның жауап­кер­шілік мәдениеті көпшіліктің нормасына айналған кезде, адами капитал абстрактілі ұғымнан нақты қоғамдық күшке айналады.

Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Президенттің су, климат, энерге­ти­ка және табиғи ресурстар мәсе­ле­сіне қайта-қайта оралуы да кез­дей­соқ емес. Арал теңізінің тағдыры, су дипломатиясы, энергетикалық дербестік – мұның барлығы бір ғана сала немесе бір ведомство шең­берінде шешілмейтін күрделі мәселелер. Олар ғылымды, инже­не­рияны, экологияны және мемле­кеттік басқаруды тоғыстыратын пәнаралық тәсілді талап етеді.

Осы тұрғыда Қазақстанда пән­а­ралық тәсілге негізделген инсти­туционалдық тәжірибе біртіндеп қалыптасып келеді. Бұған Эколо­гия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігінің азаматтық бастама­лар­ға ашық көзқарасы, ғылыми негізді сараптамаға жүгінуі нақты дәлел бола алады. Соның бір мы­салы – атмосфераны көмірқышқыл газы­нан тазартуға қатысты ұсы­ныстың Мемлекет басшысының атына жолдануы.

Аталған бастама Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан назарға алынып, ғы­лыми тұрғыдан бағалау қажеттілігі туындады. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрлігі бастамашы болып, талқылау алаңы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін елдегі же­текші ғылыми-білім беру орта­лықтарының бірін айқындады. Бұл таңдау да кездейсоқ емес: дәл осы университет ғылыми ой мен ин­женерлік сараптаманы тоғыс­ты­ратын платформа ретінде танылған.

Талқылауды ұйымдастыруда негізгі үйлестіруші рөлді Халық­аралық жасыл технологиялар орта­лығы мен Қазақстан Ұлттық ин­женерлік академиясы атқарды. Олардың қатысуымен экология, минералдық және табиғи ресурстар саласындағы ғылыми-зерттеу инс­титуттарының мамандары, ин­же­нерлер мен сарапшылар бас қосып, ұсынысты жан-жақты қарастырды. Бұл тәжірибе Қазақстанда күрделі экологиялық және технологиялық мәселелерді шешуде ғылыми дә­лел­дер мен кәсіби есептерге сүйе­нетін жаңа мәдениеттің қалып­тасып келе жатқанын көрсетеді.

Жаңа Конституция елдің құ­қықтық негізін ғана бекітіп қой­май, мемлекеттің стратегиялық даму логикасын айқындайды. Оның өзегінде – адам, оның білімі, ойлау мәдениеті мен жауапкершілігі тұр. Адами капиталға, ғылым мен білімге, пәнаралық тәсілге сүйен­ген даму жолы Қазақстан үшін жай таңдау емес, тарихи қажеттілікке айналып отыр.

Гүлбазар МЕДИЕВА,

Қазақстанның Ұлттық инженерлік

академиясының вице-президенті,

Халықаралық жасыл технологиялар және

инвестициялық жобалар орталығының

ғылыми кеңесшісі