Медицина саласының ірі бағытының бірі – патологиялық анатомия. Патологоанатомдардың қызметі қарапайым оқырманға да қызық болары анық.
Патологоанатом: бастысы – эмоцияға берілмей бағалау
95
оқылды

Себебі бұл мамандық жайында қате түсінік пен миф көп. Мамандықтың қыр-сыры жөнінде University Medical Center орталығының патологоанатом дәрігері Жанат Жалымбетовамен кең көлемде сұхбат құрған едік.

– Патологиялық анатомия саласын неліктен таңдадыңыз? Жақындарыңыз қыз балаға ауыр деп қарсы болған жоқ па?

– Патологиялық анатомия саласын саналы түрде таңдадым. Медицина универ­ситетінің бастапқы курсында анатомия, гистология және патологиялық анатомия пәнін оқыған кезде әрбір ағзаны жасуша деңгейінде түсінудің маңызын терең сезініппін. Осы пәндерден ағзалардың морфо-функционалдық ерекшелігін, қалыпты құрылым мен патологиялық өзгерістердің өзара байланысын ұғындым. Уақыт өте келе анатомия, гистология және патологиялық анатомия медицинаның іргелі негізі, өзара тығыз байланысты ғылымдар екеніне көзім жетті. Патологиялық анатомия маған аурудың себебі мен даму механизмін ең дәл көрсететін, клиникалық ойлауды қалыптастыратын сала ретінде ерекше қызық болды.

Әрине, алғашында жақындарым бұл мамандықты қыз балаға қиын деді, алайда бұл істің физикалық емес, интеллектуал және моральдық жауапкершілігі жоғары екенін, әйел адамға да толық сай келетінін түсіндіріп жеткіздім. Қазір олар таңдауымды тек қолдайды.

– Жұрт әдетте патологоанатомдарды тек мәйіттерге аутопсия жасайды немесе кісі өлімінің құпияларын шешеді деп ойлайды, яғни саланы тек өлілермен байланыстырады. Патологоанатом маманның жұмысына өзге қандай міндеттер кіреді? 

– Иә, қоғам патологоанатом мамандығы көбіне аутопсиямен және өлім себептерін анықтаумен байланысты деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Патологиялық анатомиядағы жұмыстың шамамен 80-85 пайызы тірі адам­дармен өтеді. Патологоанатом биопсиялық және операциялық материалдарды зерттеп, яки түскен биологиялық материалға макро­скопиялық тұрғыда сипаттама жасап, оны микроскопиялық тұрғыда ыңғайлы қарау үшін бөлшектейді. Осы арнайы гистологиялық өңдеуден кейін гистолог-лаборанттар стеклопрепараттар дайындайды, ал дәрігер қатерлі ісіктің бар-жоғын, оның гистологиялық типін, дифференциация дәрежесін және аурудың таралу ерекшеліктерін қарап анық­тайды. Қазір жұмысымыз тек морфологиямен шектелмейді, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер жүр­гіземіз. Бұл әдістер диагнозды дәл қоюға және жеке ем тактикасын таңдауға мүмкіндік береді. Жұмысымыздың тек 15-20%-ы кісі өлімінің себебін анықтауға жатады, сондықтан патологоанатом клиникалық шешімдерге тікелей әсер ететін, жоғары жауапкершілік пен терең аналитикалық ойлауды талап ететін мамандық деп айтамын.

Медицина сапасын айқындайтын бағыт

– Патологоанатомдардың жалақысы қандай деңгейде? Не себепті салаға қызығу­шылық аз деп санайсыз? 

– Патологоанатом мамандардың еңбек­ақысы өңірге, жұмыс көлеміне және біліктілік деңгейіне байланысты әртүрлі болады. Кейінгі жылдары бұл салада еңбекті бағалау жүйесі біртіндеп қайта қаралып, жоғары технологиялық зерттеулермен айналысатын мамандардың кәсіби рөлі артып келеді. Мамандыққа қызығушылықтың салыстырмалы түрде төмен болуы, жалақыдан гөрі көбіне қоғамдағы ақпараттың жеткіліксіздігімен байланысты деп пайымдаймын. Патологиялық анатомияның клиникалық медицинадағы шешуші орны, онкологиядағы диагноз қоюдағы негізгі рөлі көпке кеңінен түсін­дірілмеген. Сонымен қатар бұл сала ұзақ әрі күрделі дайындықты, жоғары жауапкершілікті және үздіксіз кәсіби дамуды талап етеді, ал оның нәтижесі әрдайым көзге көріне бермейді. Патологиялық анатомия – сырт көзге бай­қалмайтын, бірақ медицинаның сапасын айқындайтын іргелі бағыт.

– Патологоанатом мамандарын қандай оқу орындары дайындайды? Өзіңіз қай жерден білім алып, шеберлігіңізді шындадыңыз?

– Патологиялық анатомия мамандығы Қазақстандағы барлық медициналық университетте оқытылады. Мамандыққа жол интернатурадан кейінгі резидентура бағдарламасында басталады. Мен де еңбек жолымды қайта даярлау кезеңінен кейін бастап, практикалық жұмысқа кірістім. Алайда қысқамерзімді қайта даярлау бұл саланың тереңдігі мен күрделігін толық қамтымайтынын түсініп, патологиялық анатомия бойынша резидентура бағдарламасын іздей бастадым. 2021 жылы елімізде алғаш рет UMC корпоративтік қорының клиникалық базасында патологиялық анатомиядан резидентура ашылды. Сол бағдарламаның алғашқы түлектерінің бірімін. Резидентура кезеңінде практикалық дағдыларды ғана емес, ғылыми-зерттеуді де жүйелі түрде да­мыттым. Ғылымға қадам басу мен үшін білімге «инемен құдық қазғандай» терең бойлау болды. Осы еңбегімнің нәтижесінде Еуропалық патологоанатомдар қоғамының (ESP) дәстүрлі түрде өтетін 35-ші конгресіне жолдама алып, Дублин қаласына барып қайттым. 2025 жылы Вена қаласында өткен 37-ші конгреске travel grant иегері ретінде қатыстым. Ұлыбританияның Шеффилд қаласында перинаталдық және балалар патологиясы бағыты бойынша өткен Giordano Fellowship 2026  бағдарламасы аясында 3 айлық тағылымдамадан тегін өту мүмкіндігіне ие болдым. Қазір ішкі ғылыми жобаларға бел­сенді қатысып жүрмін, Стокгольм қала­сында өтетін 38-ші Еуропалық конгреске постерлік баяндамамды дайындап жатырмын.

Бұдан бөлек, Instagram желісіндегі па­рақшам арқылы халықаралық патологиялық анатомия қауымдастығымен байланыс ор­натып, әлемнің әр түкпіріндегі әріптестермен тәжірибе алмасып келемін. Осы тәжірибеге сүйене отырып, патологиялық анатомия бойынша типтік оқу жоспарын халықаралық стандарттарға біртіндеп сәйкестендіру қажет деп есептеймін. Атап айтқанда, резидентура бағдарламасында иммуногистохимиялық зерттеулерге, ғылыми-зерттеу жұмысына және молекула деңгейіндегі әдістерге бөлінетін уақытты арттыру маңызды. Резидент-пато­логоанатомның әртүрлі медициналық ұйымда: онкологиялық орталықтарда, көпбейінді клиникаларда, перинаталдық орталықтарда практикадан өтуі кәсіби ойлауды кеңейтеді. Оқу цикліне онкология, радиология және клиникалық пәндермен тығыз интеграция­ланған модульдерді енгізу қажет. Заман талабына сай патологоанатомды даярлауда тек морфологиямен шектелмей, мультидис­циплинарлық команда құрамында жұмыс істей алатын маман қалыптастыруға тиіспіз.

– Шетелден тәжірибе жинауда қандай ерекшеліктерді байқадыңыз? Отандық пато­ло­гоанатомдарға қандай іске көңіл бөлген абзал?

– Ең алдымен көзге түскені – патология­лық анатомияның клиникалық процестің ажырамас бөлігі ретінде толық интеграция­лануы. Патологоанатомдар мультидисцип­ли­нарлық командалардың тұрақты мүшесі болып, клиницистермен бірлесе отырып ем тактикасын анықтауға белсенді қатысады. Шетелдік орталықтарда зертханалық стан­дарттау, сапаны ішкі және сыртқы бақылау жүйелері, цифрлық патология және молеку­лалық әдістердің күнделікті практикаға ке­ңінен енгізілгенін байқадым. Бұл диагнос­тиканың нақтылығы мен қайталанғыштығын қамтамасыз етеді. Отандық патологоанатомдар үшін ең маңызды бағыттардың бірі – үздіксіз кәсіби даму, ағылшын тілін қатар меңгеру. Иммуногистохимиялық зерттеу, онкология­дағы молекулалық-генетикалық зерттеулерді терең меңгеру, клиникалық конференцияларға белсенді қатысу және халықаралық кәсіби қауымдастықтармен байланыс орнату аса маңызды. Тағы қосарым, жас мамандарға тәлімгерлік мәдениетті қалыптастыру, оларды ғылыми-зерттеуге ерте кезеңнен тарту және қоғамға патологиялық анатомияның нақты рөлін дұрыс түсіндіру саланың болашақта дамуына тікелей әсер ететін маңызды міндет деп санаймын.

– Әлемде босанудан сағат сайын 30 әйел қайтыс болады екен. Еліміздегі жағдай қалай? Гинекология мен патологиялық анатомияны қатар меңгерген маманның артықшылығы неде?

– Бұл бағыттағы білім мен үшін әрдайым кәсіби қызығушылық тудырып келеді. Патологиялық анатомияда жұмыс істей отырып, ана өлімі мен ауыр акушерлік асқынулардың себептерін, гинекологиядағы ауру (ісіктер) салдарын морфологиялық деңгейде талдау қажеті жиі туындайды. Әлемдік деректерге сәйкес, босану кезінде және босанудан кейінгі кезеңде ана өлімі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда бұл көрсеткіштерді төмендету мақсатында жүйелі жұмыс жүріп жатыр, ал патологиялық-анатомиялық талдау осы процесте маңызды сараптамалық құрал қызметін атқарады.

Гинекология мен патологиялық анатомия­ны терең түсінетін маман клиникалық және морфологиялық деректерді біртұтас жүйе ретінде бағалай алады. Бұл асқынулардың патогенезін нақтылауға, клиникалық тәжіри­бені жетілдіруге және профилактикалық ше­шімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Пәнаралық көзқарас – республикалық дең­гейдегі медициналық орталықтар үшін са­па­ны арттырудың маңызды құрамдас бөлігі.

– Патологоанатомиялық бөлімге бала плацентасын да зерттеуге жібереді екен. Бұл не үшін қажет? Жалпы, практикаңызда басқа да қандай жағдайларды зерттейсіздер?

– Плацентаны патогистологиялық зерт­теу – ана мен ұрық арасындағы байланысқа объективті баға берудің маңызды тәсілі. Плацента – жүктіліктің бүкіл барысын «құжаттайтын» орган. Оны зерттеу арқылы ұрықтың іште дамуының тежелу себептерін, гипоксияны, инфекциялық процестерді, преэклампсия (жүктіліктің қауіпті асқынуы) мен тромбоздық өзгерістерді анықтауға болады. Бұл мәліметтер келесі жүктілікті дұрыс жоспарлау үшін аса құнды.

Практикамызда тек плацентаны емес, операциялық және биопсиялық материал­дарды, ісіктерді, қабынулық және дистро­фиялық өзгерістерді, перинаталдық патология жағдайларын зерттейміз. Балалар және ере­сектер онкопатологиясында диагнозды нақтылау, ісіктің түрі мен биологиялық қасиеттерін анықтау – күнделікті жұмысы­мыздың бір бөлігі.

Виртуалдық аутопсия – тек қосымша құрал

– Өзіңіздің немесе әріптестеріңіздің пратикасында клиникалық өлім жағдайы болған ба? Шетелде өткен ғасырдан бері табыттарда арнайы батырма орнатылады дейді. Осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

– Өз тәжірибемде де, әріптестерімнің практикасында да клиникалық өлімнен кейін «тіріліп кету» жағдайы болған емес, себебі медициналық практикада өлімді тіркеудің қатаң алгоритмдері бар. Дәрігерлер адам қайтыс болғаннан кейін кемінде екі сағат міндетті түрде бақылау жүргізеді. Осы уақытта клиникалық өлімнің биологиялық өлімге ауысу белгілері бағаланады. Биология­лық өлім бірқатар нақты, қайтымсыз өзгеріс­термен сипатталады: тері тургорының өзгеруі, бұлшық еттерде өліктік сіресу белгілерінің пайда болуы, өліктік дақтардың дененің төмен орналасқан бөлігінде қалыптасуы. Бұл белгілер толық сипатталып, медициналық құжаттамада тіркеледі.

Табыттарға батырма орнату туралы әңгімелер өткен ғасырларда медициналық диагностиканың даму деңгейі төмен болған кезеңдермен байланысты тарихи миф деп санаймын. Қазіргі медицинада өлім диагнозы дәлелді клиникалық және морфологиялық критерийлерге негізделіп қойылады. Бүгінде мұндай жағдайлардың болуына ғылыми да, практикалық та негіз жоқ.

– Ең алғаш мәйітті ашқан кездегі тол­қынысыңыз немесе сіз кездестірген ерекше жағдайдың бірін баяндап бере аласыз ба?

– Бұл салада эмоциядан гөрі кәсіби дайындық пен жауапкершілік алдыңғы орында тұрады. Алғаш рет мәйітпен жұмыс істеу – әр дәрігер үшін маңызды кәсіби кезең. Бұл сәтке алдын ала теориялық және моральдық тұрғыда дайындалып келдім, сондықтан толқу болғанымен, ол үрей емес, жауапкершілікті терең сезінумен байланысты жағдай. Патологоанатом үшін бастысы – эмоцияға берілмей, объективті бағалау жүр­гізу. Әр зерттеу нақты сұраққа жауап беру, клиницистерге дәлелді қорытынды ұсы­ну. Уақыт өте келе бұл жұмыс кәсіби ойлау жүйесіне айналады.

Ерекше жағдайларға келсек, біздің тә­жірибеде «ерекшелік» көбіне сирек диагноз­дармен, стандарттан тыс клиникалық-мор­фологиялық сәйкессіздіктермен байланысты. Мұндай жағдайлар дәрігерді эмоциялық тұрғыда емес, ғылыми тұрғыда өсіреді, үнемі ізденіске итермелейді. Патологиялық ана­томияның қиындығы – жоғары жауапкер­шілігінде болса, қызығы – диагноздың ақиқатына жету процесінде деп айтар едім.

– Халықтың дәстүр мен діни сеніміне сай виртуал аутопсия, яғни компьютерлік томо­графия көмегімен зерттеу елімізде де қолға алынып жатыр. Былтыр Әділет министрлігі виртуал аутопсияға қатысты пилоттық жобаны бастаған еді. Әдіс қаншалықты сенімді нәтиже береді, классикалық аутопсияның орнын баса ала ма? 

– Әрине, виртуал аутопсия – заманауи әрі перспективалы бағыт. Ол әсіресе халықтың діни және мәдени ерекшеліктерін ескеруді талап ететін жағдайларда, сот-медициналық практикада бастапқы скрининг ретінде құн­ды ақпарат бере алады. Әдіс сүйек құры­лымдарын, ірі қан құйылуларды, жарақат­тарды, бөгде заттарды анықтауда жеткілікті сенімді. Сонымен қатар зерттеу инвазивті емес, тез орындалады және нәтижелері цифрлық түрде сақталады, алайда виртуал аутопсия классикалық аутопсияның орнын толық баса алмайды. Компьютерлік томо­графия тіндердің микроскопиялық құры­лымын, қабынулық өзгерістерді, ерте ише­миялық зақымдарды, инфекциялық про­цес­терді немесе молекулалық деңгейдегі пато­логияны анықтай алмайды. Менің па­йым­дауымша, қазіргі медицинада виртуал аутоп­сия мен классикалық патологиялық-анатомиялық зерттеу бір-бірін толықтыратын әдістер ретінде қарастырылады. Виртуал аутоп­сия – тек жақсы қосымша құрал, ал клас­сикалық аутопсия диагнозды түпкілікті растаудың алтын стандарты болып қала береді.

– Стрестен қалай арыласыз?

– Мен үшін стрестен арылудың негізгі жолы – тәртіп пен теңгерім. Кәсіби ортада эмоцияны басқару өте маңызды, сондықтан жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы шекараны сақтауға тырысамын. Физикалық белсенділік, күн тәртібін жоспарлау және кәсіби дамуға көңіл бөлу ішкі тұрақтылықты сақтауға кө­мектеседі. Ғылыммен айналысу, жаңа білім алу да мені шабыттандырады, жұмыстың мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік бе­реді. Ең маңыздысы – әрбір күрделі жағдайды тәжірибе ретінде қабылдап, одан кәсіби қо­рытынды шығару. Бұл көзқарас ұзақмерзімді стрестің жиналуына жол бермейді. 

Карантин жүйеге стресс-тест болды

– Патологоанатомдар жұқпалы аурулардан қалай қорғанады? Дәрігер медициналық талаптарды сақтамаса, қандай ауруларды жұқтыруы мүмкін? Жұмысыңыз өміріңізге қауіп төндірген кезі болды ма? Мәселен, карантинде медициналық құралдардың тап­шылығы туындап, сол кезде мәйітханадағы мамандар коронавирус жұқтырғаны жөнінде айтылып жатты.

– Патологоанатомдардың жұқпалы ауру­лардан қорғануы қатаң регламенттелген қауіпсіздік жүйесіне негізделген. Жеке қор­ғаныс құралдары (ЖҚҚ), биологиялық қауіп­сіздік ережелері, жұмыс аймақтарын бөлу, дезинфекция және қалдықтарды жою алгоритмдері халықаралық стандарттарға сәйкес жүреді. Медициналық талаптар сақталмаған жағдайда теориялық тұрғыда қан арқылы немесе аэрозоль жолымен бе­рілетін инфекциялар жұғуы мүмкін. Бұл салада қауіпсіздік – формальды талап емес, күнделікті кәсіби мәдениеттің ажырамас бөлігі. Өзім жұмыс істеп жүрген республикалық орталықта жеке қорғаныс құралдарына қойылатын талаптар өте қатаң әрі нақты жүйеленген. Кейінгі бес жылдық тәжірибемде инфекциялық қауіпке байланысты жағдай­лармен бетпе-бет келген емеспін, өйткені барлық ереже бұлжытпай сақталады.

Пандемия кезеңіне келсек, ол бүкіл әлем үшін күтпеген сынақ болды. Әртүрлі елде медициналық жүйелер әртүрлі дайындық деңгейінде болды. Біздің орталықта қауіпсіздік шаралары кезең-кезеңімен күшейтіліп, қызметкерлердің қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Қазір патологиялық анатомия қауіп­сіздік мәдениеті жоғары, тәуекелдер ғылыми негізде басқарылатын медициналық сала деп сеніммен айта аламын.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын, карантин кезінде мәйітханаларда орын тапшылығы айқын байқалып, медицина мамандарын әбігерге түсіріп еді. Өңірлер түгілі, ірі қалалар­дағы мәйітханаларда орын тапшылығы, стан­дартқа сай құралдардың жоғы, салқын­дат­қыштардың істемеуі секілді түрлі мәселенің барын білдік. Карантиннен кейін жағдай қан­шалықты реттелді?

– Карантин кезеңі бүкіл әлем үшін, со­ның ішінде денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен стресс-тест болды. Бұл уақытта көптеген елде, өңірлерде медициналық инфрақұрылымға түсетін жүктеме күрт артты, соның салдарынан ұйымдастырушылық және техникалық қиын­дықтар байқалды. Мұны тек бір салаға немесе бір мекемеге тән мәселе деп қарастыру дұрыс емес. Карантиннен кейінгі кезеңде осы тәжірибеден нақты қорытындылар шы­ғарылды. Материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңарту, санитарлық талап­тарды күшейту, логистика мен қауіпсіздік алгоритмдерін қайта қарау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Әрине, бұл процесс бір күнде толық шешілетін мәселе емес, алайда бүгінде мәйітханалардың жұмысын стандарт­тарға жақындату, төтенше жағдайларға да­йындық деңгейін арттыру бойынша оң өзгеріс бар деп сеніммен айтуға болады. Мұндай кезеңдер медицинаның әлсіз тұстарын көрсету үшін емес, оны күшейту үшін қажет тәжірибе болды. Қазіргі міндет – сол са­бақтарды ұмытпай, жүйелі түрде дамуды жалғастыру.

– Таяуда Жезқазғандағы қалалық мәйітхананың көрінісі әлеуметтік желіде тарап, халықтың сынына қалған еді. Мәйітхана 1980 жылдан бері еш жөндеу көрмеген, тастанды үйдей қирап жатыр. Демек, мәйітхана жайы әлі реттелмеген болып отыр ма?

– Жекелеген өңірлердегі жағдайды бір ғана мекемемен немесе бүкіл жүйемен тікелей байланыстыру дұрыс емес деп ойлаймын. Дегенмен мұндай мәселелердің түп-төркіні көбіне саланы басқару деңгейінде пато­логиялық-анатомиялық қызметтің мәні мен ерекшеліктерін терең түсінбеумен байланысты болуы мүмкін.

Патологиялық анатомия – кеңбейінді, бірақ медицинаның сапасына тікелей әсер ететін сала. Егер осы бағытты кәсіби тұрғыда түсінетін, мамандыққа эмпатиясы жоғары, саланың ішкі қажеттілігін білетін нақты жауапты тұлғалар жүйелі түрде айналысса, көптеген мәселе әлдеқашан шешімін табар еді. Практикада кейде мамандар тарапынан нақты ұсыныс айтылып, бірақ басқарушылық деңгейде олар әрдайым қолдау таба бермейтін жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан кейбір зертханаларда әлі күнге дейін гисто­логиялық материалдарды өңдеудің ескірген әдістері қолданылып отыр, ал әлемде бұл уақытта цифрлық және молекулалық патология белсенді талқыланып, клиникалық практикаға енгізіліп жатыр. Сондықтан стандарттар мен нормативтік құжаттарды әзірлеуге тікелей практикалық жұмыспен айналысатын, күнделікті процестің барлық кезеңін білетін мамандарды тарту аса маңызды. Бұл саладағы реформалардың формальды емес, нақты нәтижеге бағытталуына мүмкіндік береді. Диагностикалық бірізділікті қамтамасыз ету үшін халықаралық тәжірибеге сүйену қажет. Атап айтқанда, морфологиялық диагноздарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) классифика­цияларына сәйкес жүргізу, гистологиялық және иммуногистохимиялық препараттардың сапасын бақылауды CAP (College of American Pathologists) және Nordic Immunohistochemical Quality Control (NordiQC) ұсы­нымдарына сай кезең-кезеңімен енгізу ма­ңызды. Бұл тәсіл зертханалық нәти­желердің қайталанғыштығын арттырып, кли­ницистер үшін диагноздың сенімділігін қам­тамасыз етеді және патологиялық-анато­миялық қызметтің халықаралық деңгейдегі сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Айсұлу СЪЕЗХАН