The Associated Press хабарламасына сүйенген Aikyn.kz америкалық әскери базалар орналасқан араб елдерінің АҚШ-қа неге көңілдері толмайтынын түсіндіреді.
Парсы шығанағының екі елінің өкілдері АҚШ-тың соғысты жүргізу тәсіліне, әсіресе 28 ақпандағы Иранға жасалған бастапқы шабуылға көңілі толмайтынын мәлімдеген. Олардың сөзінше, америкалық-израильдік шабуыл туралы алдын ала хабарланбаған. Және Вашингтонға «соғыс бүкіл өңір үшін жойқын салдарға әкеледі» деп ескерткен кезде, Ақ Үй бұндай ескертулерді елемеген.
Шенеуніктердің бірінің айтуынша, Парсы шығанағы елдері АҚШ әскері оларды жеткілікті қорғамағанына ренжіген, тіпті ашулы. Аймақ елдерінде операцияның басты мақсаты Израиль мен америкалық әскерді қорғау болды деген пікір бар. Ал шығанақтағы араб елдері өздерін өздері қорғауға мәжбүр болған. Сол шенеунік өз еліндегі ұстап қалатын зымырандар қоры «жылдам таусылып бара жатқанын» да айтқан. Дипломатиялық мәселенің құпиялығына байланысты Парсы шығанағы өкілдері аты-жөнін жарияламай сөйлеген.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Анна Келли болса: «Иранның жауап зымыран соққылары 90%-ға азайды. Өйткені «Эпикалық қаһар» операциясы олардың бұл қаруды қолдану немесе көбейтіп өндіру қабілетін күйретіп жатыр. Президент Трамп өңірлік әріптестердің бәрімен тығыз байланыста. Терроршы Иран режимінің көршілеріне шабуылы президент Трамп үшін бұл қатерді өз еліміз бен одақтастарымыз үшін жоюдың қаншалықты маңызды болғанын дәлелдейді», – деген.
Араб елдерінің ресми реакциясы салмақты болғанымен, билікке жақын қоғамдық тұлғалар АҚШ-ты ашық сынауда. Олар Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху президент Дональд Трампты «керексіз соғысқа» тартып кіргізді деп санайды. Сауди барлауының бұрынғы басшысы ханзада Турки әл-Фейсал CNN-ге: «Бұл – Нетаньяхудың соғысы. Ол қандай да бір жолмен президентті (Трампты) өз көзқарасын қолдауға көндірді», – дейді.
AP агенттігінің деректеріне сәйкес, соғыс басталғалы Иран Парсы шығанағының 5 араб еліне кемінде 380 зымыран және 1480-ден аса дронмен шабуылдаған. Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл елдерде кемінде 13 адам қаза тапқан.
Жексенбі күні (1 наурыз) Кувейтте азаматтық порттағы жедел орталыққа (негізгі әскери базадан 10 мильден астам қашықта) соққан Иран дронының салдарынан алты америкалық сарбаз қаза тапқан. Қаза тапқандардың бірінің жұбайы бұл орталық жүк контейнерлерінен тұрғызылған ғимарат болғанын және мүлде қорғанысы жоқ екенін айтқан.
Осы апта ішінде Пентагонның Конгресс үшін жасаған жабық брифингтері кезінде қорғаныс министрі Пит Хегсет пен Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейн АҚШ көптеген дрондарды, әсіресе «Шахед» түрін ұстап қала алмайтынын мәлімдеген. Үш дереккөз Конгресстегі сұрақтарға нақты жауап аз болғанын жеткізді.
Chatham House ұйымының Кувейттегі сарапшысы Бадер Муса әл-Саиф АҚШ Иранның қарымта соққысының негізгі нысанасы Израиль мен америкалық әскер болады деп ойлап, араб одақтастарына төнетін қауіпті төмен бағалаған дейді.
«Олар Парсы шығанағы елдері қаншалықты ауыр соққы алатынын алдын ала болжай алмаған. Бұл ол елдерді қорғау жоспарының жоқтығын, АҚШ-тың алысты болжамағанын көрсетеді», – дейді.
Бұрынғы АҚШ елшісі Майкл Ратнидің пікірінше, шығанақ елдері Иранның әлсірегенін қалайды. Бірақ соғыстың экономикалық зияны, тұрақсыздық және болашағының белгісіздігі оларды қатты алаңдатып отыр: «Енді не болады? Қандай жағдай болса да, негізгі соққыны Парсы шығанағы елдері көтеруге мәжбүр болады».
Біздің ойымыз да осыған ұқсайды. Ираннан 11 000 км алыста, мұхиттың арғы жағында орналасқан АҚШ өзін қауіпсіз сезінетін шығар. Ал соғыстың басты ауыртпашылығы Иран мен Парсы шығанағы елдерінің қарапайым халқына түсуде.