Атырау облысында көктемгі су тас­­қы­ны қаупі жыл сайын қайта­ланатын табиғи құбылыс болға­ны­­мен, оның салдары көбіне басқару сапасы мен инфрақұры­лым­­ның дайындығына байланыс­ты өрбиді.
Тасқынға тосқауыл бар ма?..
131
оқылды

Биылғы су тасу маусы­мына дайын­дық жұмыстары бұл жолы ертерек басталды. Жаға бе­кі­ту жұмыс­тары­мен бірге, эва­куа­ция­лық пункттерді дай­ы­ндау, мал айдайтын орын­дар­ды белгілеу жұ­мыстары атқарылуда. Дегенмен негізгі сұрақ – қабылда­нып жатқан іс-шаралар ұзақмер­зімді қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ете ала ма?

15 гидробекет тәулік бойы жұмыс істейді

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірдегі су тасқыны көлемі ең алдымен Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзен­дерінің жоғарғы бассейндеріндегі күз­гі ылғал қоры мен қыс мезгіліндегі қар мөлшеріне тәуелді. Соңғы жылдары кли­маттың құбылмалығы күшейіп, қар­­дың қалың түсуі мен көктемде күрт жылыну жиілеген. Бұл өзендердегі су деңгейінің қысқа мерзімде шұғыл кө­терілуіне әкеледі.

Бұған қоса, мұз кептелістері мен нөсер жауын-шашын жағдайды күрде­лендіреді. Яғни, табиғи қауіп факторлары сақталып отыр, тіпті кей тұста күшейген. Сондықтан инженерлік дайындықтың сапасы шешуші мәнге ие. «Жағдай толық бақылауда. Көктемгі кезеңде облыс аумағындағы өзендерде орналасқан 15 гидробекет тәулік бойы жұмыс істейді. 

– «Қазгидромет» РМК-ның гидро­бекеттері арқылы келетін су көлемі әр төрт сағат сайын өлшеніп, деректер ж­едел түрде сарапталады. Бұл өзен дең­гейінің өзгерісін уақытылы бақылауға және қауіп төнген жағдайда жедел әре­кет етуге мүмкіндік береді. Бүгінде Атырау облысы бойынша тасқын қаупі бар 51 елді мекен бақылауға алынды. Бұл аумақтарда шамамен 106,4 мың адам тұрады, – дейді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев. 

Осыдан екі жыл бұрын облысты дүрліктірген су тасқыны кезінде «Атырау – Индер» трассасы  жарылып, біраз уақыт көлік қатынасы үзілгені белгілі. Қазір сол атышулы трассаның «Индер – Қарабау» бөлігіне су өткізу құбыры орнатылып жатыр. Сонымен бірге Атырауға келетін «үлкен суды» ұстайды деген Соколок каналы тазар­тылып, кеңейтілуде. 

«Былтыр өңірде су тасқыны қаупі жоғары деп танылған аумақтарда 106 шақырым қорғаныс бөгеті көтеріліп, нығайтылған еді. Сонымен бірге өзен арналарын тазартып, түп тереңдету жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар негізінен Атырау қаласы мен Жылыой, Қызылқоға, Индер, Махамбет аудан­дарында жүргізілді» дейді Р.Жұмағазиев.

Алайда сарапшылар мұндай іс-шаралар көбіне «жауап қайтару» сипа­тында болатынын айтады. Яғни, тас­қын­нан кейінгі нығайту жұмыстары алдағы қауіптің алдын толық ала бер­мейді.

Жем өзені «қызыл» аймақ

Қазір Жылыой ауданы  тәуекелі жоғары аумақтардың бірі болып отыр. Жем өзені мен Құрсай өзектерінде жал­пы ұзындығы 95 шақырым түп тер­ең­дету жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған. Бөгеттерді нығайту бойынша 68,8 шақырым жоспарланған, оның 79 пайызы орындалды. 24 қаңтардан бастап жедел штаб құрылып, Жем өзені бойында кезекшілік ұйымдастырылып жатыр. 

Жылыой ауданы әкімі Жұмабек Қара­жановтың айтуынша,  көктемгі тасқынға дайындық аясында Бақашы ауылы, Қарағай ауылы және Сарқырауық елді мекені маңындағы гидротехникалық жұмыстар үздіксіз тексерілуде. Қазір су өткізу арналары салынып, жағалаулар бекітіліп, әлсіз учаскелер күшейтіліп жатыр.

Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауында 17 елді мекен орналасқан. Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлы­баевтың мәліметінше, 2024 жылы 116 шақырым қорғаныс бөгеттері салынған. 2025 жылғы тасқын қаупіне байланысты олар қосымша нығайтылды. Сонымен қатар Талдыкөл ауылы мен Бейбарыс ауылында жаңа бөгеттер жобасы бекі­тілген. Махамбет ауылындағы 4,5 ша­қырым жағалаудың 90 пайызы аяқталса, қосымша жұмыстар Алға ауылында жүргізілуде.

Дегенмен Жайықтың трансшек­аралық өзен екенін ескерсек, оның дең­гейі тек жергілікті шараларға емес, жоғары ағыстағы жағдайға да байланысты екенін ұмытпау керек. 

Қызылқоға және Құрманғазы аудандары: бірнеше өзеннің ықпалы

Қызылқоға ауданында 2025 жылы 28 шақырым қорғаныс бөгеті нығай­тыл­ды. Қазір Миялы ауылында Ойыл өзенінің 80 шақырымға жоспарланған түп тереңдету жұмыстарының 65 шақы­ры­мы аяқталған.

Сағыз ауылында Ноғайты өзенінің 9,4 шақырым жағалауын нығайту жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Құрманғазы ауданында Қиғаш өзенінің 9,1 шақырым жағалауын бекіту көзделген. Дыңғызыл және Көптоғай ауылдарында жұмыстар толық аяқталса, Шортанбай ауылында 85 пайыз орындалған.

Бұл аудандардағы ерекшелік – бір­неше өзеннің тоғысуы және су деңгейінің бір мезгілде көтерілу ықтималдығы болып отыр. Бүгінде облыс аумағында жүздеген техника мен маман жұмыл­дырылған. Арналар тереңдетіліп, бөгеттер күшейтіліп жатыр. Осал учаскелер анықталып, қосымша қорғаныс шара­лары қабылдануда.

Әзірге жағдай тұрақты. Алайда негізгі сынақ – көктемгі қардың жаппай еру кезеңі. Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды және кешенді сипатқа ие. Бірақ су тасқыны қаупін толық жою мүмкін емес. Мәселе – оның салдарын барынша азайтуда.

Егер дайындық тек маусымдық нау­қан ретінде емес, ұзақмерзімді өңір­лік қауіпсіздік стратегиясының бөлігі ретінде жүзеге асса, Атырау облысы алдағы жыл­дары тасқын қаупін айтар­лықтай төмендете алады. Ең бастысы – инженерлік сапа, ғылыми болжам және басқарудағы жауап­кершілік қатар жүруге тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы