Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды.
Өңіраралық жолдардың жайы қаралды
91
оқылды

Көлік министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал 70 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі. Алдағы үш жылда 32 мың шақырым жергілікті жолдарды нормативтік жағдайға келтіру, қамту көлемін бес есеге арттыру жоспарлануда. 2029 жылға қарай 10 мың шақырым жол ортамерзімді жөндеуден өтеді, оның 5 мың шақырымы аяқталды.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын «Орталық – Батыс» жобасын жеделдету қажет. Жұмысты бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, «Орталық – Батыс» жобасын үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.