Нью-Йорк балабақшаларында 2 жасар балаларға 2 000 тегін орын берілетіні жарияланды. Бұл – жаңа сайланған қала мэрінің сайлауалды уәдесінің бір бөлігі.
2 жастағы балаларға 2 000 тегін орын берілетіні жарияланды
Зоран Мамдани мен Кэти Хочул 2 жастағы балаларға 2000 тегін орын берілетінін жариялады. Фото amny.com сайтынан алынды . Авторлығы: Lloyd Mitchell
142
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz тегін балабақшадағы тегін орындар кімдерге арналғанын түсіндіреді.

Нью-Йорк мэрі Зоран Мамдани жалпыға бірдей тегін балабақша уәдесін орындауға кірісті. Қала мэрі Зоран Мамдани мен штат губернаторы Кэти Хочул сейсенбі күні (3 наурыз) әлемнің ірі қаржы орталығында биыл жылдың соңынан бастап 2 жастағы балаларға арналған балабақшаларда 2 000 тегін орын берілетінін жариялады. Бұл – жаңа мэрдің «баршаға тегін бала күтімі» туралы өршіл сайлауалды уәдесін орындаудағы шағын алғашқы қадамы.

Мэрдің айтуынша, бағдарлама келесі жылы кеңейіп, Нью-Йоркте тұратын шамамен 100 мың екі жасар баланың 12 000-ы тегін орынмен қамтылады. Бұл бастама Мамдани ұсынған, бірақ губернатор қарсы болған салық өсімін талап етпейді. Мамдани мен Хочул келесі жылдан кейін бағдарламаны қалай қаржыландыратынын нақты талқылаған жоқ.

2K деп аталатын бағдарламаның қаржыландыруы – бірінші жылға 73 млн доллар, екінші жылға 425 млн доллар. Бұның бәрі Нью-Йорк штатының бюджетінен бөлінеді. Бұл сома  штаттың ерте жастағы тегін білім беруге бағытталған 1,2 млрд долларлық инвестициясының бір бөлігі.

Журналистер бағдарламаны қаржыландыру үшін салықты көтеру қажет пе деп сұрағанда, Хочул: «Біз мұны қазіргі кірістер есебінен жасай аламыз. Менің сөзімді жауап ретінде қабылдаңыз», – деген.

Нью-Йорктің тұңғыш мұсылман мэрі Зоран Мамдани өз сөзінде қаржыландыру тетігін нақтыламаған. Бірақ: «Біздің шешімімізді Уолл-стрит «жақсы инвестиция» дер еді. Зерттеушілер ерте жастағы даму үшін жұмсалған әрбір доллар 13 долларға дейін қайтарым әкелетінін есептеген», – дейді.

Жалпыға бірдей бала күтімін кеңейту жоспары, жалдау ақысын өсірмеу және автобусты тегін ету уәдесі Мамдани кампаниясының негізгі бөлігі болды. Оның алғашқы мерзімі қаңтарда басталды. Алайда қаржы мәселесі автобусты тегін ету бастамасына кедергі болып отыр. Өткен айда тегін автобустар туралы сұраққа мэр бұл мәселе әлі де «бюджетте қарастырылып жатқанын» айтып, қала Нью-Йорк штаты басқаратын қоғамдық көлік желісі – Metropolitan Transportation Authority (MTA) үшін балама табыс көздерін іздеп жатқанын жеткізді.

Ал реттелетін жалдау ақысы бар пәтерлердің бағасын қатыру мәселесі биыл кейінірек өтетін, шамамен 1 миллионға жуық реттелетін пәтердің жалдау өсімін бекітетін Жалдауды реттеу кеңесінің отырысында қаралады. Өткен айда Мамдани кеңес мүшелерінің көпшілігін, оның ішінде төрағаны да тағайындаған. Әзірге болашақ жалдау мөлшерлемелері талқыланатын отырыстың нақты күні белгіленген жоқ. Былтыр бұндай отырыс маусым айының соңында өткен.