Рамазан – сабыр мен ізгілікті арттыратын, адамды рухани тазаруға жетелейтін ай. Сондықтан бұл кезеңді тек ішіп-жеуден тыйылумен емес, игі амалдармен өткізу маңызды.
Рамазан айы: не істеуге болады, неден тыйылу керек?
Фото: istockphoto.com
140
оқылды

Биыл қасиетті Рамазан айы 19 ақпан мен 19 наурыз аралығында өтеді. Мұсылман қауымы бұл айда таң сәріден күн батқанға дейін ауыз бекітіп, құлшылыққа ерекше мән береді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қадір түні мен Ораза айт

Рамазан айындағы ең қасиетті түн – Қадір түні. Биыл ол 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді.

Ал Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі.

Биыл пітір садақасының мөлшері жан басына 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақасы Ораза айт намазына дейін берілуі керек.

Рамазан айында не істеуге болады?

Рамазан – тек ораза ұстау айы емес, рухани тәрбие кезеңі. Бұл уақытта:

  • Ораза ұстау (сәресіден ауызашарға дейін ішіп-жеуден тыйылу);
  • Бес уақыт намаз оқу және тарауих намазына қатысу;
  • Құран оқу;
  • Садақа беру, қайырымдылық жасау;
  • Ағайын-туыспен қарым-қатынасты нығайту;
  • Дұға жасап, истиғфар айту ұсынылады.

Сондай-ақ ұмытып тамақ ішіп қою, жуыну кезінде су жұтпай дәрет алу, көзге дәрі тамызу сияқты жағдайлар шариғат бойынша оразаны бұзбайды.

Рамазан айында неден тыйылу керек?

Ораза кезінде күндізгі уақытта:

  • Әдейі тамақ жеу немесе су ішу;
  • Темекі шегу;
  • Дәрі-дәрмек ішу;
  • Жыныстық қатынас жасау;
  • Әдейі құсу немесе ауызға кірген суды жұту – оразаны бұзады.

Сонымен қатар өсек айту, өтірік сөйлеу, ренжіту сияқты теріс әрекеттер де оразаның рухани мәніне қайшы келеді.

Кімдерге жеңілдік қарастырылған?

Шариғатта кейбір адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етілген. Атап айтқанда:

  • Науқас адамдар;
  • Сапарда жүргендер;
  • Жүкті немесе бала емізіп жүрген әйелдер (денсаулыққа қауіп болса);
  • Қарт кісілер;
  • Әйелдердің етеккір және нифас кезеңі.

Мұндай жағдайда оразаның қазасы өтеледі немесе белгілі тәртіппен өтем жасалады.  

Әр өңір мен қалаға арналған Рамазан айының ораза кестесін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ / muftyat.kz) ресми сайтынан жүктеп алуға болады.

Рамазан – сабыр мен ізгілікті арттыратын, адамды рухани тазаруға жетелейтін ай. Сондықтан бұл кезеңді тек ішіп-жеуден тыйылумен емес, игі амалдармен өткізу маңызды.

Гүлшекер СҮЛЕЙМЕНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті  Баспасөз және баспа ісі кафедрасының 4-курс студенті