Мал шаруашылығы – қазақ даласының тамыр соғысы, ұлттың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан тірек сала.
Ұлы даладағы дүбір: төрт түліктің түйткілі шешіле ме?
108
оқылды

Оның өркендеуі – тек экономикалық өсім емес, ауылдың қайта тыныстауы, иен жатқан жайлаудың қайта жандануы. Төрт түліктің тұяқ дүбірі елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығының кепілі бола алады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мал шаруа­шылығын дамытуға баса мән берді. Бұл – ата-баба мирасына адалдық қана емес, ертеңгі молшылыққа жасалған байыпты қадам.

Белестерге бағыт

Тек дәстүрлі кәсіп емес, экономиканың келешегі мол стратегиялық арнасы саналатын салаға Президент айрықша көңіл бөлді. Былтыр күздегі Жолдауында саланың қазіргі «ұятты» ахуалын ашық сынады және нақты міндеттер жүктеді. Алға қойылған мақсаттар ауқымды: мал басын көбейту, экспортты еселеу, ішкі нарықты толықтай төл өніммен қамту. Алайда өршіл жоспарлардың тасасында шешімін таппаған ветеринариялық қауіп­сіздік, кадр тапшылығы, импортқа жалтақтау, мүдделер қайшылығы секілді көлденең мәселелер менмұндалайды. 

– Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Саланың экспорттық әлеуетін күшейту, елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді 100% қамту мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят, – деді Қ.Тоқаев. 

Оның пайымдауынша, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде танытып, ілгерілету керек. Десе де, Қытай мен Ресей секілді алпауыттар өз нарығын қорғап, кедергі қоюдан танбай отыр. Сондықтан Президент Үкіметке Еуразия аумағындағы сауданың әділ болуын нақты айғақтармен талап етуді жүктеді. Ал депутаттар заңнамалық тұрғыдан отандық өндірушілердің сойылын соғуға тиіс.

Бұл –  Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің ғана емес, бірнеше құзырлы органның ортақ шаруасы. Осы іс-қимылды Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіру тапсы­рылды. Президент қойған міндетті орындау үшін Үкімет жуырда Етті мал шаруашылығын дамытудың бес жылдық кешенді жоспарын бекітті. Соған сәйкес, 2030 жылға қарай ұлан-байтақ даламызда кемінде 12 миллион сиыр жайылып жүруге тиіс. Мұндай көр­сеткіш ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Демек, мүлде өзгеше тәсіл керек. Бұл өсім негізінен асылтұқымды аналық мал басын шетелден жаппай импорттау есебінен қамтамасыз етілмек.

Бұрынғы қателіктің ащы сабағы

Сарапшылар мұндай «аттылы-жаяу» бағдарламалардың бұрын да болғанын, бірақ бағы жанбағанын айтады. 2011 жылы басталған ірі қара еті бойынша экспорттық әлеуетті арттыру жобасы сәтсіз аяқталғаны жасырын емес. Негізгі күш АҚШ, Аустралия, Канада, Ресей, Еуропа елдерінен мал импорттауға жұмсалды. Алайда жеке қосалқы шаруашылықтан ет комбинатына дейінгі тұтас өндірістік тізбек сол бойы қалыптас­пады. Әр буын өз бетінше дамыды. Мем­ле­кеттік қолдау негізінен бордақылау алаң­дарына бағытталды. Оның соңы тірі мал экспортымен шектелді. Кейбір «пы­сықайлар» жатжұрттық жануарларға жүздеген миллион теңге субсидия алған соң оны сойып немесе тірілей шетел асырған. Басым көпшілігі Өзбекстанға арзанға өткізілген. 

Соның салдарынан ішкі нарықты молықтыратын ет саласы толыққанды құрылмады. Импортты қаржыландыруға орынсыз жұмсалған орасан бюджет шығынын ақтауға тырысқан жоба авторлары «Қазақстанда асылтұқымды діңгек түзілді» деп есеп берді. Ет бағытындағы ірі репро­дукторлар құрылып, олар фермерлерге асылтұқымды мал сатып, елдегі ірі қара табынының сапасын жақсарта алатыны алға тартылды. 

Енді сол «діңгектің» қайда кеткені беймәлім. Жаңа кешенді жоспар тағы да шетелден мал әкелуге негізделген. Бұл үдерісті қолдауға тағы да қомақты бюджет қаражаты қарастырылған. Сонда 2011 жылдан бері лек-лекпен әкелінген асылтұ­қымды жануарлар қайда жоғалып кетті? Бұл сұраққа жаңа бағдарлама жауап бермейді. 

– Оның орнына 2026 жылы республи­калық бюджеттен шетелден мал сатып алу­ды несиелендіруге және жайылым инфра­құрылымын дамытуға 350 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бұл ұшан-теңіз қаржы тағы да ұстағанның қолында, тісте­геннің аузында кетпей ме? Асылтұқымды малды сатып алушы фермерлерге тек оны бірден соймай, кемі 2 жыл ұстау бойынша қарсы талап бекітілді. Екі жыл ішінде ол сиыр жет­кілікті сүт пен сүт өнімдерін беріп те үлгермейді. Бұзау күйінде әкелсе, құнажын жасына жеткенде, алғаш рет қана бұзаулап үлгеруі мүмкін. Егер, әрине қысыр болма­са, – дейді қарағандылық фермер Жасұлан Кенжебаев. 

Кешенді жоспардың қалған төрт жылына тағы 1 трлн 400 млрд теңге, яғни жыл сайын 350 млрд теңгеден жұмсау қарастырылған. Бұл қаражат жылдық 6% мөлшерлемедегі несие түрінде таратылмақ. Бірақ сарапшылар жаңа бағдарлама жобасында қаржыландыру нақты сараланбағанына тоқталды. Сондықтан қанша қаражат жайылымға, қаншасы мал сатып алуға жұмсалатыны әзірге белгісіз. Бұл, шамасы, бизнестің кредит алуға берген өтінімдеріне байланысты болуы мүмкін. 

Осы соманың жартысы – 900 млрд теңге ірі қара импорттауға жұмсалады деп болжап, бір импорттық асылтұқымды қашардың құнын 1,5 млн теңге деп алсақ, онда бес жыл ішінде елге 600 мың бас асылтұқымды мал әкелінуі мүмкін. Жоспардың түсіндірме жазбасында авторлар 2011 жылы басталған алдыңғы ет бағдарламасынан бері асыл­тұқымды мал саны шамамен 600 мың басқа артқанын көрсетеді: 2011 жылғы 344 мың бастан бүгінгі 927 мың басқа дейін. Демек, жаңа бағдарлама – ескі соқпақтың жалғасы болып шықпас па?

Саланың талмау тұсы – ветеринария

Кешенді жоспарға қатысты тағы бір сұрақ туындады: жаңа мал қандай вете­ринариялық ортада, қандай инфрақұрылым жағдайында өсіріледі? Президент өз Жол­дауында дәл осы мәселеге назар аударған-тын. Қанша карантинде ұстағанымен, 2010-жылдары импорттық малмен бірге Қазақстанға бұрын Ұлы далада болмаған көптеген жаңа ауру түрі енді. Бұл онсыз да күрделі эпизоотиялық жағдайды ушықтырды. Елдегі әлжуаз ветеринариялық жүйе бұған тосқауыл бола алмады. 

– Содан бері жағдай жақсы жаққа өзгерді ме? Жоқ, қайта кері кетті деуге болады: аса қауіпті індет ошақтары аймақ­тарда тұрақты түрде тіркеліп, саны да, ауқымы да өсіп барады. Бұған қоса, вете­ринариялық жүйеде кадр тапшылығы күшейіп кетті. Жастар бұл кәсіпке қызық­пайды, оқу орындары студент таба алмай жатыр. Жалақы төмен болып қалғандықтан, тәжірибелі қызметкерлер де кету үстінде, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Руслан Асаубаев.

Кешенді жоспарда бұл проблема көрсе­тіліп, оны шешу жолдары ұсынылған. Атап айтқанда, ветеринариялық зертханаларды жаңғыртуға бес жыл ішінде 5,5 млрд теңге, ауылдарда ветпункттер мен мал қорымдарын салуға тағы 66 млрд теңге бөлу жоспарланған. Алайда мұндай шаралар бұған дейін де тұрақты түрде жүргізіліп келгенімен, жағ­дайды түбегейлі жақсарта алған жоқ.

Кадр мәселесіне келсек, ветеринарлардың жалақысын арттыруға және оларды арнайы киіммен қамтамасыз етуге шамамен 70 млрд теңге бөлу ұсынылған. Бірақ бұл ша­ра­ның тиімділігі де күмәнді: жастар ауылға тек жалақының төмендігінен емес, сондай-ақ инфрақұрылымның дамымауы мен перспективаның жоғынан бармайды. Қазір ветеринарлардың жоғарылайтын мансап сатысы жоқ. Олар кейін жеке ветклиника ашайын десе, талап қатал, клиент жоқтың қасы. Саладан білікті мамандарды іріктеп, өзіне тартатын коммерциялық және мем­лекеттік ғылыми-зерттеу институттары қайда? Кезінде Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мұғалім, дәрігер үлгісінде «Үздік ветеринар» төсбелгісін енгізуді сұрапты, ол да қабылданбаған екен. 

Статистика бойынша, ветеринарлардың орташа жалақысы 150-250 мың теңге аралығында ғана. Мұндай жалақыға қазір университет бітірмеген жастар да қызық­пайды. Мұның сыртында жұмысы ауыр, күннің ыстығына күйіп, қыстың суығына то­ңады. Әрине, кейбір ірі бордақылау алаңдары мен ауқатты фермерлер 600 мың теңге жалақы ұсынады. Бірақ олардың саны аз әрі мықты маманды ғана алады. Мұндай жағдай ветеринар мамандардың тапшылы­ғын ушықтырды. 

Соның кесірінен малды сырттан жап­пай импорттау кезінде ветеринариялық тәуекелдер сақталады. Қолайсыз эпи­зоотиялық жағдайда қырылып қалу қаупі бар аймақтарға қымбат импорттық мал әкелудің мәні болар ма екен? Ондай жағдайда фермер малсыз қалып, өтелмеген кредиттің берешегіне батуы мүмкін. 

Алға басу үшін ақша қажет

Ауыл шаруашылығы министрлігі айта­ды: мал шаруашылығы ауыл шаруашы­лығының жалпы өнімінің 39%-ын қамта­масыз етіп отыр. 2025 жылы ірі қара мал 2,4%-ға, ұсақ мал 1,6%-ға шамалы өсті. Сүт өндірісі шамамен 3,8 млн тоннаны құрап, 5%-ға артқан. Ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға жетті, бұл алдыңғы жыл деңгейінен 2,6%-ға жоғары.

Кешенді жоспарды іске асыру ірі қара мал басын қазіргі 7,9 миллионнан 12 млн басқа дейін, ұсақ малды 20,2 миллионнан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ ет өндірісін 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайту және оның экспортын екі есеге – 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдар­бек Сапаров журналистерге саланы қаржы­лай қолдаудың бірқатар бағытында кешенді шаралар ұсынылатынын жеткізді. Біріншіден, барлық ауыл шаруашылығы жануарының асылтұқымды малын сатып алуға жыл­дық 6%-бен жеңілдетілген кредит беру бағдар­ламасы іске қосылмақ. Жыл сайынғы қар­жыландыру қажеттілігі 300 млрд теңгені құрайды. Бірақ бюджетте ол қаржының бәрі бірдей қарастырылмаған.

Екіншіден, жайылым мал шаруашылығын дамыту және жайылым инфрақұрылымын қалыптастыру үшін 2026 жылға жылдық 6%-бен 50 млрд теңге бірыңғай жеңілдетілген кредиттік өнім көзделеді. Үшіншіден, жем-шөп дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 5%-бен қаржыландыру енгізілмек. Қажеттілік – 50 млрд теңге.

Төртіншіден, саланы кадрмен қамтуға және мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайын жақсарту шара­ларына да мән беріледі. Оның қатарында шопандар мен бақташыларға 55 жасқа толған кезде арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын беру (бұл ерте зейнеткерлікке шығумен бірдей), мамандарға арналған тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету және басқа бастамалар бар. Тек ақша мәсе­лесін шешу талап етіледі. 

Мал шаруашылығын дамыту – ұлттық мүдде. Бірақ ол құрғақ цифрлар мен шетелдік малға үміт артумен емес, төл селекциямыз бен ветеринарияны түзеуден басталса игі. Әйтпесе, «тұяқ дүбірі» емес, «бюджеттің сыбдыры» ғана естілмек.

Айхан ШӘРІП