Қазақстан – Қытай бағытындағы автокөліктердің жүк ағыны қарқынды өсуде. Мысалы, 2022 жылы ҚХР-мен шекарадан 639,6 мың көлік өтсе, ал 2025 жылы 1,68 млн көлік өткен. Осылайша, үш жыл ішінде көрсеткіш 2,5 еседен аса өсті. Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымын жылына 100 млрд долларға жеткізу міндетін ескерсек, шекаралық инфрақұрылымға жүктеме әлі де өседі.
Бұған дейін қолданыстағы екіжақты уағдаластыққа сәйкес, Қазақстан – Қытай шекарасындағы өткізу пункттері қысқартылған жұмыс режимі бойынша, сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін және 13:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтін. Өткізу қабілетін арттыру мақсатында кезең-кезеңмен жұмыс режимі ұзартылып, ҚХР шекарасындағы барлық қазақстандық автомобиль өткізу пункті сағат 07:00-19:00 аралығындағы 12 сағаттық режимге ауыстырылды. «Нұр Жолы» ең ірі өткізу пунктінің бірі пилоттық режимде тәулік бойы жұмыс істеуде.
Бұл ретте қазақстандық пункттердің жұмыс режимі 19:00-ге дейін ұзарғанмен, қытай тарапы жұмысты 16:00-де аяқтайды. Уақыт айырмашылығы дайын инфрақұрылымды пайдалануды шектеуде. Алдын ала бағалау бойынша, екі жақтан да сәйкес келетін жұмыс уақытын ұзарту өткізу қабілетін кемінде 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Кеңес соңында қытайлық тараппен өткізу пункттерінің жұмыс уақытын ұзарту мен үндестіру мәселесі бойынша келіссөзді жалғастырып, шекара маңындағы жол бағыттарын инфрақұрылымдық жаңғыртуды жеделдету туралы шешім қабылданды.