Алматы блокпосттарындағы жағдай қалай?
Алматы блокпосттарындағы жағдай қалай?
107
оқылды
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Алматыда 19 наурыздан бастап енгізілген карантинге және санитарлық-эпидемияға қарсы шаралардың күшейтілуіне байланысты қалаға көліктердің кіріп-шығуын шектейтін 27 блокпост қойылған. 22 наурыздан бастап блокпосттардың жұмысы қатаң режимге көшті. Яғни, енді Алматыдан ешкім шыға алмайды, сәйкесінше қалаға да ешкім кірмейді. 27 блокпосттың 21-не 81 санитарлық дәрігер тартылған. «Барлық блок-бекет тепловизорлармен, жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған, ыстық тамақ та ұйымдастырылған», – деді Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Қалықова.    width= Блок-бекеттер күні-түні үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қалаға кірген және қаладан шыққан адамдарға, автокөлік жүргізушілеріне термометрия жасалуда. Өткен түнде қалаға кірген 23475 адам, қаладан шыққан 13893 адам, сонымен қатар, 11529 автокөлік жүргізушісі термометриядан өткізілген. Нәтижесінде дене қызуы көтерілген 2 адам тіркелді. Оның біреуі Алматы облысының тұрғыны, Алатау ауданының №3 блокпостында анықталды. Дереу жедел жәрдем бригадасының дәрігер-мамандары шақырылып, тексеріліп, нәтижесінде оған катаральді ангина диагнозы қойылды. Қалаға кіргізілген жоқ, тұрғылықты жері бойынша тіркелген Іле ауданының емханасына жіберілді. Ал екінші адам – Алатау ауданының тұрғыны. Ол Жетісу ауданындағы №8 блокпостта тоқтатылды. Медициналық жедел жәрдем бригадасының шақыруы бойынша ол азамат та жан-жақты тексеріліп, қала ауруханасына жатқызылды. Блокпосттарда дезинфекциялық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ