«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жолын­дағы маңызды қадам­дарының бірі.
Ұлттық қордан үлес – ұрпақ несібесі
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
99
оқылды

Жоба ұлттық байлықтың игілігін бүгінгі баланың ертеңгі арманына айналдыруға мүмкіндік беріп, оның білім мен баспанаға бастар бастапқы капиталының іргесін қалайды. Бағдар­лама әлеуметтік әділдіктің шынайы көрінісі ретінде жас ұрпақ­тың еңсесін тіктеп, болашаққа сенімін бекем­дейді. Ал жаңа Консти­туция жобасында балалар құқығының айрықша айқындалуы осы бастаманың рухымен үндесіп, мемлекет қамқор­лығы мен ұрпақ амана­тын бір арнаға тоғыстырады.

Ата Заң – балалық шақтың қорғаны

Жаңа Конституция жобасында балалардың құқықтарын қорғау мен мемлекет қамқорлығын кү­шей­тудің көзделуі де бағдарла­ма­ның идеясымен үндеседі. Осы ар­қылы ұлттық ресурстардан түскен табыс заңдық кепілдіктермен ұш­тасып, Қазақстанның тұрақты да­муы мен ұрпақ болашағына қызмет етеді. Бұл тек қаржылық көмек емес, ел байлығының иесі – халық, ал сол халықтың ертеңі – бүгінгі бүлдіршін екенін айғақтайтын тарихи шешім. Қазақ пайымында «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұ­ры». Алайда сол нұрды сөндірмей, гүлді солдырмай өсіру – тек ата-ананың емес, мемлекеттің де ме­рейлі міндеті. 

2026 жылдың 15 наурызында өте­тін жалпыұлттық референ­дум – еліміздің саяси келбетін ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігін де ай­қындай түспек. Жаңа Конституция жобасының 30-бабында бала тағ­дыры мемлекеттік деңгейде шеге­ленген. Мұндағы үш таған – мем­лекеттік қорғау, ата-аналық міндет және ұрпақтар сабақтастығы – қоғамымыздың рухани әрі құқық­тық темірқазығы іспетті.

Жаңа Конституция жобасында өскелең ұрпаққа ерекше назар аударылған. Жас буын тікелей Ата Заңның қорғауына алынады. Атап айтқанда, оның 30-бабында, бі­ріншіден, «әрбір баланың мемлекет қорғауында болатыны» нақты жа­зылған. Екіншіден, «Балаға қам­қорлық жасау және оны тәрбие­леу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деп көрсетілген. Үшін­шіден, «Кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарам­сыз ата-анасына қамқорлық жасау­ға міндетті», – деп ұрпаққа жауап­кершілік жүктелген.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жыл сайын кәмелетке толмаған әрбір қазақстандықтың шотына қаражат аударылады. Нысаналы жинақтарды пайдалану 18 жасқа толғаннан кейін тек 2 бағыт бойынша жүзеге асырылады: тұрғын үй жағдайын жақсарту не­месе Қазақстандағы және шетел­дегі білім беру ұйымдарында оқу ақысын төлеу. Қаражатты толық немесе ішінара пайдалану мүмкін­дігі бар. Пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақ шотында сақта­лады. Шағын жинағын пайдаланып үлгергеннің қатарында елорда тұр­ғыны Назерке Қапанова да бар.

Оның айтуынша, президенттік бағдарлама зор әлеуетке ие әрі жас­тарға нақты қолдау көрсетеді. Наз­ерке 2025 жылы қазақстандық уни­верситеттің біріне гранпен тегін оқуға түсті. Алайда ол осы оқуын бітірген соң «Болашақ» бағ­дарламасы арқылы Франциядағы Sorbonne University ғылым орда­сына түсуге ниетті, себебі бала ке­зінен француз тілін жанына жақын тартып, жақсы меңгерген. 

– Оныншы сыныпта оқып жүргенімде француз университет­теріне өтініш жолдап, екеуінен ша­қырту да алдым. Бірақ олар грант ұсынғанымен, студенттерге жатақхана бермейді екен, ал Па­рижде және оның маңайында пә­тер жалдау өте қымбат. «Бола­шақ­пен» түскім келеді. Ол кепілге пәтер талап ететіндіктен, ата-анам Отбасы банк арқылы маған пәтер сатып алып берді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-дан түскен 260 доллар со­ның құрамына қосылды. Бағдар­лама – замандастарым үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет берген азған­тай үлес үлкен мақсаттарға бастау бола алады, – дейді бойжеткен.

Сандар сөйлейді

Назерке сияқты балалар қазір­дің өзінде жүз мыңдап саналады. Қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталып, кейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсалатыны айтылды. БЖЗҚ мәліметі бойынша, осы мақ­саттарға 200 мыңнан астам өті­ніш берілген. 2026 жылғы қаңтар­дағы жағдайда нысаналы жинақ­тарды пайдалану жөніндегі 205 505 өтініш орындалды. Аударылған қа­ражаттың жалпы көлемі 31,61 млн доллардан асты. Оның ішінде 127 445 өтініш иесі 19,69 млн дол­ларды – тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға, 78 060 өтініш иесі 11,92 млн долларды – білім алуға бағыттаған.

Биыл тағы 356 613 қазақстандық 18 жасқа толып, өз нысаналы жи­нақтарын пайдалану құқығына ие болады. Ескерер жайт, 18 жасқа тол­ған азаматтар өз деректеріне БЖЗҚ мен eGov сервистері арқылы ата-анасына қарайламай, дербес қол жеткізе алады. 2026 жылғы қаңтарда 6 918 656 қазақстандық балаға кезекті есептеу жүргізіліп, әрқайсысына 130,71 доллар қара­жат аударылған. Осының арқасын­да бағдарламаға үшінші жыл қа­тарынан қатысып отырған баланың жинағы инвестициялық табысты қоса есептегенде 370 доллар 56 центті құрады. 

18 жасқа дейінгі балаларға Ұлт­тық қордан қаражат жыл сайын олардың Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорында (БЖЗҚ) ашыл­ған шоттарына «нысаналы та­лап­тар» түрінде аударылады. Бұл ретте заңнамаға сәйкес, балаларға есеп­телген қаражат Ұлттық қор актив­терінің құрамында қалып, әрі қа­рай инвестициялануын жалғас­­­ты­ра­ды. Инвестициялау нәти­же­сінде әр баланың нысаналы та­лап­тары­ның сомасы жыл сайын ин­вест­та­быс есебінен қосымша өсіп отырады.

БЖЗҚ мамандарының түсін­діруінше, бағдарламаға үшінші жыл қатысып отырған балалардың жи­нағына соңғы 2 жылда 9,95 доллар қосымша инвестициялық табыс есептелді. Ал тек екі жыл қатысып, алып қойғандарға өткен жылғы қосымша табыс 3,84 доллар болды.

Нәтижесінде, бағдарламаға қатысатын баланың барлық жи­нақ­талған нысаналы талабының со­масы (жыл сайынғы инвестта­бысты қоса алғанда): бірінші жылы 130 доллар 71 центті құрады; екінші жылы 263 доллар 93 цент жинақ­талды; үшінші жылы жинақ көлемі 370 доллар 56 центке жетті. Соның ішінде инвесттабысты қоспағанда, 2024 жылы әр балаға 100,52 доллар, 2025 жылы – 129,38 доллар, ал 2026 жылы 130,71 доллар бірреттік ауда­рым жасалды. Бағдарлама іске қо­сылғалы Ұлттық қордан барлық балаға есептелген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 2,5 млрд долларды құрапты. 

«Ұлттық қор – балаларға» ­бас­та­масын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2022 жыл­­ғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жариялаған болатын. Оның негі­зінде елдің ұлттық байлығы әрбір азаматқа бала кезінен бастап ті­келей әрі нақты пайда әкелуге тиіс, табиғи ресурстарды пайдалану­дан түсетін табыс атаулы әрі тең бөлінуі қажет деген қағидат жатыр.

Бастаманы практикалық іске асыру 2024 жылғы 1 қаңтарда бас­тал­ды. Алғашқы кезеңде 2006 жыл­дан 2023 жылға дейін туған барлық бала қатысушы атанды. Бағдарлама іске қосылған сәтте 6 919 131 бала қамтылды. 2024 жылы олардың 304 815-і жинақталған қаражатты пай­далану жасына жетті. Есептеулер тең жағдайда жүргізіледі және өңірге, отбасының табыс деңгейіне немесе ата-анасының әлеуметтік мәртебесіне тәуелді емес.

БЖЗҚ мәліметінше, 2023 жыл­дан кейін туған Қазақстан азамат­тары енді бағдарламаға автоматты түрде қатысушы болып тіркеледі. Ата-аналар немесе заңды өкілдер есептелген сомаларды eGov mobile қосымшасы, kids.enpf.kz сайты және банктік сервистер арқылы көре алады. 

Депозит – тиімді таңдау

Азаматтарға Ұлттық қордағы жинақтарын Отбасы банкіндегі депозитке аударуына болады. От­басы банкінің мәліметінше, 18 жас­қа толған жастардың көбі қара­жатты бірден жаратпай, депозит ретінде сақтауды жөн көреді екен. Мұның қисыны қарапайым: тіпті, аз көлемдегі қаражаттың өзі салым­шыға табыс әкеледі. Оған банк та­рапынан 2% сыйақы және мем­лекет тарапынан 20% сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға) есептеледі. Депозит бойынша жыл­дық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мемлекеттік сыйлықақыны ескере отырып 14%-ға дейін жетеді. Де­позиттің болуы жас салымшыға тұрғын үйді аз шығынмен, арзандау ипотекаға сатып алуға мүмкіндік береді. Жинақ шотын тұрақты түрде толықтырған жағдайда 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі жылдық мөл­шерлемемен заем алуға кепілдік беріледі. Бұдан бөлек, бастапқы жарнасы мен сыйақы мөлшерле­месі төмендетілген банктің бағ­дарламаларына, «Наурыз» бағдар­ламасына қатыса алады.

Отбасы банктегі жинақ қаражат 10 жыл бойы пайдаланылмаса, ол автоматты түрде жас азаматтың зейнетақы шотына аударылады. Демек, ұлттық байлықтан түскен үлес ешқайда жоғалмайды, ол – иесін табатын аманат әрі болашақ зейнетақы. Сонымен қатар қара­жатты ипотека арқылы пәтер сатып алғанда бастапқы жарна ретінде қосуға немесе тұрғын үйді толық сатып алу кезінде есепке алуға болады. Білім беру бағыты бойын­ша қаражат AQYL білім беру де­позитін толықтыруға немесе бұрын рәсімделген оқу несиесінің бір бөлігін өтеуге жұмсалады. 

– Жинақты неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым қажетті жи­нақ деңгейіне тез жетіп, бағалау көрсеткішін арттырасыз. Бұл несие мөлшерлемесіне әсер етеді. Бағалау көрсеткіші жоғары болған сайын мөлшерлеме төмендеп, ай сайынғы төлем мен артық төлем азаяды. Тұрақты толықтырулар табысты растаусыз несие алуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Отбасы бан­кінің менеджері Әлия.

Отбасы банкінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, бағдарлама басталғалы 18 жасқа толған қазақ­стандықтар тұрғын үй және білім беру депозиттеріне өткен екі жылда 9,1 млрд теңге салған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, «Ұлттық қор – бала­ларға» бастамасы – әрбір баланың болашағына арналған қаржылық негіз қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тетігі. Ал жаңа Конституция ая­сын­да балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді тетік­терін қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау басымдыққа ие болады. 

– Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – мемлекеттің ұзақмерзімді дамуы мен ұлт бола­ша­ғының берік негізі. Бұл бағытта Мем­­лекет басшысы мемлекеттік сая­­саттың басым міндеті ретінде балалардың қауіпсіздігін қамта­­масыз етуді, оларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және әрбір баланың жан-жақты да­муы мен сапалы білім алуына жағдай жасауды айқындады. Осы салаларда іргелі реформалар мен заңдар ­қа­был­данып, іске асы­ры­лып ж­а­тыр, – деп атап өтті Ж.Сү­­лейменова.

Қазақстанда балалардың құ­қықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 10 негізгі заң қабыл­данды. Олар балалардың өміріне, денсаулығына және психологиялық әл-ауқатына қауіп төндіруі мүмкін факторлардан қорғаудың құқықтық тетіктерін бекітеді. Бұл кешенді қадамдар Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген «Ұлт­тық қор – балаларға» бағдарламасы­мен үйлесім тауып, жас буынды аялы алақанға алатын біртұтас қам­қорлық моделіне ұласты. Сөй­тіп, құқықтық қалқан мен қаржы­лық кепілдік қатар өріліп, бүлдір­шіндеріміздің бейбіт күні мен баянды болашағының берік ірге­тасы қаланды.

Айхан ШӘРІП