Еуразиялық интеграция институты (ЕИИ) «Ашық саясат» сараптамалық клубының «Жаңа конституциялық модельдегі саяси партиялардың институционалдық рөлі» тақырыбында кезекті отырысын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Пікірталас жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін, сондай-ақ пропорционалды жүйені енгізу және бір палаталы парламент түрінде Құрылтай құру жағдайындағы саяси бірлестіктер қызметінің өзекті мәселелерін талқылауға арналды. Іс-шараға Amanat және ЖСДП партияларының өкілдері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, Қоғамдық саясат институтының, Қазақстандық қоғамдық даму институтының, Экономикалық зерттеулер институтының, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшылары қатысты.
Іс-шараға қатысушылар жаңа Конституцияның уақтылы қабылданғанын атап өтті. Елордалық мәслихат депутаты Талғат Дүйсековтың айтуынша, бүгін қозғалыс пен қарқынды өзгерістер жағдайында тез бейімделетін мемлекеттер ғана дамиды.
«Қазақстан олардың қатарына қосылуға тырысып жатыр – жасанды интеллект дәуірінде біз бірінші болып арнайы министрлікті құрдық және жаппай цифрландыру бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Жаңа Конституцияның қабылдануы да осындай шешімдердің бірі. Негізгі заң жобасында көптеген сапалы нормалар пысықталып, толықтырылғанын мойындау керек. Бұл Конституциялық комиссия басқаратын түрлі талдамалық институттардың, салалық ұйымдардың және кәсіби қоғамдастықтың басқа да субъектілерінің бірлескен қажырлы жұмысының нәтижесі».
ЕИИ Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратовтың айтуынша, жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған негізгі ұлттық құндылықтар мен идеологемалар енген. Олар мемлекеттілік пен стратегиялық дамуды нығайтуға бағытталған саяси бағыттың сабақтастығын білдіреді.
«Қазақстан әрі қарайғы даму жолын айқындайтын тарихи оқиға қарсаңында тұр, бұл әсіресе әлемдік тұрақсыздық кезеңінде өзекті мәселе. Қазір бұл айқын бола түсті. Президент тұрақтылық пен үдемелі жаңғыртудың ұзақ мерзімді кепілдіктерін негізге ала отырып, ауқымды реформаны өткен жылы бастады. Бұл кепілдіктер халықты Егемендіктің, «Заң және тәртіп» қағидатының, «Әділетті Қазақстан» идеясының, еңбексүйгіштік, мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарының иесі ретінде Конституциялық белгілеуде көрініс табады», – деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, пропорционалды жүйені енгізу партиялық дамуға оң әсер етеді және Қазақстандағы парламентаризмнің оңтайлы үлгісі болады.
ЖСДП партиясы елордалық филиалының төрағасы Талғат Омаров атап өткендей, мажоритарлық жүйе тиімділіктің төмендігін көрсетті.
«Өзін-өзі ұсынушылар 2023 жылдан бері қанша заңнамалық бастама жасады? Іс жүзінде бірде-бір бастама болмады. Бір адам заң жобасын дайындап, оны тарата алмайды немесе күрделі әлеуметтік мәселені жалғыз өзі шеше алмайды. Себебі штаб, кеңсе, адами ресурстар қажет, әр мәселеге мұқият сараптама жасалуы тиіс. Мұндай жұмысты ұйымдастыру үшін ондаған миллион теңге қажет болуы мүмкін. Тіпті ресурстары бар партияның өзіне бір мәселені шешу үшін 1,5-2 жыл қажет болады», – деді партия мүшесі.
Сараптамалық кездесуге қатысушылар референдумнан кейін әрі қарайғы партиялық трансформация мәселелері бірінші орынға шығатынына назар аударды. Атап айтқанда, саяси партиялар жаңартылатын конституциялық архитектураға қалай бейімделеді. Талдаушылардың пікірінше, бұл үшін партияішілік іріктеудің демократиялық тетіктерін енгізуді қоса алғанда, жаңа, стандартты емес ұйымдастырушылық шешімдер қажет болады. Бұл азаматтардың қарқынды цифрлануы мен саяси мәдениетінің өсуі аясында түбегейлі маңызға ие. Саяси бірлестіктердің жаңартылған шарттардағы қызметі қолданыстағы партиялық жүйенің түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруде неғұрлым жоғары жауапкершілікке дайын екендігін көрсетеді.
Болашақ сайлау циклінде саяси партиялар сайлаушылар құрылымындағы өзгерістермен де, саяси коммуникацияның тәсілдері мен нысандарын қайта қараудың маңыздылығымен де тікелей байланысты жаңа қиындықтарға тап болады.
Талғат Дүйсековтың пікірінше, азаматтармен жұмыс істеу кезінде ресми декларативті тәсілден бас тартқан жөн.
«Республикалық және өңірлік штабтардың құрылуымен қатар, дәстүрлі түрде еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, азаматтармен тұрақты диалог жасалуы тиіс. Іс жүзінде, диалог форматында жергілікті тұрғындарға белгілі бір шешімдердің мәнін жеткізу қажет. Өзімнің депутаттық қызметімнің шеңберінде мен әрқашан осы қағиданы ұстануға тырысамын», – деді ол.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова партиялардың күшеюі мен сайлаушыларды жүйелі қолдау бәсекелестіктің нақты және дамыған ережелеріне байланысты екенін атап өтті.
«Біз кандидаттарды іріктеудің түсінікті және қолжетімді өлшемшарттары қамтамасыз етілген кезде партиялық жүйенің табысты дамуын көреміз. Олар саяси бірлестіктердің ашықтығы жағдайында ғана табиғи түрде қалыптасуы мүмкін. Сондықтан барлық партиялардың қоғамдық алаңға шығып, сайлаушылармен тұрақты байланыс орнататын уақыты келді», – деп атап өтті ол.
Партияішілік бәсекелестікті дамыту аясында ЕИИ Пәнаралық және компаративті зерттеулер департаментінің басшысы Серік Жүсіпов плюрализм қағидатының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде түрлі позицияларды ашық талқылауға, мықты кандидаттарды іріктеуге және кадрларды үнемі жаңартып отыруға жағдай жасаған партиялар табысқа жетеді.
«Жапонияның Либерал-демократиялық партиясының бір-біріне қарсы тұратын екі бөлігі бар – оң және сол. Бір-бірін жоққа шығаратын екі күш бір партия құрамында. Алайда саяси және экономикалық жағдайға байланысты белгілі бір күштің бағдарламасы өзекті болып, партияның сол бөлімі билікке келеді. Нәтижесінде, партияішілік плюрализмнің арқасында бұл партия көптеген жылдар бойы өте қатал бәсекелестік жүйеде жеңіске жетті. Сондықтан Қазақстанда өз ішінде осындай бәсекелестікті ұйымдастыра алатын партияларға да назар аударылады. Мысалы, олардың өз пікірін қыстырмаламай, түрлі көзқарастағы кәсіпкерлерді немесе ауыл тұрғындарын қалай біріктіре алатыны сыналады», – деді сарапшы.
Сараптамалық кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасы Қазақстан үшін партиялардың қоғамдық өкілдіктің орнықты институттары ретіндегі рөлі артып келе жатқан неғұрлым жетілген саяси даму кезеңін ашады деген тұжырымға келді. Өткен пікірталас барысында әзірленген практикалық ұсынымдар мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.