Көші-қон ағыны күшейген сайын тіркеу, уақытша қоныстану және еңбекке орналасу мәселелері өзекті бола түсті.
Жастар қалаға ағылып, ауылдарда кадр тапшылығы күшейді
128
оқылды

Қазақстандағы ішкі көші-қон – елдің демографиялық құрылымын, еңбек нарығын және өңірлік даму теңгерімін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Кейінгі жылдары ауылдан қалаға ағылған халық саны күрт артып, урбанизация үдерісі жаңа деңгейге шықты. Бұл құбылыс бір жағынан экономикалық мүмкіндіктерге ұмтылысты көрсетсе, екінші жағынан көші-қон заңнамасының сақталмауы, инфрақұрылымдық қысым және аймақтар арасындағы теңсіздік мәселелерін одан әрі өзекті ете түсті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

2025 жылғы 1 сәуірдегі ресми статистика бойынша ел халқының 12,8 миллионы – қалалықтар, ал 7,5 миллионы ауылдық жерде тұрады. Яғни халықтың үштен екісінен астамы қалада шоғырланған. Бұл урбанизацияның қарқыны күшейгенін көрсетеді.

Қала мен ауыл арасындағы алшақтық

Ішкі көші-қонның негізгі себебі – әлеуметтік-экономикалық айырмашылық. Қалада жалақы жоғары, жұмыс орыны көп, білім мен медицина қолжетімді. Мәселен, қаржы, тау-кен өндірісі, ақпарат және байланыс салаларында орташа айлық жалақы 800–950 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ауыл шаруашылығы мен өңдеу секторында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен.

Жалақы айырмашылығы халықтың қай өңірге бет алатынын айқындайтын басты факторға айналды. Жастар үшін қала – білім мен мансап орталығы. Университеттер, ғылыми орталықтар, технологиялық компаниялар ірі мегаполистерде орналасқан. Соның салдарынан ауылдардан еңбекке қабілетті тұрғындар кетіп, демографиялық құрылым өзгеріп жатыр.

Өңіраралық көші-қон балансында Түркістан облысынан бір жылда 22 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Жамбыл мен Жетісу облыстарында да халық саны азаюда. Ал негізгі қабылдаушы өңірлер – Астана, Алматы және Шымкент. Астанаға жыл сайын 35 мыңнан астам жаңа тұрғын келеді.

Көші-қон ағыны күшейген сайын тіркеу, уақытша қоныстану және еңбекке орналасу мәселелері өзекті бола түсті. Сарапшылардың айтуынша, көптеген азамат жаңа өңірге көшкенімен, уақытылы тіркелмейді. Бұл әлеуметтік қызметтерге қолжетімдікті қиындатып, көлеңкелі еңбек нарығын қалыптастырады.

Көші-қон заңнамасының сақталмауына бірнеше фактор әсер етеді:

  • тұрғын үйдің қымбаттығы;
  • уақытша тіркеу рәсімдерінің күрделілігі;
  • бейресми жұмыспен қамтылу;
  • ақпараттың жеткіліксіздігі.

Нәтижесінде ірі қалалардың инфрақұрылымына түсетін жүктеме артып, мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандарға сұраныс көбейеді.

Мемлекеттік саясат: жаңа тұжырымдама

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, көші-қон саясаты тек халықтың қозғалысын бақылаумен шектелмеуі тиіс. Ол өңірлік дамуды теңестіруге бағытталуы қажет.

«Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы азаматтардың тұрғылықты жерін өзгерту құқығын шектемейді. Негізгі мақсат – халықтың шамадан тыс шоғырлануын болдырмау, өңірлердің әлеуетін арттыру және көші-қон процестерін жүйелеу», – деген еді Аида Балаева.

Сондай-ақ ол көші-қонды реттеу үшін:

  • еңбек ресурстарын сұраныс бар өңірлерге бағыттау;
  • солтүстік және шығыс аймақтарды дамыту;
  • ауылдық инфрақұрылымды жақсарту;
  • цифрлық тіркеу жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынатынын айтты.

Урбанизацияның салдары

Қалалардағы халық санының артуы экономикалық өсімге серпін бергенімен, бірнеше мәселені қатар алып келеді:

  • тұрғын үй бағасының қымбаттауы;
  • көлік жүйесінің шамадан тыс жүктелуі;
  • экологиялық қысым;
  • әлеуметтік инфрақұрылым тапшылығы.

Ал ауылдарда керісінше халық азайып, кадр жетіспеушілігі байқалады. Бұл аграрлық сектордың дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Ауылдарды дамыту – басты міндет

Ішкі көші-қонды әкімшілік тыйымдармен тоқтату мүмкін емес және бұл нарықтық экономика жағдайында тиімсіз. Сондықтан негізгі назар халықтың көші-қонын шектеуге емес, кетуге мәжбүр ететін себептерді азайтуға бағытталуы тиіс. Ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – көші-қон қысымын төмендетудің негізгі тетіктері. Сонымен қатар жол, интернет, медицина, білім беру инфрақұрылымын жақсарту ауылдағы өмір сапасын арттырып, жастардың туған жерінде қалуына мүмкіндік береді. Өңірлік даму теңгерімді болған жағдайда халық тек табыс үшін емес, өмір сапасын таңдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл мегаполистерге түсетін шамадан тыс жүктемені азайтып қана қоймай, еңбек ресурстарының тиімді бөлінуіне жол ашады. Нәтижесінде ішкі көші-қон реттеліп, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына оң әсер етеді.

Гүлшекер СҮЛЕЙМЕНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті  Баспасөз және баспа ісі кафедрасының 4-курс студенті