Дәрінің бағасы бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен өндіруші препараттың өзіндік құнын есептейді. Бұл құнға шикізат, өндірістік жабдықтар, зауыт шығындары, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерге кеткен жылдар мен қаржы кіреді. Одан кейін дәрі дистрибьюторға жеткізіледі.
Дәрі-дәрмек бағасы неге қымбат?
www.istockphoto.com
345
оқылды

Елімізде дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы алаңдатарлық жайт.  Бір препараттың бағасы ай сайын өзгеріп, кейде бір қаланың өзінде әртүрлі дәріханада сан түрлі бағамен сатылғанына жұрт наразы. Осы  мақсатта Үкімет 4 жаңа фармацевтикалық зауыт салу және 356 жаңа дәрі шығару жобасын қолға алмақ. Құрылтайдағы реформалар аясында Үкімет 316 млрд теңгеге 6 инвестициялық жобаны бекітіп, 400‑ден астам жаңа дәрі‑дәрмекті өндіруді жоспарлап отыр. Алайда дәрі бағасы неге әлі қымбаттап жатыр? Мұны кім және қалай бақылайды? Осы сауалдарға фармация саласының маманы Әсемай Мұстафа жауап берді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Дәрі-дәрмек бағасының қымбаттау   себебі неде? 

–  Жалпы, Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына бірнеше фактор әсер етеді. Соның ішіндегі ең негізгісі – импортқа тәуелділік. Қазіргі таңда елімізде қолданылатын дәрі-дәрмектің шамамен 75-80 % шетелден әкелінеді. Импорттық дәрілердің бағасы валюта бағамына тікелей байланысты. Доллар курсының өсуі, инфляция, халықаралық нарықтағы өзгерістер автоматты түрде ішкі нарыққа әсер етеді. Сонымен қатар  тасымал шығындары да қалтаға салмақ салады. Кедендік рәсімдер, сақтау, қойма шығындарының барлығы дәрі бағасына қосылады. Бұдан бөлек, өндіріс шығындарының өсуі де әсер етеді: шикізат, қаптама, энергия ресурстары, қызметкерлердің жалақысы. Тағы бір маңызды фактор – делдалдардың көптігі. Өндірушіден пациентке дейін бірнеше дистрибьютор қатысады. Әр кезеңде үстеме баға қосылып, нәтижесінде дәрі бірнеше есе қымбаттайды.

–  Сонда бір дәрінің бағасы өндірушіден пациентке жеткенше қалай өседі? Қай кезеңде баға көбірек қосылады?

–  Дәрінің бағасы бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен өндіруші препараттың өзіндік құнын есептейді. Бұл құнға шикізат, өндірістік жабдықтар, зауыт шығындары, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерге кеткен жылдар мен қаржы кіреді. Одан кейін дәрі дистрибьюторға жеткізіледі. Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС аясындағы дәрілерді жеткізуде «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы жұмыс істейді. Бұл кезеңге тасымал шығындары қосылады. Егер дәрі алыс аймақтар мен ауылдарға жөнелтілсе, қосымша шығындар тағы артады. Соңғы кезең – дәріхана. Оның жалдау ақысы, қызметкерлердің жалақысы, салық пен өзге де шығыны бар. Әр кезеңде үстеме баға қосылатындықтан, бастапқы өндіруші бағасымен салыстырғанда дәріханадағы баға айтарлықтай жоғары болады.

–  Импорт басты себеп болса, неге дәріні өзіміз өндірмейміз?  

–  Қазақстанда дәрі өндірісі мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Дамып келеді. Бірақ әлі де шектеулі деңгейде. Қазіргі таңда елімізде негізінен түпнұсқа препараттардың баламасы өндіріледі. Ал түпнұсқа дәріні шығару үшін ондаған жылға созылатын ғылыми-зерттеулер, клиникалық сынақтар және миллиардтаған инвестиция қажет. Бұл мақсат қысқа уақытта жүзеге аспайды. Сонымен қатар дәрі өндірісіне қажетті белсенді фармацевтикалық субстанциялардың басым бөлігі Қытай, Үндістан және Еуропадан импортталады. Сондықтан отандық өндірістің өзінде валюта бағамының әсері сақталады.

Осы тұрғыда Шымкент қаласындағы «Химфарм» (Polpharma Group) зауытын мысалға келтіруге болады. Бұл кәсіпорын SANTO брендімен 200-ден астам препарат шығарады. GMP халықаралық стандартына сай жұмыс істейді. Антибиотиктер, инфузиялық ерітінділер, таблетка мен капсула түріндегі дәрілер өндіріледі. Соның арқасында бірқатар отандық препараттар ауруханаларға импорттық баламаларға қарағанда қолжетімді бағамен жеткізіліп отыр.

–  Баға қолжетімді болса, бір препарат әр қалада, тіпті әр дәріханада неге әртүрлі бағада сатылады?

–  Көп жағдайда бұл –  қалыпты  құбылыс. Бағаның әртүрлі болуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, дәріхананың дәріні қандай бағамен және қай дистрибьютордан сатып алғаны маңызды. Екіншіден, сұраныс пен маусымдық факторлар бар. Мысалы, көктем мен жаз айларында аллергияға қарсы препараттарға сұраныс артып, бағасы өседі. Үшіншіден, қала мен ауыл арасында баға айырмашылығы бар. Үлкен қалаларда жалдау ақы қымбат, ал ауылдық аймақтарда логистика шығыны жоғары. Бұған қоса, әр дәріхана желісінің өз ішкі баға саясаты болады: бірі төмен маржамен, екіншісі жоғары маржамен жұмыс істеуі мүмкін.

–  Бұл ретте мемлекет дәрі-дәрмек бағасын қаншалықты бақылап отыр?

–  Мемлекет тарапынан дәрі-дәрмек бағасына бақылау бар. Бұл бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №77 және №94 бұйрығы арқылы жүзеге асады. Аталған құжаттарда рецептісіз босатылатын дәрілерге, сондай-ақ ТМККК мен МӘМС аясында берілетін препараттарға арналған шекті бағалар белгіленген.

Бұл дәрілер тұрақты бақылауда болады. Ал коммерциялық нарықтағы препараттарға бақылау салыстырмалы түрде әлсіз. Көбіне тек шағым түскен жағдайда тексеру жүргізіледі. Егер заңбұзушылық анықталса, айыппұл салынып, ал қайталанған жағдайда лицензиядан айыруға дейін шара қолданылуы мүмкін. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Айкөркем САҒАТ