Бүгінде Жамбыл облысында байланыс желісі өзекті болып тұр. Ауылдық аймақты айтпағанның өзінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында, тіпті Тараз қаласының шеткі алқаптарында интернет жоқ.
Өзгеге байланған байланыс
коллаж: Елдар ҚАБА
113
оқылды

Ол аз десеңіз, телефонмен қарапайым қоңырау шалу мүмкін емес. Есесіне, аталған аумақтарға бара қалсаң көршілес Қырғызстанның байланысы қалтқысыз қызмет көрсетіп тұрады. Сонда шекарадан асып, өңірге жетіп отырған айыр қалпақты ағайындағыдай бізде неге байланыс жоқ? Көрші елдер былай тұрсын, өз байланыс желімізбен бір облысты қамтуға мүмкіндігіміз жоқ па?

Қазір Қордай ауданына сапар-лап барып қалсаң, халықтың дені қырғызстандық байланыс операторларының қызметін пайдаланып отырғанын көруге болады. Олардың айтуынша, көршілес елдің байланыс желісі бізге қарағанда жылдам әрі арзан. 

– Тарифтік жоспарға енген үш нөмірге айына 1 400 сом ақша тө­­лейміз. Бұл теңгеге шаққанда 8 мыңға жуық. Тарифтік жоспарға енген ұлым мен әйелім үшеуміздің ара­мыз­дағы қоңыраулар тегін. Интер­нет желісіне де ақы алмайды. Бұдан бөлек, әр байланыс нөміріне басқа операторларға қоңырау шалу үшін 100 минут беріледі. Сондай-ақ қырғызстандық байланыс желісіне телеарналарды да қосуға болады. Қызметтердің барлық төлемі нөмірім арқылы, бірлік түрінде төленеді. Шыны керек, қазақстандық байланыс желілері бізде тартпайды. Белгілі бір аймақтарда қо­сылады дегеннің өзінде интернет желісі баяу, телефон арқылы сөйлесу мүмкін емес. Сондықтан қырғызстандық байланыс желісіне қосылып алдық. Мен танитын жора-жолдас, жақындарымның барлығы осы қырғыз елінің байланыс желісін тұтынады, – дейді Қордай ауданы­ның тұрғыны Руслан Рыспеков.

Мұндай жағдай бір ғана Қордай ауданында орын алып жатқан жоқ. Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандары мен облыс орталығы саналатын Тараз қаласында да көрші елдің байланыс желісін тұтынатындар көп. 

Тараз қаласына тиіп тұрған Жамбыл ауданында да жағдай мәз емес. Аудан тұрғыны Роза Мұсаеваның айтуынша, қазақстандық байланыс желілерінің сапасы нашар болғаннан кейін олар қырғыз елінің операторына ауысып кеткен. «Соның арқасында көзіміз ашылып, жақындарымызбен еш кедергісіз сөйлесетін болдық», – дейді тұрғын.  

Осындай сәтте «Қырғыз елінде бар байланыс желісі неге бізде жоқ?» деген орынды сұрақ туады. Айыр қалпақты ағайындардың байланыс желісі көрші мемлекетке жетіп жатқанда, біз қалай бір облысты қамтамасыз ете алмай отырмыз? Осы сауалмен өңірдегі байланыс желілерінің барлығына қайырылдық. Kcell/Activ орталығының жетекшісі Айгерим Бега­­лиева да,  Beeline операторының өкілі Остап Бочанцев та, Tele2/Altel орталығының басшылығы да мардымды жауап бермеді. Барлығы да бұл сауалдарға жауап беру құзыреттеріне кірмейтінін, барлық мәселе бойынша бас кеңсеге жү­гіну қажеттігін айтты. Алайда кім­ге, қалай байланысу керектігі ту­ралы ақпарат бермеді.

Жауапты делінген операторлардан нақты жауап болмағаннан кейін облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының есігін қақтық. 

– Өңір бойынша ұялы байланыс желілерінің мұнараларын қоюға байланыс операторлары тікелей жауапты. Біз тек жер белгілеп беру сынды қолдаулар көрсетеміз. Десе де, тұрғындардың өтініштері бойынша байланыс желісі нашар тартатын аймақтарға қосымша мұнара қою сынды жұмыстар байланыс операторларымен бірге жүргізілуде. Мұнара қою үшін елді мекендегі халықтың саны, байланыс желісінің қажеттілігі сынды мәселелер ескеріледі. Сондықтан байланыс мұнараларын орнату кезең-кезеңімен, жан-жақты зерделе­ніп жүзеге асуда, – дейді басқар­ма басшысы Шалқар Амантұров. 

Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сынды маңызды автодәліз бойындағы байланыс желісінің мәселесін шешу үшін «Қолжетімді интернет» жобасы жүзеге асып жатыр екен. Басқарма басшысы Шалқар Болатұлының сөзіне сенсек, Қордай ауданында – 3, Мерке ауданында – 1, Т.Рысқұлов ауда­нында – 2 мұнара қою жоспарда. Сондай-ақ Жуалы ауданы бо­йынша – 1, Мойынқұм ауданы бойынша – 4 мұнара қойылмақ көрінеді. Осылайша, жауаптылар олқылықтың орнын толтырамыз деп отыр. Бұдан бөлек, 2023-2027 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында интернет желісі баяу істейтін елді мекендердің де жағдайын жақсарту күн тәртібінде тұр. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы