Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Перумен қылмыс­тық-құқықтық салаға қатысты үш шартты ратификациялады.
Мәжіліс газ тұтыну туралы заң жобасын мақұлдады
171
оқылды

Газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемдеп тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттар бастамашы болған заң жобасын Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин таныстырды. 

– Соңғы жылдары елімізде газ тұтыну көлемі қарқынды өсіп келеді. Бұл үрдіс, бір жағынан, газдандыру саясатының нәтижесі болса, екінші жағынан тауарлық газды үнемді және жауапты пайдалану мәселесін күн тәртібіне өткір қойып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, энергия ресурстарының қолжетімділігі оларды бейберекет тұтынуға негіз болмауға тиіс. Керісінше, дәл осы кезеңде энергия тиімділігі мен үнемшілдік қағидаттары мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуы қажет, – деді депутат. 

Осыған байланысты заң жобасында газ тұтыну нормаларын бекіту және бағаны белгілеуге сараланған тәсілді қолдану ұсынылып отыр. Есепке алудың дәлдігі мен ашықтығын арттыру үшін деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдарға кезең-кезеңімен көшу және газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл ретте депутаттың айтуынша, есептегіш құралдарды ауыстыру газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар тиімсіз делдалдар мен «қос тариф» мәселесін шешу үшін бір газ тарату жүйесі арқылы тауарлық газды бір мезгілде екі және одан да көп газ тарату ұйымының тасымалдауына тыйым салу енгізіледі. Олар магистралды газ құбырына тікелей қосылуға міндеттеледі. 

Иесіз газ құбырларына қатысты мә­селені жою мақсатымен түзетулер арқылы жеке инвесторлар салған газ құбырларын құрылыс шығындары өтелгеннен кейін өздері қосылған газ тарату ұйымының меншігіне беру міндеті енгізіледі. 

Заң жобасында газ құю бекеттерінің қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нормалар да қарастырылған. Жаңа автогаз құю стансаларында  резервуар­ларды жер астына орналастыру ұсы­нылады, ал қолданыстағы стансаларда 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін резер­вуар­ларды жер астына көшіру туралы өтпелі кезең белгілеу көзделген. Сондай-ақ көлік құралдары мен тұрмыстық газ бал­лондарын заңнамада белгіленген орындардан тыс жерде газбен толтыру­ға тыйым салынады. Жергілікті атқару­шы органдарға автогаз құю стансалары­ның шекті санын белгілеу құқығын беру ұсынылады. 

Тиісті өзгерістер мен толықтырулар «Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға енгізіледі. 

Депутаттар өңірлерді, елді мекендерді және әлеуметтік осал топтарды газдандыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ олар мемлекеттік органдар өкілдерінен газды үнемдеп тұтынуға ынталандыру шаралары, тариф саясаты, газ өндіру және бөлу процестерін цифрландыру, ресурстық базаны толықтыру үшін геологиялық барлау, сондай-ақ ішкі газ өндірісін ұлғайту жөніндегі атқарушы органдар мен QazaqGaz ұлттық компаниясының нақты іс-әрекеттері туралы сұрады. 

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Оны талқылау депутат Вера Кимнің жетекшілігімен жұмыс тобының отырыстарында жалғасады. 

Сонымен қатар Мәжіліс 2024 жылғы 23 қазанда Астана қаласында қол қойылған Перумен арадағы қылмыстық-құқықтық саладағы үш шартты ратификациялап, одан әрі қарау үшін Сенатқа жолдады. Құжаттарды депутаттарға Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды. 

Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарт көмек көрсетудің талаптары мен тәртібін айқындайды, сондай-ақ күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін анықтау үшін процессуалдық әрекеттер жүргізу қарастырылған. Оған қамауда отырған адамдарды уақытша беру, тінту жүргізу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді тәркілеу, банк шоттарын анықтау, сараптама жүргізу және басқа да шаралар жатады. 

Сотталған адамдарды беру туралы шарттың негізгі мақсаты – оларға жазасын өздері азаматтығы бар мемлекетте өтеуге мүмкіндік беру. Құжат сотталған адамның тілдік және мәдени ортаға бейімделуін қамтамасыз етуге, отбасымен және жақындарымен байланысын сақтауға, сондай-ақ әлеуметтік оңалтуды жеңілдетуге құқықтық негіз жасайды. Бұл ретте беру тек сотталған адамның келісімімен жүзеге асырылады. 

Ұстап беру туралы шарт тараптардың аумағында жүрген және қылмыстық қудалау немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау үшін іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Берудің негізгі шарты – Тараптардың заңнамасына сәйкес кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды немесе одан да ауыр жазаны көздейтін қылмыстың жасалуы. 

Жұмыс тобының жетекшісі Данабек Исабектің айтуынша, аталған құжаттарды ратификациялау екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету тиімділігін арттырады. 

Сонымен қатар салалық комитеттер Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге, 1997 жылғы 27 ақпанда жасалған Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы Жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаға қатысты жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. 

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралды. Ол осы аптада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.