Бірақ былтыр жыл соңында ғана қазығы қағылған жылу электр орталығының құрылысы кейінгі жылдардағы ең ірі әрі ең даулы инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналып отыр. Бір жағынан, станса солтүстік өңірдің жылу мен электр энергиясы тапшылығын шешуге тиіс болса, екінші жағынан, жергілікті қоғам арасында экология, қаржыландыру, мерзім мен тиімділікке қатысты сауал көп.
Шаһардың жылу жүйесі толығымен сонау Кеңес заманында пайдалануға беріліп, әбден тозығы жеткен жылу қазандықтарына тәуелді. Қолдану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен қазандықтар ондаған жылдар бойы апатты жағдайда да жұмыс істеуге мәжбүр болды. Оның үстіне, шаһарда кейінгі жылдарда құрылыс қарқынының тым артуы да жылу қазандықтарына шамадан тыс жүк болып, қаланы жылумен қамтуға қауқары жетпеуге таяды. Әсіресе, Сарыарқа, Жайлау сияқты шаһардың шеткері аудандары жыл сайын мұздап қалатынын айтып жиі шағымданады.
Жыл санап облыс орталығындағы халық санының өсіп, қала құрылысының кеңеюі шаһарда ЖЭО салуды жеделдету қажеттігін айқын көрсетті. Осы қажеттіліктен туындап, мемлекет деңгейінде Көкшетауда жаңа жылу электр орталығын салу туралы шешім қабылданған. Жоба елдегі энергия теңгерімін тұрақтандыруды көздейтін ірі стратегиялық жоспардың бір бөлігі ретінде қарастырылды. Бұл ретте Көкшетау ғана емес, тұтас солтүстік аймақтағы бірнеше қалада жаңа ЖЭО-ын салу күн тәртібіне шықты.
Жобаны іске асыру үшін арнайы «Көкшетау CHP» компаниясы құрылып, негізгі оператор ретінде «Самұрық-Энерго» компаниясы белгіленді. Ал қаржыландыру тетігі бастапқыда халықаралық әріптестік арқылы жүзеге асады деп жоспарланғанымен, кейін Қазақстан жобаны өз күшімен жүзеге асыратыны мәлім болды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, Көкшетаудағы жаңа ЖЭО 240 МВт электр энергиясын, сонымен қатар 520 Гкал/сағ жылу қуатын өндіруге қабілетті болмақ. Бұл – қаланың қазіргі қажеттілігін толық жауып қана қоймай, алдағы жылдарда салынатын тұрғын үй құрылысы мен өнеркәсіптік өсімді де есепке алатын көрсеткіш болып отыр.
Станса заманауи технологиялармен жабдықталып, көмір жағу кезінде зиянды қалдықтарды барынша азайтатын сүзгілер орнатылады. Сонымен қатар болашақта газ инфрақұрылымы дамыған жағдайда, ЖЭО-ны газға көшіру мүмкіндігі де техникалық тұрғыда қарастырылыпты.
ЖЭО құрылысы басталғалы бері қоғамда ең көп айтылған сауал – экология мәселесі екені рас. Жобалаушылардың мәліметінше, жаңа жылу электр орталығы ескі қазандықтармен салыстырғанда атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды әлдеқайда аз шығарады. Себебі онда халықаралық стандарттарға сай газ тазарту жүйелері қолданылады. Яғни, бір орталық ЖЭО – бірнеше ондаған ескі қазандықтан экологиялық тұрғыда қауіпсіз деген уәж алға тартылады. Дегенмен жергілікті экологтар қоғамдық бақылау мен ашық мониторингсіз бұл уәделер қағаз жүзінде қалып қоюы да мүмкін екенін ескертеді.
Сонымен қатар жылу мен электр энергиясының тұрақтануы шаһарда тарифтік тәуекелді төмендетіп, инвесторлар үшін қаланың тартымдылығын арттырады деп күтіледі. Ең бастысы, қуатты жылу электр орталығының пайдалануға берілуі тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етпек.
Халық жылдар бойы күткен Көкшетаудағы ЖЭО-ғы жай ғана энергетикалық нысан емес екені айдан анық. Жаңа нысан қаланың болашақ дамуына тікелей әсер ететін аса ірі стратегиялық шешім болмақ. Егер жоба уәде етілгендей сапалы, ашық және уақытында жүзеге асса, Көкшетау ондаған жыл еш уайымсыз жылумен қамтамасыз етілмек. Ал егер бақылау әлсіреп, жауапкершілік төмендесе, бұл жоба да осыған дейін бармақ шайнатқан «қымбат, бірақ күмәнді» бастамалардың қатарына қосылуы бек мүмкін. Сондықтан ЖЭО тағдыры – тек энергетиктердің ғана емес, қоғам мен биліктің ортақ жауапкершілігін естен шығарылмаса екен дейміз.
Айбын АРҒЫН