Ел экономикасы өрлеу траекториясында нық қадам басып, елеулі табыстарға қол жеткізді. 2025 жыл қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 6,5%-ға ұлғайды.
Дамудың дара драйвері
114
оқылды

Осындай салмақты өсімге құрылыс материалдарын өндіру саласы сүбелі үлес қосып, экономиканың жаңа драйверіне айналды. Бұл туралы Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында мәлімделді. Өңдеу өнеркәсібінің көшбасшы бағыттарының бірі саналатын осы секторды дамытуға Мемлекет басшысының өзі мән беріп отыр. Ендеше биыл бұл салада қандай серпін болмақ?

Өткен жылдың өрелі биігі

2025 жылы Қазақстан экономикасының қанжығасы май­ланды: жалпы ішкі өнімнің жаһандағы жоғары көр­сет­кіштердің бірін ба­ғын­дыруы – жай жалаң цифр емес, ал­мағайып заманда елі­міз­дің одан сайын нығайып, қуат­тана түскенінің айғағы. 

Қазақстан – бүгінде құрылыс қарқыны жағынан әлем­дік «бәйгеде» алдыңғы лекте. Бұл – біреуге мақтаныш, біреу­ге таңданыс, ал бізге – заңдылық. Бұл үдерісті одан әрі үдетіп, тың түрткі, соны серпін, жаңа тыныс беру үшін қа­жетті орасан зор әлеует бізде бар! Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында арнайы тоқталды. Біріншіден, қазақ елі заманауи талап­тар­ға сай тұтас жаңа шаһар тұрғызып жатыр. Қазақстан ли­дері келешектің қаласы Alatau City-дің басталған құры­лысы жедел қарқынмен дамитынын атап өтті. Екіншіден, Тоқаевтың айтуынша, еліміз төл шекарасынан тыс жерді де қамтитын кеңауқымды көлік жүйесін қалыптастырды. Сол арқылы Сары мен Қара теңіз арасындағы «алтын кө­пірге» айналды.

– Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі – 5 темір­жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85% осы жолдармен тасымалданады, – деді Президент. Осы халықаралық магистралдардың өне бойында құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұл – ерік-жігердің жеңісі.

Үшіншіден, тұрғын үй құрылысы үдеді. Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бой­ынша, 2025 жылы респуб­ликада 20 млн 99,1 мың шаршы метр тұрғын үй пай­да­лануға берілді. Ел игілігіне тап­сыр­ылған баспананың жалпы ауданы 2024 жылғыдан 5,1% артты. Ең қызығы, тек қа­ла­лықтардың бір бөлігіне қолжетімді зәулім үйлермен шектелмейді. Оның ішінде 13 523,7 мың м2 – көппәтерлі тұрғын үй, 6 416,2 мың  м2 – жеке тұрғын үй. Биыл бұл рекордты да жаңарту көзделіп отыр. 

Төртіншіден, Қазақстанда әлеуметтік нысандар құрылысы да күш алды. Мысалы, Президент заңсыз активтерді елге қайтару осы салаға қозғау салып, екпін бергенін тілге тиек етті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елде жалпы құны 482 мил­лиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Қатарында 227 сумен қамту, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфра­құрылым нысанының құрылысы бар. 

Сондай-ақ Павлодар, Арқалық, Балқаш және басқасында жаңа әуежайлардың іргетасының қалануы – елдің аспанында да, жерінде де құтты арттырар шаруалар атқарылып жатқанының белгісі. Қ.Тоқаев бұл жұмыс жалғаса беретінін қадап айтты. Ендеше құрылыстың ары қарай өрістейтін түрі бар. Соған сәйкес құрылыс материал­дарына деген сұраныс та арта беретіні даусыз. 

Болжамды басып озған сала

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы өңдеу өнеркәсібі секторларының басым бөлігінде оң динамика тіркелді. Бірақ жүзден жүйрік, қарқынымен көш озық шыққаны санаулы. Ең жоғары өсім машина жасауда (+12,9%), химия өнер­кәсібінде (+9,8%) және құрылыс материалдарын өндіруде (+9,7%) байқалды. «Өңдеу өнеркәсібінің басты салалардың даму болжамында» құрылыс материалдары өндірісі 2025 жыл қорытындысында 5,6%-ға өседі деп жоспарланған еді. Нәтижесінде, өсім 9,7% жетіп, жоспар шамамен екі есеге жуық асыра орындалды.

«Құрылыс материалдарын шығару көл­емі 9,7 пайызға ұлғайды, бұл жоғарғы көр­сеткіш негізінен, цемент, тауарлық бе­т­он, құрылыс ерітінділері, әк және құ­рас­тырмалы бетон конструкциялары өнді­рі­сі­нің артуы есебінен қалыптасты. Аталған динамика ел аумағында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және тұрғын үй жоба­лары­мен тікелей байла­нысты. Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдары, қағаз бен картон, дайын металл өнімдері өндірісінде де өсім тіркелді. Мұның бәрі ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға және импортты алмастыруға бағытталған», – деді министрлік өкілдері.

2026 жылы да құрылыс материалдарының өндірісі өнеркәсіп саласының және тұтас экономиканың драйверіне айналады деп күтіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төраға­лы­ғымен өткен Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың биылғы алғашқы отырысында жария етілді. Күн тәртібінде 2026 жылы экономикалық даму­дың жоғары қарқынын сақтау тетіктері талқыланды.

2026 жылы күш-жігер – ЖІӨ өсімінің негізгі қайнар-көзінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға шоғырландырылмақ. Вице-премьердің тапсырмасымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өңдеу өнер­кә­сібін дамыту жөніндегі жол картасын әзір­леді. Құжатта әрбір сектор бойынша, соның ішінде құрылыс материалдары саласындағы нақты шаралар егжей-тегжейлі пысықталған екен.

Саланың экономикадағы жүйелі әрі шешуші рөлін ескере отырып, бұдан былай Үкімет экономикалық штабтың отырыс­тарында оның әрбір қосалқы саласын жеке қарайтын болды. Көркем тілмен түйгенде штаб отырысында әрбір кірпіш пен әрбір тақтаның тағдыры жеке қаралатын болды. Бұл – болашағы жарқын салаға деген үкіметтік «махаббаттың» көрінісі болса керек. Және жай қарап қоймай, түйткілді про­блемалары, осал жерлері, тосыннан туын­даған шектеулер, өсімге кедергі келті­ре­тін тосқауылдар жан-жақты талданып, шешімі ізделмек.

Әрине, бәрі мінсіз десек, ақиқаттан аттап кету болар еді. Саланың талмау тұс­тары жетерлік. Оның бір тармағы тасымал-логистиканы қамтиды. Мәселен, цемент экспорттайтын ірі қазақстандық компания логистикалық кедергілерге тап болып, өнімін көршілес елге өткізе алмай қалған. Бұл мәселеге мемлекет жедел араласып, қолдау көрсетті. Өңірлік прокура­тураның мәліметінше, Жамбыл облысында ірі ин­вес­тордың трансшекаралық экспорт мәселесі шешімін тапты. Бұған дейін кәсіп­орын Қырғыз Республикасына өнім тасы­малдауда күтпеген қиындықтарға кезіккен. 

Мәселе облыс прокурорының Қор­дай ауданындағы бизнес өкілдері­мен кездесуінде анықталды. Шек­арадағы кідірістер салдары­нан экспорттық жобаның тоқтап қалу, зау­ыт­тың жабылу қаупі туындапты. Про­ку­ратура Шекара қызметімен және Мемле­к­еттік кірістер департаментімен хабарласып, іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын ұйым­дастырды. Экспорт ағындарын баламалы өткізу бекеті арқылы бағыттауға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктер табылып, іске қосылды. Айта кету керек, Президенттің тапсырмасы­мен қазіргі кезде Қазақстанда инвесторлар бойынша омбудсмен функция­сы прокура­тура органдарына жүктелді. 

Инвестиция – сенімнің өлшемі

Қалай болғанда, ел Үкіметі құрылыс материалдары өндірісін «келешегінен мол үміт күттіретін» перзентіндей қызғыштай қорып, мәпелеп өсіретін болады. Сала мәсе­лелерін кешенді талқылау және оның даму әлеуетін айқындау үшін Үкімет жан­ын­дағы экономикалық штаб жұмысына салалық қауымдастықтар мен нарықтағы ірі қатысушылар тартылады. Экономика министрлігінің ақпаратынша, қолдау ар­қа­сында 2026 жылы құрылыс материалдары өндірісінде кем дегенде 6% өсімге қол жет­кізу жоспарланып отыр. Бұл портланд-цемент, керамикалық плиталар, темірбетон бұйымдары мен тауарлық бетон өндіру көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етілмек.

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин бұл сала халық­тың өмір сүру сапасының артуын айғақтай­тын көрсеткіш, өзіндік бір өмір айнасы екенін жеткізді. Халық жаңа баспанада қоныс тойын тойламаса, қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сатып алуды тыйса, болмаса, эко­но­мика еңсесін тіктей алмай, инфрақұры­лымдық, әлеуметтік нысандар бой көтермесе, құрылыс материалдарына да сұраныс болмас еді. Сондықтан ол министрлер мен әкімдерге 2026 жылы да осы қарқынды сақтауды тапсырды. Бұл міндеттің орын­далуына Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігі жауапты болады әрі жетекшілік етеді. 

Өңірлердің ресурстық және инфра­құры­лымдық әлеуетін тиімді пай­да­лану қажеттігін ескере келе, Серік Жұманғарин Жол кар­та­сын әзірлеуді жедел­детуді жүктеді. Ол құжат 2026 жылы экономикалық өсім үшін аса маңызды, пәрменді шаралардан, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің ілгерілеу қарқынын қамтама­сыз ететін, құрылыс материалдары өндірісін қолдайтын нақты тетіктерден тұруға тиіс. Саладағы серпінді өсім отандық әрі шетелдік инвесторлардың назарын аударды. Ranking агенттігі дерек­теріне сәйкес, құрылыс материалдарын өндіру саласына салынған инвестициялар 3 еседен астам артқан.

– Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру инвесторлар үшін тартымды бағытқа айналды. Соңғы жылдары бұл өнеркәсіп секторы ел экономикасындағы рөлін күш­ейтіп, ішкі қосылған құнды ұлғайтты. Бү­гінде жаңа тұрғын үйлерді әрлеу мен пәтерлерді жөндеуге қажетті негізгі құрылыс материалдарының үлкен бөлігі отандық өнім. Олар сапасы жағынан импорттық баламалардан кем түспейді. Ең бастысы, қазақстандық кәсіпорындар енді тек минер­алдық шикізат қана емес, одан дайын құрылыс материалдарын өндіреді. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін компаниялар жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға, технологияларды жетілдіруге және өнім түрлерін кеңейтуге қомақты қаржы салып жатыр, – деді агенттік сарапшылары.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, 2025 жылы метал емес минералдық өнімдер өндіру саласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 222,3 мил­л­иард теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылдың қаңтар–желтоқсан айларымен салыстыр­ғанда шамамен төрттен бірге көп. Соңғы бес жылға қарағанда капитал салымы 3,3 есеге артқан.

Өңірлер бойынша деректер құрылыс материалдарын өндіру бизнесі еліміздің әрбір ірі қаласы мен облысында дамып жат­қанын көрсетеді. Былтыр салаға ең жоғары капитал салымы Қарағанды облысында (47,2 млрд теңге) және Алматы облысында (30,3 млрд теңге) тіркелді. 

Құрылыс материалдары өндірісі экономикалық тартымды салаға айналғанын өзге де деректер дәлелдейді. ҰСБ мәліметіне сай, түрлі ерітінділер, құрғақ құрылыс қос­­палары, шпатлевка, сылақ, желім, жік­­­теу қоспалары және метал емес мин­ер­­алдық өнімдер санатына жататын өзге тауарлар шығаратын қазақстандық кәсіп­орындар саны 2020–2025 жылдары екі еседен астам өсіп, 98-ден 212-ге жеткен. 

Нарықта негізінен ірі компаниялар бас­ым­дыққа ие. Мұны инвестициялар құрылымынан да аңғаруға болады. Мәселен, былтыр сектордағы капитал салымының 70,4% немесе 156,5 миллиард теңгесі ком­паниялардың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Соңғы жылдары қазақ­стан­дық компаниялар ішкі нарықты негізгі құрылыс материалдарымен толық қамта­масыз ететін деңгейге жеткізді. Импортты алмастыру міндеті шешілген соң, өндіру­шілер сыртқы нарықтарға да белсенді шыға бастады. Бұл жетістік жекелеген компания­лардың табысын арттырып қана қоймай, ең алдымен Қазақстанның сапалы өнім жеткізуші ретіндегі имиджін қалыптастырып жатыр. 

Бүгінде қазақстандық құрылыс ком­паниялары АҚШ, БАӘ, Түркия, Ресей, Өзбек­стан, Қырғызстан және өзге елдерде құрылыс жүргізіп, ішінара қазақстандық құры­лыс материалдарын пайдаланады. Сөйтіп, бұл өнімдер экспорттық тауарға айналды. ҰСБ «Талдау» ақпараттық-талда­малық жүйесінің деректеріне сәйкес, өткен жылдың қаңтар–қазанында құрылыс ма­т­ер­иалдарын өндіруші отандық компания­лар жалпы құны 248,1 млн долларға тең өнім­ді шетелге экспорттаған. Бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңінен 7% артық. Бұған дейінгі жылдарда да өсім қарқыны жоғары болған: 2024 жылы +11,9%, 2023 жылы +29,5%.

Құрылыс – өмірдің айнасы. Егер адам­дар үй салып, жол жөндеп жатса, демек, өмір тоқтаған жоқ. Үкіметтің бұл саланы алақанға сала аялауға уәде етуінің сыры да осында. Себебі бүгін қаланған әрбір тас – ертеңгі күннің берік іргетасы.

Айхан ШӘРІП