Қазақ қашанда ел басына түскен ауыртпалықты бірлесе көтерген. Қиын шақтарда жомарт жандар жұртқа қаржылай және материалдық тұрғыда көмек қолын созып, жағдайдың тез арада оңалуына үлес қосып келген. Бүкіл әлемді дүрліктіріп, сол төрткүл дүниенің бір кішкене ғана бөлшегі ретіндегі Қазақстанды әбігерге салған коронавирусқа қарсы тұрып, бүкіл адамзатты алаңдатқан ауруды ауыздықтауға бағытталған шаралардың нәтижелі болуына еліміздегі қалталы азаматтар да ат салыса бастады.
Елбасы мен Мемлекет басшысы халыққа арнап Үндеу жариялады. Жұртты сабырға шақырды, азық-түліктен және тағы басқа да тұрмысқа қажетті керек-жарақтардан тапшылық болмайтынын, қиындықты бірлесе жеңуге үндеді. Коронавирусқа қарсы күрес жүргізуге бағытталған қорлар құрылуда. Осындай қорларға қомақты қаржылар аударыла бастады. Солардың қатарынан көрінген елге белгілі кәсіпкер, меценат Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры қатерлі аурумен күреске 150 миллион теңге бөлді. Бұл қомақты қаражат Алматы облысындағы арнайы қорға беріліп, аймақтағы коронавиурстың салдарымен күрес мақсаттарына жұмсалатын болады.
«Мемлекет басшысы мен Елбасының қиын-қыстау кездегі халыққа арнаған Үндеулері ешбірімізді бей-жай қалдырмады. Көппен бірге біздер де сол үндеулерде айтылғандардың толықтай орындалуына үлес қосамыз және алдағы кезде де көмек қолын созатын боламыз. Осынау жұрт басына төнген нәубетке қарсы тұруға еліміздегі әрбір саналы күрескерлер сапынан орын алып, өзінің қоғам алдындағы азаматтық ұстанымын таныта білуі керек», – дейді «Салиқалы ұрпақ» қорының жетекшісі Қасым Қасабеков.
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 2016 жылдың сəуірінде құрылған. Қордың негізгі бағыты – жартылай жетім балалар мен жағдайы қиын отбасылардағы балаларды «Берекелі үй» пансионатына орналастыру, білім беру, медициналық жәрдем көрсету, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы, мұқтаж жанұяларды азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Болат Абаған,
Алматы облысы.