Мәселен, Астана қаласында партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдары өкілдерінің, Мәжіліс депутаттарының, өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен «Тұрғындар аманаты» жобасын дамыту мәселесіне арналған жиын өтті.
«AMANAT» партиясы: Тұрғын үйді басқаруда ашықтық пен жауапкершілік күшейеді
125
оқылды

«AMANAT» партиясы «Тұрғындар аманаты» жобасын жүзеге асыру аясында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту және көппәтерлі тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мәселен, Астана қаласында партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдары өкілдерінің, Мәжіліс депутаттарының, өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен «Тұрғындар аманаты» жобасын дамыту мәселесіне арналған жиын өтті.

Іс-шараны ашқан «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесі партияның сайлауалды бағдарламасында негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл міндет кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді: инженерлік желілер жаңартылуда, көппәтерлі үйлерді басқару жүйесі жетілдірілуде, ТКШ саласындағы ашықтық деңгейі артуда. Қабылданған шаралар жылу беру маусымына дайындықты қамтамасыз етіп, коммуналдық инфрақұрылымның тозуын біртіндеп төмендетуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ ол Мәжіліс пен мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы фракциясы тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өтті.

«Нәтижесінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжатта тұрғын үйлерді басқарудың екі форматы айқындалып, міндетті төлемдердің үш түрі және басқарушылардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар бекітілді. Осы мәселелер «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында жергілікті атқарушы органдармен және тұрғындармен бірлесіп, жүйелі түрде одан әрі пысықталуға тиіс», – деді Ержан Жылқыбаев.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау «Тұрғындар аманаты» жобасы ел азаматтарының жартысынан астамының мүддесін қамтитынын атап өтті. Урбанизация деңгейінің жоғары болуына байланысты, көппәтерлі үйдің тұрғындары күн сайын басқару сапасы, баспананы күтіп-ұстау және қаржы шығындарының ашықтығы мәселелеріне тап болуда.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның негізгі мәні – көппәтерлі тұрғын үйді күтіп-ұстауға қатысты барлық негізгі шешімдер, мейлі ол ПИК, МИБ, басқарушы компания немесе өзге де форма болсын, тұрғындардың өз құзырында қалуы. Заң нормалары басқару формасын таңдау, тарифтерді белгілеу, үйді күтіп-ұстау тәсілдерін айқындау, қаражаттың жұмсалуы туралы толық әрі анық ақпарат алу, сондай-ақ басқару органдарының заңды жұмыс істеуін бекітеді. Сонымен қатар партия МИБ пен ПИК төрағалары және белсенді тұрғындармен жүйелі жұмысты жолға қойып, олармен тікелей ынтымақтастық орнату арқылы белсенді рөл атқаруға тиіс», – деді Альберт Рау.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева «Тұрғындар аманаты» жобасының аудиториясы көпшілік сипатқа ие екенін атап өтті.

«Тұрғын үй-коммуналдық сала – күрделі, жағымсыз әрі көбіне қақтығысқа толы тақырып. Дегенмен сайлау процесінің жақындауына байланысты, осы саланы көп партия өз қолына алғысы келеді. Қандай форматта болсын, кез келген байланыс – бұл өзара іс-қимыл арнасының орнауы. Сол арқылы біз қолдау көрсетіп, көмектесіп, белгілі бір деңгейде байланыс орната аламыз», – деді депутат.

Іс-шара қорытындысында партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев талқылау нәтижелерін түйіндеді. Ол Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ауыл әкімдері форумын ұйымдастырудың оң тәжірибесін еске салып, осындай тәсіл «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында да қолданылатынын мәлімдеді. Өңірлерде ұйымдастырылатын форумдар міндетті түрде әкімдердің қатысуымен, бірыңғай форматта және «Тұрғын үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» ортақ тақырыбы аясында өткізіледі.

Сондай-ақ ол өңірлік филиалдардың алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді. Олардың қатарында МИБ мен ПИК белсенділерін халықтың қатысуымен жүзеге асырылатын бюджетке тарту, ортақ мүлікті күрделі жөндеуден өткізу жұмысын ұйымдастыруға атсалысу, оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу, МИБ және ПИК базасында бастауыш партия ұйымдарын құру, кадрлық резерв қалыптастыру, сондай-ақ партия филиалдары жанынан «Тұрғындар аманаты» жобасының фронт-офистерін ашу қадамдары бар.

Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Астанада басталған бұл жұмыс еліміздің барлық өңіріне, әсіресе ірі қалаларға кеңінен таралуға тиіс. Ол аталған жоба аясындағы іс-шараларға әкімдердің жеке қатысуының маңызын атап өтіп, жүзеге асыру нәтижелері партияның тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.