Мемлекет басшысы жуырда Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы транзиттік және логистикалық мүмкіндік жайын талқылаған болатын. Сонымен қатар Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуеті, Транскаспий көлік дәлізін дамыту, Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы теміржол бағытын іске асыру перспективаларына тоқталған еді. Бұл жөнінде Жолдауда да айтылып, көлік-транзиттік әлеуетін дамытудың нақты бағытын айқындап берген болатын.
Таяудағы Үкімет жиынында да Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік торабына айналдыру бойынша стратегиялық міндет қойылғаны аталды. Үкімет дерегінше, 2023 жылы транзиттік тасымалдау көлемі 19 пайызға өсіп, 24,8 млн тоннаны құраған. 2024 жылы транзиттік жүк көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсіп 27,4 млн тоннаға жеткен. 2025 жылы 10 айында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалған. Көлік қызметтерінің көлемі 20,7%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,4%-ға артты. Ал транзиттік жүктердің көлемі 29,4 млн тоннаға жетті, оның өсу деңгейі 5%-ды құрайды. Транспорттық жүк тасымалдау әлеуетін 2029 жылға дейін 67 млн тоннаға дейін көтеру межесі бар. Демек, транспорттық тасымал көлемі жылдан-жылға артып келеді. Бұл көрсеткіштер көлік-транзитін дамыту керек дегенді аңғартып тұр.
Логистика саласының маманы Мейірбек Өтеп еліміздің логистика саласын өркендету бастамасын оң бағалайды. Ол Қазақстан Еуропа мен Азия арасында үлкен логистикалық хабқа айналу ісін жеделтетіп, жол-құрылысы материалдарын жасайтын зауыттар құру қажет деп біледі.
– Транспорттық-логистиканы қолға алып, Еуропа мен Азия арасында үлкен логистикалық хабқа айналдыру – жақсы бастама. Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы теміржол бағытын іске асыруды діттейді. Бұл жолды салуға темір, тас, смола, әртүрлі қосынды материал керек. Сондықтан жол-құрылысына қажетті материалдар жасайтын зауыттар құрылысын көбейту керек. Әйтпесе, Қытай, Ресейден жол-құрылыс материалдарын тасуға тура келеді. Біз 50-60 пайыз сол елдерді керекті заттармен қамтамасыз етсек, өзімізде жұмыс орындары ашылады. Әсіресе, Ауғанстан тұсында жүктердің аман-есен, қауіпсіз өтуіне кепілдікті барынша пысықтап алған жөн. Қазақстан аумағынан жүк көліктері, туристік саяхат жасаушылар 2-3 мың шақырымда жүріп өткенде, үлкен қолайлылықты сезініп, ғажап әсер алып өтуге тиіс. Осы жолдардың бойында автожөндеу, теміржол бекеттері маңында түрлі сервистік қызмет, тегін интернет желісін де іске қосайық. Егер Пәкістанның Карачи мен Гвадарына шығуға мүмкіндік алсақ, логистикалық тынысымыздың ашылғаны болар еді, – деп санайды маман.
Экономикалық табыс тетігі
Елдің халықаралық бағыттардағы логистикалық дәліздердің дамуымен қатар, ішкі жолдардың жандануына да баса мән берілетін көрінеді. Көлік министрлігі дерегінде, транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту шеңберінде теміржол саласында өткізу қабілетін арттыру мақсатында бірқатар негізгі инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолдарында (ұзындығы – 836 шақырым, нәтижесі – өткізу қабілеті 5 есе өсті (12-ден 60 пойызға дейін) және Алматы айналма теміржолы (ұзындығы – 75 шақырым, жүктерді жеткізу мерзімі 24 сағатқа дейін қысқарды және Алматы теміржол торабы 40% босады) бойынша қозғалыс іске қосылмақ. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті және Global DTC компаниясы арасындағы бірлескен жоба шеңберінде кедендік ресімдеу процестерінің ашықтығын арттыру және автоматтандыру мақсатында кедендік транзитті қағазсыз ресімдеуді көздейтін Tez Customs платформасында сервисті енгізу бойынша жоба іске асырылды. Мұның нәтижесі – Қазақстан мен Қытай шекарасында кедендік транзитті ресімдеу процесін автоматтандыру, транзиттік декларацияларды ресімдеу және шығару уақытын жүк келген сәттен бастап 30 минутқа дейін қысқарту, адами факторды барынша азайту, сондай-ақ қағаз құжаттарының айналымын толық алып тастау. Сондай-ақ жүктер қозғалысының online-мониторингі жүзеге асырылмақ. Тасжол мәселесі бойынша Мемлекет басшысы «Бейнеу –Сексеуіл» «Орталық – Батыс» жобасын қолдады, ұзындығы – 725 шақырым, іске асыру мерзімі – 2026-2029 жылдар. Автожолды салудың техника-экономикалық негіздемесі әзірленді, мемлекеттік сараптамадан өтті, қазіргі уақытта жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Дүниежүзілік банкі жағынан қаржыландыру мәселесі пысықталуда делінген министрліктің бізге дерегінде. Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті – бұл жай ғана инфрақұрылым емес, бұл – ел экономикасының стратегиялық артықшылығы. Біздің географиялық орналасуымыз Еуропа мен Азияның ортасында тұр, сондықтан Қазақстан табиғи түрде құрлықтағы негізгі логистикалық көпір рөлін атқара алады деп сараптайды қаржыгер Бексұлтан Тұрсынбекұлы. Қаржы сарапшысының сараптауынша, транзит бұл Қазақстанның болашақтағы «жаңа мұнайы» екен. Бірақ айырмашылығы – бұл сарқылмайтын, технология мен басқаруға байланысты өсетін табыс көзі деп есептейді.
– Транзиттен түсетін табыс – мұнай немесе металл сияқты шикізат емес, бұл – тұрақты қызмет көрсету экономикасы. Яғни, біз өз аумағымыз арқылы өтетін әрбір жүк үшін ақша табамыз: теміржол тарифтері, автожол төлемдері, логистикалық қызметтер, терминалдар, қоймалар – барлығы бюджетке кіріс әкеледі. Ең алдымен, көлік саласы жалғыз өзі дамымайды, ол өзімен бірге тұтас экожүйе алып келеді. Жол салынса, оның бойында сервистік бизнес дамиды. Теміржол күшейсе, логистикалық орталықтар, қоймалар, кедендік қызметтер көбейеді. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, шағын және орта бизнеске мүмкіндік, өңірлердің дамуы. Тағы бір маңызды әсері – Қазақстанның экспорттық әлеуеті өседі. Себебі дамыған инфрақұрылым тек транзитке емес, өзіміздің тауарды сыртқа шығаруға да тиімді жағдай жасайды. Логистика арзандаса, біздің өнімнің бәсекеге қабілеті артады. Көлік дәліздері – бұл тек экономика емес, бұл – геосаясат. Қай ел арқылы негізгі жүк ағындары өтсе, сол елдің маңызы артады. Қазақстан бүгінде Еуразиядағы баламалы әрі қауіпсіз бағыт ретінде қарастырылып отыр. Бұл бізге инвестиция тартуға, халықаралық серіктестікті нығайтуға және аймақтағы рөлімізді күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді қаржы сарапшысы.
Жол салу ісі жалғасады
Көлік министрлігіні мәліметінше, қазір Қазақстан арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Соның 5-уі теміржол, 8-і автомобиль дәліздері. 2026 жылы бірқатар маңызды өзгеріс пен жетілдіру күтілуде. Бұл өзгерістер еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, тасымалдардың тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Көлік министрлігінің БАҚ-пен жұмыс басқармасының басшысы Даулет Самбетбаев көлік-транзиті бағытында атқарылып жатқан істерден толыққанды хабардар етті. Оның сөзінше, тар жолдар кеңейтіліп, темір жолдардың ескірген тұстары жаңарып, тасжолдарды елді мекен сыртынан өтетіндей етіп салып, Ақтау теңіз портын тереңдетіп қазып, үлкен терминалға айналдыру бойынша бірқатар жұмыс қолға алыныпты.
– Бізде транзиттік бағыттардағы «тар жерлерді» жою, теміржол, жол, порттық хабтар мен логистикалық орталықтар жаңғыртылуда. Теміржол саласында 1 700 шақырымға жол бойында жұмыстар жүргізіліп, 836 шақырымды құрайтын Достық – Мойынты толық іске қосылды. Бұл жоба қабілетін 5 есеге арттырып, Шығыс – Батыс бағытындағы дәліздерді тартымды етеді. 75 шақырым учаскеде Алматыны айналып өту жобасы салынып, пойыздардың жүріп өтуі жүзеге асырылуда. Дарбаза – Мақтаарал 152 шақырым, Қызылжар – Мойынты 329 шақырым, Бақты – Аягөз 297 шақырым жобаларын іске асыру жалғасуда. Бейнеу – Маңғыстау, Шалқар – Бейнеу, Алтынкөл – Жетіген, Ақсу – Семей және Қызылжар – Шалқар учаскелерінде модернизациялау жүргізілуде. Автомобиль жолдары саласында осы жылы 11 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Басым бағыттар – Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Ұлғайсын, Сарыағашты айналып өту және Атырау – Доссор учаскелері. 2026 жылы теңіз порттарының қуатын кеңейту үшін Ақтау портында тереңдету жұмыстары басталады. Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды терминалын салу жалғасады. Дәліздердің интеграциясы мен үйлесімділігі жақсарады. Қазақстан аймақтық және халықаралық серіктестерімен бірлесіп, транзиттік маршруттарды үйлестіру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл әсіресе Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс бағыттары бойынша логистикалық ағындарды тұрақтандыруға септігін тигізеді. Цифрлық платформа мен цифрландырудың рөлі артады. Біріккен ақпараттық жүйелер, «жасыл» дәліздер, электрондық кедендік рәсімдер және логистикадағы автоматтандыру транзиттік процестерді тездетіп, құжат айналымын айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл коммерциялық операторлар үшін Қазақстан бағытын тартымды етеді, – деді министрлік өкілі.
Айта кетейік, трансшекаралық хабтарды құру мен дамытудың мақсаттары, міндеттері және тәсілдері Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген. Үкіметтің 2025 жылғы күздегі отырысындағы дереккөздеріне барлығы бес трансшекаралық хабтың инфрақұрылымдық базасы қамтамасыз етілуде. «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы үшін теміржол желісі салынып жатыр екен. «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің айналма жолы жөндеуден өтуде. Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Құрық портында көпфункционалды терминал құрылысы жүріп жатыр. Теміржол және порт инфрақұрылымдары транзиттік ағындарды өңдеуге бағытталған көрінеді.
Тоқетері, біздің елде «Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың» 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленген. Сондай-ақ биыл шілдеге дейін «E‑жолдар» жүйесі жолдардың жағдайын есепке алу, ақауларды тіркеу және жұмыстардың орындалуын онлайн-режимде бақылау құралы іске қосылмақ. Ақтау теңіз порты ұлғайтылып жатыр. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары тәмамдалып келеді. Соның нәтижесінде 5 өткізу пункті іске қосылмақ. Осы аталған көрсеткіштер нәтижесінде еліміздің шикізатқа деген тәуелділігі азайып, қосымша жұмыс орындары ашылып, ел қазынасы толыға түседі деген сенім мол.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ