Бүгінде өңір қарыштап дамып, әр салада ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы осы және Ата Заңның қабылдануымен жол ашылатын басқа да жаңа мүмкіндіктер туралы облыс тұрғындарымен сөйлесті.
Жұртшылықпен кездесуде Ерлан Қошанов Маңғыстаудың қуатты өнеркәсіптік әлеуетіне қарамастан, өңірде ондаған жыл бойы тұрғындардың орынды наразылығын тудыратын мәселелер жиналып қалғанын атап өтті. Осыған орай, Мемлекет басшысы алты жыл бұрын бұл мәселелерді шешу және Өңірді дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды, оны іске асыруды ол өзінің жеке бақылауында ұстады. Барлық қажетті ресурстар бөлінді. Бүгінде жоспар толық орындалып, маңғыстаулықтар оның нәтижелерін көріп отыр.
– Ең бірінші және ең өзекті мәселе – ауыз су тапшылығы болды. Бұл мәселе Кеңес дәуірінде де, Тәуелсіздік жылдарында да толық шешілмеген еді. Ол туралы өз шығармаларында Әбіш Кекілбаев та жазған болатын. Президенттің жүйелі қолдауының арқасында өткен жылы Маңғыстауда ауыз су проблемасы толық шешімін тапты. Каспий су тұщыту қондырғысының қуаты артты, Түпқарағанда, Кендірлі мен Жетібайда жаңа су тұщыту қондырғылары іске қосылды, – деді Мәжіліс Спикері.
Сондай-ақ өңірде электр қуатының үзілуі мен ажыратылуы тоқтады. Қазір баламалы энергия көздері жүйелі дамып келеді, соның ішінде Жаңаөзендегі бірегей гибридті электр станциясы бар. Мемлекеттің қолдауымен МАЭК жаңартылып, жылу және электр желілері жөндеуден өткізілуде.
Әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері кешенді түрде шешімін табуда. Соңғы екі жылда «Келешек мектептері» жобасы аясында 13 заманауи мектеп салынды, жақын арада үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі. Жаңаөзенде заманауи Оқушылар сарайы пайдалануға берілді, Ақтауда халықаралық стандарттарға толық сай келетін жаңа мұзайдын ашылды. Облыс орталығында жедел көмек көрсетуге арналған көпфункционалды орталық бой көтерді, ал Мұнайлы ауданында көпсалалы аурухана іске қосылды.
Президент тарапынан өңірлік экономиканы дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының жеке бақылауына алынған, облыстың экономикасын айтарлықтай әртараптандыратын 52 міндет бар. Атап айтқанда, келесі алты жыл ішінде облыста 10 триллион теңге тұратын 55 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Өңдеуші өнеркәсіп, логистика, туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалар шамамен 10 мың жұмыс орнын құруға жол ашады. Жаңаөзенде салынып жатқан газ өңдеу зауытының да өндірістік әлеуеті зор.
Өз кезегінде өңір тұрғындары Маңғыстау облысына ерекше көңіл бөлгені үшін, жергілікті жұртшылыққа деген қамқорлығы үшін Президентке шынайы алғыстарын жеткізуді өтінді. Бүгінде өңірде тұрмыс сапасы жақсарып келеді. Адамдар су, жылу, электр қуатының тоқтап қалуы сынды келеңсіздіктерді ұмытты, облыстың әрі қарай дамуы үшін берік негіз қалыптасты.
Негізгі күн тәртібіне көшкен Мәжіліс Төрағасы жаңа Ата Заң жобасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметке кіріскен алғашқы күнінен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылған жүйелі реформалардың нәтижесі екенін атап айтты. Бұл реформалардың аясында баршаға тең мүмкіндік туғызуға берік негіз қаланып, биліктің бір қолға шоғырлануы мүмкіндігі жойылды, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару процесі басталды.
– Осы қадамдардың өзегінде әділеттілік, теңдік пен бірлік идеясы тұр. Заң мен тәртіп соның берік іргесі болып қалануда. Бұл қоғамның санасына серпіліс берген басты құндылықтарымызға, негізгі қағидаттарымызға айналды. Жаңа Ата заң – осы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы, түпкі түйіні. Ең негізгісі, мұның бәрі халықтың сұранысынан туындап отыр. Сондықтан елдің болашағына бағытталған баптар, преамбулада көрініс тапқан құндылықтар, халықтың қалауынан туған қағидаттар – бәрі Президенттің жүрегінен шыққан деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының жылдар бойғы ой-толғамдары халықтың үнімен үндесіп тұр, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы ғаламдық тұрақсыздық күшейіп тұрған кезеңдерде Президент сыртқы саясатта сындарлы бағыт ұстануға үлкен күш жұмсап, сол арқылы әлемнің барлық елімен серіктестік пен тең құқыққа негізделген қарым-қатынасты қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтті. Елге инвестициялар салынып, шет мемлекеттердің басшылары келіп, Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ниет танытуда. Бүгінде жаһанда аумалы-төкпелі ахуал белең алған тұста ішкі тұрақтылық пен қоғамның бірлігі ерекше маңызды. Тек осы арқылы Қазақстан дамып, алға жылжи береді.
Сондай-ақ кездесу барысында Ата Заң жобасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, цифрландыру және мемлекеттің әлеуметтік міндеттері мәселелері де көтерілді. Жергілікті тұрғындар жаңа Конституцияның парадигмасы өзгеріп, жерасты қазба байлықтарына емес, адам капиталын дамытуға бағытталғанын оң бағалады. Енді Қазақстан тек минералдық ресурстарға емес, интеллектуалдық ресурстарға, білім экономикасын құруға иек артады. Сондықтан құжатта ғылым, білім және инновацияларды дамыту нормалары мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде бекітіліп, ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі.
Маңғыстау облысының өндірістік кәсіпорындарымен кездесу әсерлі өтті. Тұз қышқылы мен кальций хлоридін шығаратын Topan Chemical Industries зауытының ұжымы жаңа Конституциядағы лайықты еңбек құқығы, уақытылы және әділ жалақы, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету нормаларын қолдады. Бұл ережелер мемлекеттік саясаттың айқын бағдары болып отыр. Жұмыскерлер өздері атап өткендей, бұл норма олардың өмірін, денсаулығын және кәсіби мүдделерін қорғауға берік негізін қалайды.
Өндірістің болашағы туралы Коалиция мүшелері Жаңаөзен қаласында «ӨзенМұнайГаз» мұнайшыларымен де пікір алмасты. Әңгіме Конституцияның негізгі идеясы – «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасы аясында өрбіді. Әлеуметтік және еңбек кепілдіктері, мұнай-газ саласын дамыту, жастардың ғылыми әлеуеті, отбасына қолдау көрсету, инновациялық технологияларды енгізу, «Заң пен тәртіп» қағидатының нығаюы сияқты мәселелер талқыланды. Осы аталғандардың барлығы Ата Заң жобасында көрінісін тапты.
Мұнайшылар өңірдегі экология ахуалына бөлек тоқталды. Ұзақ уақыттан бері жұмыс істейтін Қошқар ата қалдық қоймасы орналасқан Маңғыстау облысы үшін жаңа Конституцияда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғатты аялау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау, апаттардың, ластанулардың және қалдық төгудің алдын алу бойынша жауапкершілігін бекіту ерекше өзекті болып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесуде Қазақстанда тұратын 130-дай этнос пен 20-ға жуық конфессияның бірлігін бекемдеу мәселесі талқыланды. Ата Заң жобасында этносаралық келісім принципі негізгі мемлекеттік бағдарлардың қатарында тұр. Бұл принцип преамбула мен бірқатар негізгі бапта көрініс тапқан. Кемсітушілікке жол бермеу, мәдени алуандықты құрметтеу мемлекеттің стратегиялық құндылығы ретінде ерекше атап көрсетілген.
Барлық кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдап, оның қоғамдық бірлікті нығайту мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңыздылығына ерекше назар аударды. Ұсынылған өзгерістер Президенттің «Әділетті Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға, баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті.
Бұдан соң Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Атырау облысына барды. Өнеркәсіптік өңірде қоғам өкілдерімен, шығармашыл жастармен, мұнайшылармен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өтті.

Қоғам өкілдерімен кездесу барысында Коалиция мүшелері алдағы референдумның елдің болашағы, әр отбасы мен әрбір қазақстандық үшін тарихи маңызы туралы әңгімелесті.
Мәжіліс Төрағасы жаңа Конституция халықтың сұранысына негізделгенін, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жүйелі реформалардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Ата Заң жобасы – қоғамда қордаланған әділдікті орнықтыру, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету және баршаға тең мүмкіндіктер беру жөніндегі талаптарға берілген жауап. Сондықтан парламенттік реформадан бастау алған конституциялық түзетулер Қазақстанның болашағы туралы кең ауқымды қоғамдық пікірталасқа ұласып, нәтижесінде жаңа Ата Заңның қабылдануына алып келді.
– Өздеріңіз білесіздер, халық тарапынан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Азаматтар елдің болашағы, қағидаттар мен құндылықтар туралы көбірек айта бастады. Осының бәрін саралай келе, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Елдегі саяси жүйе тұтастай жаңарып жатыр. Биліктің барлық тармағы қайта құрылуда. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы беки түседі, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Ерлан Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция өткен мен бүгінді байланыстырып, елдің болашаққа бағыт алған жолын айқындайды. Ал преамбулада байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту туралы қағиданың бекітілуі тарихи сабақтастықты және ұлттың сан ғасырлық тарихын айшықтайды.
Атырау тұрғындары, өз кезегінде, жаңартылған Конституция жобасында адамның құқықтары мен бостандықтарының жаңа кепілдіктері мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде қарастырылғанын атап өтті. Мұнайлы өңір тұрғындары үшін еңбек құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерді қорғау үшін құқықтық механизмдерді нығайту, сондай-ақ Заң мен Тәртіптің үстемдігі принципін бекіту ерекше маңызды. Бұл инвесторлар үшін де, жұмысшылар үшін де алдын ала болжанатын құқықтық ортаны қамтамасыз етеді.
Әңгіме барысында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау нормасына ерекше назар аударылды. Олар алғаш рет Ата Заңда іргелі принциптер деңгейінде бекітілуде. Жұртшылықтың пікірінше, бұл ереже мұнайлы өңір үшін аса өзекті. Экологиялық қауіпсіздік пен табиғи ресурстарды қорғау мәселелері мұнда тек декларация емес, келер ұрпақ үшін нақты болашақ кепілдігі болып саналады.
Аймақтың шығармашыл жастарымен кездесу Atyrau Creative Hub орталығында өтті. Білім беру, ғылым, инновациялар, цифрлық құқықтарды қорғау және талантты жастардың әлеуетін таныту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде жеке деректерді қорғауды күшейтетінін және цифрлық қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын қалыптастыратынын атап өтті.
Отбасылық мәселелер мен қоғамымызға тән дәстүрлі құндылықтарды сақтауға арнайы назар аударылды. Жас атыраулықтар жаңа Конституцияда некені ерікті түрде жасалған ер мен әйелдің одағы ретінде нақты айқындау отбасылық институтты қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және оны құқықтық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Әр адамның еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы және әлеуметтік қорғау сынды жаңа Конституция жобасында жарияланған нормалар «ҚазТурбоРемонт» қызмет көрсету орталығының ұжымымен өткен кездесулерде талқыланды.
Кәсіпорынның жас мамандары мемлекет пен бизнес олардың кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер жасайтынына қызығушылық танытты. Әсіресе, мемлекет адамның білімі мен кәсібилігін елдің стратегиялық ресурсына айналдыруға жағдай жасау жауапкершілігін өз мойнына алатыны туралы принципке көбірек назар аударды. Өндіріс мамандарының пікірінше, бұл өңірдегі жастардың даму көкжиегін кеңейтеді.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайлары мен заманауи инновациялық өндірістерді дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақ қойды. Іргелі ұжым мүшелері жаңарған Ата Заң еңбек жағдайларының қауіпсіздігін және әділ еңбекақы кепілдіктерін күшейтетінін, ал мемлекеттік саясат адамның еңбегі мен кәсіби жетістіктеріне негізделіп құрылатынын атап көрсетті.
Кездесулер қорытындысы бойынша Атырау тұрғындары 15 наурыздағы референдумға қатысу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін айтты. Жергілікті жұртшылық өз таңдау құқығын пайдаланып, Қазақстанның тұрақты болашағы үшін дауыс беруге ниетті екенін білдірді.
Жалпыұлттық
Коалицияның баспасөз қызметі
Суретті түсірген: Жаслан Жұмабеков, Талғат Таныбаев
Дайындаған:
«AMANAT MEDIA GROUP» ЖШС
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов
«AMANAT» партиясы»
ҚБ қаражатынан төленді