Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған құжат өмірге жолдама алды. Бұл – «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы.
Балалық шақтың баянды бағдарламасы
101
оқылды

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, осы бағдарлама – балалық шақ саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиясы. Бұл мемлекеттің өз халқының үштен бірінен астамын құрайтын ең жас әрі ең нәзік бөлігіне қатысты тұңғыш рет тұтас, жүйелі әрі басқарылатын саясат қалыптастыруға жасаған саналы қадамы.

Ұлттың үштен бір бөлігінің үміті

Елдің келешек келбеті бү­гін­гі балалардың қандай жағ­дайда өсіп жатқанына тікелей бай­ланысты. Дәл осы себепті Мем­­­­­ле­кет басшысы Ұлттық құ­рыл­тай­да «Қазақстан балалары» атты бі­рың­ғай концепция әзірлеуді тап­сырған-тын. Құрамына қарай Қа­зақстан әлемдегі жас халық­тар­дың қатарына жатады. 2026 жыл­дың 1 қаңтарында бірер айлықтан 17 жас (қоса алғанда) ара­лы­ғын­да­ғы қазақстандықтардың саны 6 918 656 баланы құрады. Сөйтіп, бү­гінде кәмелетке толып, есейген жас­тарды қоспағанда, халқы­мыз­дың 34%-ы – балалар. Яғни, осы 7 миллионға жуық балаға білім беру, денсаулығын сақтау, қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, дарынын ұштап, өнерін өрге бастыру және басқа бағыттағы мемлекеттің іс-қи­мылдарын тұтас қамтитын бірың­ғай тұжырымдама түзуге ба­тыл қадам жасалып отыр. 

Ол табысты бола ма, жоқ па, оны әрине өмір мен тәжірибе көр­се­теді. Әйткенмен, балалық шақ­қа қатысты қабылданатын кез кел­ген шешімнің таптаурын әлеу­мет­тік ұран деңгейінен әкетіліп, мем­лекеттің стратегиялық тұжы­рым­дамасы дәрежесіне көтерілуі­нің өзі маңызға ие. Құжат енді мем­лекеттік саясаттың өзегіне ай­налуға тиіс. Балалар аман болса, дені-қары сау болса, қарны тоқ болса, уайым-қайғысы жоқ болса, әлеуеті мен дарынын жүзеге асы­ру­ға барлық жағдай жасалса, жас ұр­пақ та қайырсыз, қайтарымсыз қал­майды, елдің тынысын ашады, тө­рін кеңейтеді, Отанының бола­шағын жарқын етеді. 

Үкімет бекіткен «Қазақстан ба­лалары» тұжырымдамасы – осы қа­расы миллиондармен санала­тын қалың нөпір әлеуметтің мүд­де­сін қорғайтын тарихи құжат. Тұ­жырымдама 2030 жылға дейінгі ке­зеңде білім беру, денсаулық сақ­тау, қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау жә­не отбасылық әл-ауқат сала­ла­рын бір арнаға тоғыстырады, осы бағыттардағы нақты іс-шаралар жоспарын қамтиды. Бұл, Пре­зи­дент айтқандай, ведомствоаралық ала-құлалықты жойып, бала тағ­дырына деген біртұтас мемлекеттік көз­қарасты қалыптастырудың ба­сы болуға тиіс.

Құқық – қорған, заң – кепіл

Соңғы жылдары бала құ­қы­ғын қорғау саласында іргелі өзгеріс болып жатыр, жүйелі іс-шаралар қабылданды. Заң­на­ма­лық база едәуір кеңейтілді, әсі­ресе балаларға қарсы жасалған қыл­мыстар үшін жазаның бұл­тарт­пас қағидаты нықталыпты. От­басы, әйелдер мен балалардың құ­қығын қорғайтын бірыңғай 111 бай­ланыс орталығы істейді: мұнда әр­бір өтініш нақты көмек пен тек­серуге негіз болады. Елдің барлық өңірінде Бала құқықтары жөнін­дегі уәкілдер іске кіріскен.

Биылғы 1 ақпаннан бастап мек­тептер мен өзге де білім ме­ке­мелерінде қауіпсіздік, тамақтану жә­не балалардың денсаулығына қа­тысты күтпеген тексерулер жүр­гізіледі. Бұл – баланың амандығын фор­мальды есептен жоғары қоюға бағытталған шешім. Осыған орай Үкіметтен салалық министр­лік­тер­ге және әкімдіктерге ерекше ба­қылауға алынатын нысан­дар­дың тізілімін шұғыл қалыптастыру тура­лы тапсырма түсті. 

Балаларды қорғау жүйесін күшейту үшін қорған­шы­лық органдарының штаттық нор­ма­тиві қайта қаралды: енді әрбір 5 мың балаға кемінде 1 маманнан келуге тиіс. Бұл – қорғансыз қал­ған бүлдіршіннің мұңын тың­дай­тын, құқығын қорғайтын кәсіби жа­нашырлардың саны бір жыл­дың ішінде 3 еседен астам кө­бейе­ті­нін білдіреді. Осы кадрлық әлеует негізінде өңірлерде бала құ­қығын қорғау басқармалары құ­рыла бастады. Алайда бұл жұ­мыс әзірге Ақмола, Ақтөбе об­лыс­та­рында және елордада ғана бел­сен­ді жүргізілуде екен. Бұл жер­­­­­гілікті биліктің әлі де селқос­тық танытып отырғанын көрсе­те­ді. Сондықтан қалған өңірлерге 2 ай ішінде тиісті құрылымдарды толық құру жүктелді.

Буллингті ЖИ анықтайды

Замана ағымы бала тәрбие­сін­де жаңа сын-қатерлер туындатты. Мұ­ғалімдердің мәліметі бойынша қа­зір көптеген оқушы заңсыз он­лайн-казиноларда ойнайды. Ин­тернет-алаяқтар да ардан безіп, оңай алданатын аңғал балаларды бас­ты нысанасына айналдырды. Цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігі мен жасөспірімдердің психо­ло­гия­лық тұрақтылығы бүгінгі күн­нің басты түйткілі. Осы орайда «Қа­зақстан балалары» тұжы­рым­да­­масы аясында бірыңғай цифр­лық платформа құрылмақ. Бұл плат­форма психологиялық диаг­нос­тика мен сүйемелдеуді жүйе­леп, қауіп-қатерді ерте анықтауға жол ашады.

«Көптеген ауыл баласы үйір­ме­лер мен заманауи білім беру те­хнологияларынан тыс қалатыны атап өтілді. Жасөспірімдерге тиіс­ті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айырылып отыр. Бұл бағытта жүйе­­­­­лі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек жә­не әлеуметтік қорғау, Ішкі істер ми­нистрліктері мен өңір әкім­дік­тері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет», – делінген Үкіметтің хабарла­ма­сын­да.

Жаңа бағдарлама аясында бала қауіпсіздігін бақылау үшін ке­зең-кезеңімен жасанды ин­тел­лект технологиялары енгізілетін бол­ды. ЖИ бейнекамера орна­тыл­ған барлық мектепті бір мезгілде ба­қылауға ала алады. Бұл ретте ЖИ бірнеше оқушының бір жерде топ­тасуы, айғайлап сөйлесуі, ұзақ жұл­қыласуы, төбелесуі, мүлік-мү­кәммалды бұзуы, өзімен қару әкелуі сияқты бірқатар нышан бойын­ша төнген қауіп-қатерді ай­қын­дап, полицияға жедел түрде ха­бар береді. Тәртіп сақшылары ба­ланы қорғау үшін қажетті шара­лар қабылдауға тиіс.

– Жол ережесін бұзуды авто­мат­ты тіркейтін – «Ақылды жаяу жүр­гінші өткелдері» жобасын кеңей­тіп жатырмыз. Мектептердің 100% бейнебақылаумен жабдық­тал­ған. Олар Жедел басқару орта­лық­тарына қосылған. Қазір қауіп­ті жағдайларды анықтайтын ЖИ-і бар камераларды енгізуді бас­та­дық. Жасөспірім қылмысының про­филактикасына тоқталсам, есеп­те тұрған 4 800 бала, 5 700 ата-ана тұрақты бақылауда. Кәмелетке толмағандар жөніндегі ко­мис­сия­лардың рөлі күшейтілді. Оқу-ағар­ту министрлігімен бірлесіп «қиын» ба­лаларға қатысты тәр­бие­лік ша­ра­лар тізбесі кеңейтіледі, ­­ – деді Іш­кі істер министрі Ержан Сәде­нов.

Оның ақпаратынша, тұжы­рым­дама аясында уәкілетті ор­ган­дар­мен бірге ерекше бақылауды та­лап ететін девиантты, тентек мі­нез-құлқы бар балалармен жұ­мыс күшейтіледі. Тәуелділігі бар, лу­доман балаларды анықтау ал­го­ритмдерінің жобалары әзірленіп жа­тыр. Зорлық-зомбылық, бул­линг­ке ұшыраған балаларға әлеу­мет­тік және психологиялық кө­мек, тәлімгерлік, отбасылық кеңес беру қарастырылған.

Сонымен қатар балалардың, ата-аналардың және педа­гог­тар­дың цифрлық сауаттылығын арт­тыру, балалардың интернетті, әлеу­меттік желіні түнгі уақытта пай­далануын шектеу шаралары қа­растырылған. Бұл бастамалар ба­лаларды зиянды контенттен, ки­бер қауіптерден және цифрлық ги­гиенаны бұзудан қорғауға ба­ғыт­талған. Балалардың денсау­лы­ғы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау саласындағы заңнама жаңартылып, цифрлық қауіптердің алдын алу тиімділігі арттырылып, қабылданатын шара­лар жүйелі етілмек.

Саулықты кабинеттер қадағалайды

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуын­ша, Қазақстан балалардың әл-ауқаты индексінің «Денсаулық» ба­ғыты бойынша әлемдік «Топ-30» тізіміне енді. Алайда атқа­ры­лар іс әлі көп. Оның айтуынша, тұ­жырымдаға сәйкес профи­лак­ти­калық тексерулермен қамты­ла­тын балалардың үлесін 66%-ға жә­не денсаулық сақтау нысан­дары­ның тозу деңгейін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін төмендету көзделген. Бұл индикаторларға қол жеткізу үшін министрліктің ал­дында 30 іс-шараны жүзеге асыру міндеті тұр. 

Уақытша қозғалысы шек­тел­ген кезеңде балдақ, мүгедек ар­ба­сы, басқа көмекші техникалық құ­ралдармен қамтуға, кәмелетке тол­маған туысқан донордан сүйек ке­мігін трансплантаттауға, сон­дай-ақ ем алу үшін басқа өңірге шық­қанда жол жүру шығындарын бюджеттен өтеуге қатысты жаңа­лық­тар енуі мүмкін: жаңа заң жо­б­а­сы Мәжіліс қарауында.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сү­лейменованың түсіндіруінше, 2026-2030 жылдарға арналған «Қа­зақстан балалары» бірыңғай тұ­жырымдамасы қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы құ­қығы және әлеуметтік қорғау сияқ­ты 4 негізгі бағытты қамтиды. Тиім­ділікті бағалау үшін 10 ин­ди­катор, ал жүзеге асыру үшін 158 іс-шара көзделген. Қаржы­лан­дырудың жалпы көлемі – 1,3 трлн теңге.

Тұжырымдама шеңберінде «Заң мен тәртіп» идеоло­ге­­­­масын кеңінен жаю; мек­теп­тер­де балалардың әлеуметтік эмо­ция­лық дағдыларын дамытуға ба­ғытталған педагог-психолог са­ғатын енгізу; балаларды «Адал аза­мат» рухында тәрбиелеу; зор­лық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмектің 40 кабинетін ашу; психологиялық диагнос­ти­ка­ның бірыңғай цифрлық плат­фор­масын құру; қадағалауды та­лап ететін балаларды тәлім­гер­­лермен 100% қамту; педагог-психолог­тар­ға арналған бірыңғай кәсіби стан­дарт­тарды, біліктілік талаптарын қай­та қарау жоспарланған.

– «Қазақстан балалары» тұжы­рым­дамасы арқылы балалардың құ­қықтарын қорғау саласында жаңа жүйелі тәсілдерге көшу көз­делген. Алғаш рет баланың өмір­лік жолын цифрлық сүйемелдеу те­тігі енгізіледі. Онлайн қауіп­сіз­дік шаралары күшейтіледі. Инк­люзивті ортаға, өңірлерде бала­лар­ға қолжетімді инфра­­құры­лымды дамытуға басымдық беріледі. Ме­дициналық және оңалту ұйым­да­рының желісін кеңейту жос­пар­ла­нып отыр, ­– деді Ж.Сүлейменова.

Сонымен қатар әлеуметтік қол­дау көрсету тәсілдері қай­та қаралып, оның тиімділігіне баса мән берілмек. Елдің барлық же­рінде балалардың қоғамдық кө­лікте тегін жол жүруі кезең-ке­зеңімен енгізіледі. Бала құқық­тары­ның бұзылуының алдын алу тетік­тері де айтарлықтай жаңғыр­ты­лып, бірыңғай стандарттар қол­данылмақ. Кейс менеджмент институты дамытылады: онда пе­дагог-психолог бала мен отбасын ке­шенді сүйемелдеудің негізгі қа­тысушысына айналады. Пси­хо­логиялық көмектің рөлі күшей­тіле­ді және баланы қылмыстық про­цесс барысында да жеке сүйе­мелдеу тетіктері қамтамасыз еті­леді.

«Қазақстан балалары» тұ­жы­рым­дамасы – тек цифрлар мен ин­ди­каторлар жиынтығы емес. Оған жұмсалатын 1,3 триллион тең­ге – ұлт болашағына салынған ин­вестиция. Бағдарламада быты­раң­қы әлеуметтік іс-шаралардан ары­лып, ұлт болашағын біртұтас жүйе ретінде қарастыруға бағыт­тал­ған талпыныс жасалған. Бұл тал­­­пы­ныстың табысы көркем есеп­­­терде, игерілген миллиард­тар­­да емес, оның әр бабының нақ­­ты жұ­мыс іс­тейтін тетікке ай­налуында жә­не ең бастысы – ба­лалардың осы өз­герістерді өз өмі­рінде сезіне алуын­да болмақ. Ендеше, Пре­зи­дент­тің бас­та­масымен әзірленген ст­ра­тегияның лайықты орындалуы – тұтас қо­ғам­ның орт­ақ аманаты.

Айхан ШӘРІП