Ол осыған дейін жасаған бұйымдарын көрме арқылы таныстырды. Көпшілік шебердің жұмысын жоғары бағалайды. Бақтияр Смағұл мәдени кодпен жұмыс істеуін жақында ғана бастаған. Бұған дейін әлеуметтік астары бар, иронияға толы карикатуралық сипаттағы жобаларды жарыққа шығарып жүрген. Бағытын басқа арнаға бұруына қоғамдағы ұжымдық талғамның өзгеруі әсер етіпті. Кейіпкеріміз жасаған туындының бірі – «Омыртқа». Мұнда шебер байырғы дәстүрді тірілтеді. Яғни, қазақ отбасында сәби дүниеге келгенде, қойдың мойын омыртқасын ақтап-тазалап, кереге басына іліп қоятын болған. Осы омыртқалардың санына қарап-ақ, сол шаңырақта қанша бала дүниеге келгенін білуге болатын еді. Қалалық жерде бұл үрдіс түгел дерлік жойылған десе де болады. Бірақ бірде ауылға жолы түскен Бақтияр қаз-қатар тізілген омыртқалардың тұтас бір шоғырын, бір-біріне жалғасқан отыз сәбидің дүниеге келу тарихын баяндайтын «омыртқалар жартасын» көреді. Дәл осы көрініс оның жаңа жобасының негізгі өзегіне айналды. Сүйектен тұрғызылған бұл «жартас» тасқа айналған шежіре іспетті, ол біздің жадымыздың көзбен көруге болатын айқын бейнесін кейіптейді.

Әр бұйымның жасалу тарихы бар. Сондай дүниелердің жалғасы ретінде көпке таныстырылған – сүйектен тұрғызған киіз үй. Мұны көшпелі тұрмыс логикасының заңды жалғасы десек те болады. Өмір салты тазалық пен жинақылыққа (аскетизмге) негізделген көшпенді халық өзімен бірге тек ең қажетті, жеңіл дүниелерді ғана алып жүрген. Осы орайда күнделікті астан қалған, керексіз саналатын сүйек киіз үй жасау үшін мықты әрі ыңғайлы құрылыс материалына айналған.
– Сүйектен туынды жасауды былтырдан бастадым. Өйткені қызығушылығым осы бағытқа қарай ауды. Біздің бабаларымыз көшпенді болған. Сондықтан өздерімен кез келген жерге алып кете алатын, ең қажетті дүниелерді ғана ұстаған. Сондықтан олардың тұрмысында барлық нәрсе, тіпті сүйек те кәдеге жараған. Мен сол кезгі мәдени болмысымызды қазіргі қоғамда да пайдаға асқанын қалаймын. Соның негізінде жасалған көптеген бұйымды көрме арқылы жұртқа таныстырып жүрмін. Жеке көрмемді ұйымдастырып келе жатқаныма биыл 7 жыл болды. Содан бергі уақытта шығармашылық қарқыным үдей түсті. Әсіресе, өткен жыл мен үшін өте жемісті болды. Бір жылдың ішінде алты көрме ұйымдастырдым, оның үшеуі жеке көрмем ретінде өтті. Қазір де жаңа жобалар дайындап жатырмын. Жеті жылдық тәжірибе маған жаңа белестерді бағындыруға сенімділік береді, – дейді ол.

Бақтияр Смағұлдың «Дастархан» инсталляциясы әлеуметтік желіден-ақ оқырманын бірден баурап алады. Қара барқыт жабылған салтанатты үстел үстінде болаттан шебер қашалған қойдың қаңқасы асқан талғаммен шырақпай ретінде қойылған. Бұл композиция еуропалық этикет ережелеріне сай жабдықталғанымен, оның астарынан терең ұлттық таным менмұндалайды. Табаққа қойылған арнайы карточкаларда қазақтың дәстүрлі табақ тарту мен мүшелеу өнерінің қыр-сыры баяндалған. Осылайша, автор батыстық стиль мен көшпенділердің ас ішу мәдениетін шебер ұштастырып, көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Кейіпкеріміздің «Ашаршылық» («Голод») туындысы да бар. Бұл жұмыс әлемге әйгілі поляк плакат мектебінің дәстүріне құрмет ретінде жасалған. Қолөнер шеберінің бұл туындысы халқымыздың басынан өткен нәубет туралы артық пафоссыз-ақ, жадымыздың ең түкпіріндегі ауыр естеліктерді жаңғыртады.
Сүйек ұқсату шеберінің тағы бір қыры – сәндік-қолданбалы өнердің заманауи интерпретациясын жасауы. Ол керамиканы тілге тиек ете отырып, қазақ мәдениеті үшін тың бағытты ұсынады. Біздің дәстүрлі ою-өрнегімізде аң-құс (зооморфтық) бейнелері көп болғанымен, жәндіктер әлемі дерлік кездеспейтін. Бахтияр дәл осы олқылықтың орнын толтырып, құмырсқа мен көбелекті өнер объектісіне айналдырған. Автор үшін құмырсқа – ерекше тотемдік бейне: үнсіз ғана тынымсыз еңбек етіп, әлемді ұсақ бөлшектерден құрайтын тіршілік иесі. Бұл микроскопиялық детальдар біртіндеп жаңа қазақы визуалды болмысқа, жұмсақ әрі құбылмалы ою-өрнектерге ұласады. Ал керамика мен сурет өнерінің тоғысуынан туған көбелек бейнесі көлемді мүсін мен жазық кескіндеменің арасын жалғап тұрған «алтын көпір» іспетті.

– Мен түрлі материалмен, соның ішінде керамикамен жұмыс істегенді ұнатамын. Сонымен қатар кескіндемемен айналысып, графикалық туындылар дайындаймын. Өз жұмыстарымда мен сүйек бейнесін қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен астарластырып, жаңа бір қабаттар түземін. Халқымызда, әсіресе, зооморфтық және өсімдік тектес өрнектер кең тараған. Осы өрнектердің мағыналық жіктелуі мен иерархиясына деген қызығушылық соңғы бірнеше жылда ғана қайта жандана бастады. Меніңше, төл ою-өрнегіміз бен сүйек бейнесін тоғыстырудың символдық мәні зор. Себебі бұл екеуі – мен үшін мәдениетіміздің ең негізгі екі құрамдас бөлігі. Өз шығармашылығымда осы екі құндылықты біріктіру арқылы ортақ бір үндестік іздеймін, – дейді кейіпкеріміз.
Бақтиярдың пайымдауынша, бүгінде қазақ мәдениетінің көптеген нышаны тым асқақтатылып, «киелі» дүниеге айналып кеткен. Біз жәдігерлерді тек шыны қаптаманың артынан тамашалауға үйреніп, олардың тірі рухынан ажырап қалғандаймыз. Бүгінде сүйектен жасалған бұйымдар ел ішінде сирек кездесетін таңсық дүниеге айналды. Кейіпкеріміздің айтуынша, қазіргі нарықта киіз, ағаш немесе теріден жасалған тұрмыстық заттар жетіп артылғанымен, ежелгі сүйек ұқсату өнерінің ұмытылып, қолданыстан шығып бара жатқаны өкінішті-ақ. Бахтиярдың айтқысы келетіні – көбіне біз байқай бермейтін, бірақ соның арқасында өсіп-өркендеп келе жатқан шынайы болмысымыз туралы ой.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ