Сириядан 600-дей қазақстандық қайтарылып, 43 адам сотталған – «Жусан» операциясының соңы
Сириядан 600-дей қазақстандық қайтарылып, 43 адам сотталған – «Жусан» операциясының соңы
Фото: Интернеттен алынды
551
оқылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Жусан» гуманитарлық операциясының төрт кезеңін қорытындылағанын хабарлады.
ҰҚК Youtube парақшасында: «2019 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылды. Операцияның бірінші кезеңінде ­– 47 адам, оның ішінде, 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала, екінші кезеңінде – 231 адам, оның ішінде, 16 ер адам, 59 әйел және 156 бала (18 жетім), үшінші кезеңінде – 246 адам, оның ішінде, 8 ер адам, 67 әйел және 171 бала (9 жетім), төртінші кезеңінде – 71 адам, оның ішінде, 3 ер адам, 19 әйел және 49 бала (5 жетім) елге жеткізілді. Осылайша, жалпы Сириядан қайтарылғандар саны – 595 азамат (33 ер адам, 156 әйел, 406 бала (32 жетім)», – деп хабарлады.
Сенат отырысында ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков әлі де болса 100-ден астам қазақстандық террористік шабуылдар жиі болатын аймақтарда жүргенін айтты. «Негізінен, көпшілігі, Сирияда: 36 ер адам, шамамен 80 әйел, ал балалар туралы айта алмаймын», – деді Нұрғали Білісбеков. Сондай-ақ, қазақстандықтарды терроризм қаупі бар аймақтардан эвакуациялау бойынша «Жусан» арнайы операциясы бұдан кейін өткізілмейді, Соңғы рет Ирактан балаларды әкелген болатын.
«Ирактан 14 баланы алып шықтық. Біз қақтығыс аймақтарындаға азаматтарға қатысты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бірақ олар бойынша толық ақпарат жоқ», – деді Білісбеков. 
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, террористік ұйымдардың операцияларына қатысқаны үшін 31 ер адам мен 12 әйел сотталған. Тағы 14-і тергеліп жатыр.