Жапония мен Қытай қатынасы соңғы жылдардағы ең төменгі деңгейге түсті. Бұған премьер-министр Санаэ Такаичидің Тайваньға қатысты мәлімдемесі себеп болды.
Қытай Жапониядан екі пандасын қайтарып алды
Саясаттың құрбаны болған егіз қонжық осы. Фото crosstalk.cell.com сайтынан алынды
145
оқылды

BBC News материалына сүйенген Aikyn.kz Қытай-Жапон қатынастарының шиеленіс себептерін түсіндіреді.

Екі ел арасындағы дағдарысқа Жапон үкіметінің премьер-министрі Такаичи Қытай Тайванға шабуыл жасаса, Жапонияның әскери күштері де қарап қалмайтыны туралы тұспалдаған мәлімдемесі түрткі болған. Тайвань мәселесін «қызыл сызық» санайтын Бейжің дереу қатқыл реакция танытып, Токиодан сөзін теріске шығаруды талап етті. Алайда Такаичи пікірін қайтарып алудан бас тартты. Сарапшылар оның жуырдағы сайлаудағы сенімді жеңісі бұл ұстанымды одан әрі нығайтуы мүмкін дейді.

Шиеленістің символына айналған оқиғаның бірі – Уэно хайуанаттар бағындағы Сяо Сяо мен Лэй Лэй пандаларының Қытайға қайтарылуы.

Бұл екі қонжық 2021 жылы Токио қаласындағы Уэно хайуанаттар бағында дүниеге келді. Олар жануарларды көбейту (асылдандыру) саласындағы зерттеулер жүргізу мақсатында Жапонияға уақытша Қытайдан әкелінген аналық аю (кірекей) Син Син мен аталық аю Ри Риден туған болатын. Осылайша, Жапония алғаш рет қытай пандаларынсыз қалды. 

Сонымен қатар Бейжің қысымды көп бағытта күшейтті. Олар әскери кемелер мен дрондардың белсенділігін арттырды, даулы Сенкаку/Дяоюй маңында жағалау күзеті кемелері қақтығысты, жапондық билік қытайлық балық аулау кемесін ұстады.

Шиеленіске экономикалық тетіктер де қосылды. Қытай сирекжер элементтері мен аса маңызды минералдарды, қосарлы мақсаттағы технологиялар экспортына шектеу енгізді. Туризмге әсер ететін қадамдар жасалып, Қытай азаматтарына Жапонияға бармау жөнінде ескерту айтылды және Жапонияға қатынайтын 49 бағыттағы рейс тоқтатылды. Мәдени салада жапондық жұлдыздардың концерттері мен бірнеше фильмдердің көрсетілімі кейінге шегерілді.

IISS сарапшысы Роберт Уорд мұны Тайваньға қарсы қолданылатын «сұр аймақ соғысына» ұқсатып, мақсаты «қарсыласты қажытып, қалыпты емес нәрсені қалыптыға айналдыру» дейді. Қытай сыртқы істер министрі Ван И болса, Такаичидің мәлімдемелерін «өте қауіпті оқиға» деп атады. Ал Стэнфорд сарапшысы Киётеру Цуцуи қысым науқаны Такаичидің ішкі қолдауын күшейтіп жіберуі мүмкін екенін айтып, «бұл танго біраз уақытқа созылады» деп болжады.

Токио қорғаныс шығынын ЖІӨ-нің 2%-ына ертерек жеткізуді және қауіпсіздік стратегияларын қайта қарауды жеделдетпек. Сарапшылардың пайымынша, жақын уақытта деэскалациядан гөрі, шиеленістің жаңа, жоғары деңгейде «қатып қалуы» ықтимал.