Орманда бірнеше аптадан бері тыным жоқ. Құстар әкім­шілігі келесі жылдың азық-түлік жоспарын бекіте алмай, бастары әбден қатты. Біресе жиналыс, біресе комиссия, біресе «кеңей­тіл­ген кеңес». Ал нәтиже – нөл.
Қанаты қайырылған құстар
81
оқылды

Бүгін тағы үлкен жиын бас­талды.

– Құстарға ең қажеті дән, он­сыз өмір жоқ, – деді Көгершін мінбеге шығып. 

– Өте дұрыс,бидай болса, тіпті керемет болар еді, – деп Торғай қостады.

– Тары да артық етпейді, – деп Шымшық шиқ етті.

– Айтпағымыз, азық-түлік бағ­дар­ламасын жыл сайын өзгер­те бергеннен не ұтамыз? Бізге дән­ді-дақыл ғана қажет, – деп сөзін түйді Көгершін.

Жиналысты жүргізіп отырған Жапалақтың көзі жыпылық-жыпылық етті. Дауысы салмақты, бірақ ойы ауыр еді.

– Құрметті қауым,біздер құс­тар тұқымына жатсақ та, бәріміз дәнмен ғана тоқтығымызды баса алмаймыз.

Осы сәтте арт жақтан Қарға қарқ етті.

– Жәке, әдемі айттың! Жер­ден шұқып қашанғы дән тереміз? Бүгінде заманға сай өмір керек. Қы­зыл ет қажет! Сондықтан бюд­жеттен бөлінетін қаражаттың елу пайызы дәнге, елу пайызы етке жұмсалсын!

Залда гуіл басталды.

– Орманда етқоректі құстар санаулы ғана ғой. Екеуіңнен бас­қа етке құмар ешкім жоқ. Көпші­лік дәнмен күнелтіп жүр, – деді Бұлбұл жұмсақ үнімен.

Жапалақ екі көзі бадырайып ойланып қалды.

– Олай болса ор­ман­ның басқа тұр­ғын­дарынан да сауал сұрайық. Бәлкім, ор­таға салар салмақты ақылдар бар шығар.

– Бізге өзгенің пікірі неге керек? – деп Көгер­шін қоразданып сөйледі. Ешкім құлақ аспады.

– Олардың заңы басқа, бюд­жеті бөлек емес пе? – деп ши­қылдады Шымшық.

Бірақ Құстар әкімшілігі оны тыңдамады. Демократиялық дә­уір­де өмір сүріп жатырмыз де­генді желеу етіп, жан-жақтан сауалнамалар жинай бастады.

Алғашқы болып Қасқыр өз ойын айтты.

– Негізі, құстардың азық-түлік бағдарламасына майлы қы­зыл етті молырақ қосуын то­лық қолдаймын. Көрші орманда Арыстандар тұрады. Кейде қо­наққа келеді. Ұят емес пе, Арыс­танға табақпен дән ұсынып отыру? Мынау – ормандағы өзге аң-құстарды сыйламау! – деді ол тісін ырситып.

– Дұрыс айтасың, – деп басын изеді Түлкі. Құйрығын бұлғаңдатып:

– Қарға мен Жапалақты төрт аяғымды көтеріп қолдаймын. Құстар ет жеп үйрену керек. Ер­тең Арыстан ағамыз ашуланса, бәрімізге оңай тимейді. Қауыр­сынды ағайындар тыныш өмір сүргісі келсе дәнді доғарып, етке көшкені абзал. Қазіргі заманның сұранысы да осы.

Келесі болып Аю сөз алды.

– Менің ойымша, құстар бал жеп үйрену керек. Қашанғы шоқып дән жейді? Қазір заман өзгерді, аңдар түгілі қорадағы малдың өзі дамып жатыр, – деді ол балға малынған тырнағын жалап.

– Ал сәбіз ше? Неге сәбіз жемейді? Онда тұрған не бар? – деп Қоян орнынан секірді.

Жиналыс қыза түсті.

Күні бойы жерді тұмсығымен қопарып жүрген жабайы қабан да шыдай алмады. Пікірге ара­ласты.

– Жалпы, шындықты айтсам, мына құстардың шиқылдағаны жүйкеме тиеді. Япыр-ау, бұлар Қасқыр сияқты ұлып, Ит сияқты үріп, мен сияқты қорсылдауды неліктен үйренбейді?

Залда тағы да шу.

Ал құстар болса бір-біріне қарап, балапандарының бола­шағын ойлап шырылдай ұшып жүр.

– Бізге дән керек, – дейді бірі.

– Бізге ет керек, – дейді екіншісі.

– Бізге тыныштық керек, – дейді үшіншісі…

Жиналыс әлі жалғасып жа­тыр.

Әзірге құстар бюджеті бекітіл­ген жоқ. Пікірталас таусылар емес.Үдеп барады.

Қысқасы,құстардың бюд­жетін жыртқыштар бекітіп жа­тыр.

Н.ЖҰБАТҚАН