Ақпарат тасқыны күшейген заманда журналистің рөлі әлсіреген жоқ, керісінше жауапкершілігі артты. Себебі қазір студенттер жаңалықты қай платформадан көрсе де, оның шынайылығына күмәнмен қарайды. Осы тұста кәсіби журналистиканың басты міндеті – жылдамдыққа ғана емес, мазмұн сапасына басымдық беріп, қоғамға сенімді бағыт-бағдар ұсына білу.
Instagram, TikTok, Telegram: студенттер күнделікті жаңалықты қайдан оқиды?
www.istockphoto.com
185
оқылды

Бүгінде студент үшін жаңалықты білу – арнайы уақыт бөліп газет оқу немесе кешкі телехабарды күту емес. Ақпарат күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналды. Таңертең ұялы телефонды қолға алып, әлеуметтік желіні парақтау арқылы жастар елдегі және әлемдегі жаңалықтан хабардар болады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

 «Студент жаңалықты қайдан оқиды?» деген сұрақ медиа саласы үшін ғана емес, қоғам үшін де өзекті. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі оқырман, сайлаушы, түрлі сала мамандары. Осы мәселені анықтау мақсатында студенттер арасында шағын онлайн-сауалнама жүргіздік.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, бүгінде Instagram – басты ақпарат алаңы. Респонденттердің басым бөлігі жаңалықты Instagram арқылы оқитынын айтты. Яғни, қазір жастардың ақпаратты тұтыну бағыты түбегейлі өзгерген.

Жалпы көрсеткіш төмендегідей:

Бұл деректер жастар үшін ақпараттың мазмұнынан бұрын, оның ұсынылу формасы мен жылдамдығы маңызды екенін аңғартады.

Instagram-да жаңалық қысқа мәтін, сторис немесе визуалды формат арқылы таралады. Студенттер үшін мұндай жылдам әрі ықшам ақпарат өте қолайлы. 

3-курс студенті Данияр Азатұлы Instagram-ды таңдауының себебін былай түсіндіреді: 

«Мен жаңалықты көбіне Instagram арқылы көремін. Себебі ол жерде ақпарат қысқа, көзге бірден түседі. Ұзақ мәтін оқуға уақыт та, шыдам да жетпейді. Маңыздысы – оқиғаның не болғанын тез түсіну».

Әлеуметтік желі – ақпарат таратудың жаңа форматы. Instagram мен TikTok-та ақпарат дәстүрлі журналистикадағыдай көлемді мәтін немесе ресми стильде ұсынылмайды. Мұнда басты рөлді визуал, эмоция және динамика атқарады. 

«TikTok-та жаңалық видео форматта беріледі, сол үшін қызық. Кейде бір минуттық роликтен-ақ қоғамда не болып жатқанын білуге болады. Бірақ бәріне бірдей сене бермеймін, тек жалпы хабардар болу үшін қараймын», – дейді 2-курс студенті Ләйлә Рүстемқызы.

Telegram – сенімге негізделген таңдау. Бұл платформаны таңдаған студенттер оны «артық ақпарат жоқ», «нақты әрі қысқа», «ресми дереккөзге жақын» деп сипаттайды. 

«Telegram-ды таңдауыма басты себеп – артық ақпарат жоқ. Жазылған арналарым нақты жаңалықты қысқа әрі түсінікті етіп береді. Ресми дереккөзге жақынырақ сияқты», – дейді 3-курс студенті Жанар Маратқызы. 

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, студенттер ақпараттық сайттарға сирек жүгінеді. Бұған мәтіннің ұзақтығы, ресми тіл және визуалды контенттің аздығы әсер етеді. 

Дегенмен, 4-курс студенті Азамат Болатұлы маңызды тақырыптарда дәстүрлі медианың рөлі жоғары деп есептейді: 

«Күнделікті жаңалықты әлеуметтік желіден оқығанмен, маңызды тақырыптарда міндетті түрде ақпараттық сайттарға кіремін. Себебі онда ақпарат толық әрі тексерілген болады»,  дейді ол.

Ақпаратты таңдауда эмоция алдыңғы орында. Бүгінгі студент жаңалықты көбіне эмоция арқылы қабылдайды. Қоғамда дау тудырған, әлеуметтік желіде кең талқыланған немесе жеке өміріне тікелей әсер ететін тақырыптар жылдам таралады. Бұл медиаға жаңа талап қояды: ақпарат тек маңызды ғана емес, оқырман назарын аудара алатындай формада ұсынылуы тиіс.

Бүгінде студент – ақпаратты пассив қабылдаушы емес, оны таңдап тұтынатын аудитория. Бірақ бұл таңдауды көбіне журналист емес, әлеуметтік желінің алгоритмдері анықтайды. Студенттердің ақпаратты тұтыну әдеті – қоғамдағы медиа мәдениеттің айнасы. Жастар қай ақпаратты, қандай форматта қабылдайтыны ертеңгі қоғамдық пікірдің қалай қалыптасатынын айқындайды. Егер дәстүрлі медиа жаңа аудиториямен тіл табыса алмаса, ақпараттық кеңістікте оның орнын әлеуметтік желідегі бейресми әрі тексерілмеген контент басуы мүмкін.

Ақпарат тасқыны күшейген заманда журналистің рөлі әлсіреген жоқ, керісінше жауапкершілігі артты. Себебі қазір студенттер жаңалықты қай платформадан көрсе де, оның шынайылығына күмәнмен қарайды. Осы тұста кәсіби журналистиканың басты міндеті – жылдамдыққа ғана емес, мазмұн сапасына басымдық беріп, қоғамға сенімді бағыт-бағдар ұсына білу.

Гүлшекер СҮЛЕЙМЕНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті  Баспасөз және баспа ісі кафедрасының 4-курс студенті