Барлығы 22 гол, әр матчқа шаққанда орта есеппен 2,75 голдан соғылды. Алғашқы турда жанкүйер күткеннің бәрі болды: тартысты матчтар, ірі есеппен аяқталған ойындар, қызу эмоциялар, тіпті төрешілер шешіміне қатысты даулы сәттер де кездесті. Айта кетейік, өткен маусымның чемпионы – алматылық «Қайрат» клубы. Биыл команда өз чемпиондық атағын қорғауға тырысса, өзге клубтар да жоғары орындар үшін тартысқа түспек.
Тартысты әрі қызықты турды «Ақтөбе» мен «Тобыл» командалары бастап берді. Жазғы трансферлік кезеңде «Ақтөбе» сонау тірі аңыздарды көрген «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсеткен португалиялық шабуылшы Луиш Наниді сатып алған болатын. Нани үшін жиналған жұрт бір марқайып қайтқаны рас. Себебі ол алғашқы дебютінде голдық паспен көзге түсті. Ойын «Түркістан Арена» стадионында өтіп, 4:1 есебімен «Ақтөбе» жеңіске жетті. Кейбір сарапшылардың ойынша, «матчтың 37-ші минутында көрсетілген қызыл қағаз ойын тағдырын шешті» дейді. Алайда жанкүйерлерден түрлі хейт келсе де, ҚФФ төрешінің шешімін «дұрыс» деп бағалады. Сонымен қоса, VAR-дың оқиғаны қарап шыққаннан кейінгі араласуы дұрыс болды деп есептелді. Себебі төреші бастапқыда сары қағаз көрсетсе, қайта қараудан кейін қызыл қағаз көрсеткен еді.
Футбол тойы – Шымкентте
Шырайлы Шымкентте нағыз футбол мерекесі өтті. «Ордабасы» мен «Ертіс» арасындағы кездесу алғашқы турдың ең қызықты ойындарының біріне айналды. Матч басталмай тұрып-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион лық толып, жанкүйерлер ерекше атмосфера қалыптастырды. Маусымның ашылуына орай отандық эстрада жұлдыздары – «Шиза» мен Қайрат Нұртас өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кездесуді алаң иелері фаворит ретінде бастағанымен, ойын барысы жанкүйер күткендей өрбіген жоқ. Қонақтар алғашқы минуттардан-ақ батыл шабуылға көшіп, 9-минутта есеп ашты. Павлодарлық Максим Федин қолайлы позицияны тиімді пайдаланып, «Ордабасы» қақпасын дәл көздеді. Бірінші таймның соңына таман шымкенттік команда таразы басын теңестірді. 45-минутта алаң иелері есепті теңестіріп, ойынға қайта интрига қосты. Дегенмен екінші таймда «Ертіс» тағы да алға шықты. 64-минутта Павел Седко жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, «Ордабасы» қақпашысымен бетпе-бет кездесуде мүлт кетпей, павлодарлықтарды қайтадан алға шығарды. Матчтың қалған бөлігінде алаң иелері есепті құтқару үшін барын салды. Шымкенттік команда соңғы минуттарға дейін қысымды күшейтіп, ақыры нәтижеге жетті. Қосылған уақыттың алдында орындалған айып соққысы дәл болып, есеп теңесті. Ойыннан кейін «Ордабасы» ФК бас бапкері Андрей Мартин матчқа қатысты пікір білдірді:
– Жанкүйерлерге ойын ұнады деп ойлаймын. Екі команда да жақсы ойнады, голдар да көп болды. Бізге жеңіске жету үшін сәл ғана мүмкіндік жетіспей қалды, – деді маман. Айта кетейік, «Ордабасыны» келесі турда қиын сынақ күтіп тұр. Шымкенттік клуб сырт алаңда елордалық «Жеңіс» командасымен кездеседі.
Қызылжар ғажап камбэк жасады
Петропавлда өткен «Қызылжар» мен «Каспий» арасындағы кездесу де тартысқа толы болды. Матч тағдырын соңғы минуттар шешті. Жеңіс голын Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы алғашқы фарерлік футболшы – Йоханнес Бьярталид соқты. Айта кетейік, жартылай қорғаушы – Фарер аралдары ұлттық құрамасы сапында 40-тан астам матч өткізіп, өткен маусымда Норвегияның жоғарғы лигасында өнер көрсеткен тәжірибелі ойыншы. Кездесудің алғашқы бөлігінде қонақтар әлдеқайда белсенді болды. Бірінші таймда «Каспий» командасы португалиялық шабуылшы Андре Амаралдың голының арқасында алға шықты. Ақтаулық клуб допты өз бақылауында ұстап, ойын тізгінін қолға алғандай көрінді. Екінші таймда алаң иелері ойынға қайта оралды. Петропавлдықтардың шабуылшысы, Кот-д’ Ивуардан келген Этьен Бугре есепті теңестіріп, матчқа жаңа серпін берді. Ойынның соңғы минуттары тіпті драмалық сипат алды. 86-минутта «Қызылжар» ойыншысы Тимур Мульдинов қызыл қағаз алып, алаң иелері бір ойыншымен кем қалды. Соған қарамастан, петропавлдықтар жеңіс үшін күресті тоқтатпады. 89-минутта фарерлік легионер Йоханнес Бьорталид шешуші соққысын жасап, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша, «Қызылжар» қиын матчта 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, «Каспий» командасы бұл ойында жаман әсер қалдырған жоқ. Жақында ғана Бірінші лигада чемпион атанып, Премьер-лигаға қайта оралған ақтаулық клуб ойын барысында допты жақсы бақылап, батылдық көрсетті. Әдетте, төменгі дивизионнан көтерілген командалар жаңа деңгейге бейімделу үшін құрамын едәуір күшейтуге мәжбүр болады. Себебі Премьер-лигада легионерлер көп, бәсеке де жоғары. Соған қарамастан, «Каспий» алғашқы турдың өзінде тартысты ойын үлгісін көрсете білді.
Футбол эксперті Ерсін Еріктің сөзінше, Йоханнес Бьорталид секілді ойыншыларды елімізге шақыру керек.
– Мен Фарер аралдарынан келген футболшылардың Қазақстан чемпионатында ойнағанына қуаныштымын. Мұндай ойыншылар өз деңгейін көрсетіп, гол соғып, командасына пайда әкеледі деп сенемін. Біріншіден, Фарер аралдарының климаты біздің елге біршама ұқсас. Сондықтан мұндай ойыншылар Қазақстанға тез бейімделеді. Екіншіден, ол жақтың футболшылары өзін дәлелдеуге өте ынталы болады. Олар Еурокубоктерде ойнауды, жаңа елдерде, соның ішінде Қазақстанда өнер көрсетуді үлкен мүмкіндік деп қабылдайды.
Сондықтан Фарер аралдары, Люксембург сияқты шағын футбол елдерінен ойыншылар шақыру дұрыс бағыт деп ойлаймын. Себебі біз қалаған көптеген еуропалық футболшылар, бір жағынан, өте қымбат, екінші жағынан, халықаралық тәжірибесі де көп бола бермейді, – дейді ол.
1-турдың даулы ойыны
Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы турында «Оқжетпес» пен «Елімай» командалары Семейде кездесіп, матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойын басында қонақтар алға шықты: 16-минутта Иван Свиридов қорғаныстағы қателікті пайдаланып, есеп ашты. Гол жіберіп алған «Оқжетпес» шабуылды үдетіп, екінші таймда таразы басын теңестірді. «Елімай» қақпашысы Владимир Стойкович айып алаңындағы сәтсіз әрекетінің салдарынан допты өз қақпасына бағыттап алды. Матчтың даулы сәті – төреші Данияр Сахи айып алаңындағы эпизодта пенальти белгілемеуі болды.
Спорт сарапшысы Әлімжан Асқар ҚПЛ матчтарын шолу подкастында пенальтидің қойылмауы дұрыс деп айтты.
– Менің көз алдымда сол эпизод анық тұр. Қайталымдарды қарағанда, қорғаушының аяғы алдымен допқа тигені байқалады. Сондықтан бұл жағдайда пенальти бермеуге де негіз бар деп ойлаймын. Жалпы, егер төреші эпизодқа жүз пайыз сенімді болмаса, онда пенальти белгілеу дұрыс шешім болмайды, – дейді ол.
Ал бұл пайыммен тағы бір спорт сарапшысы Олжас Байбосын мүлде келіспейді. Оның сөзінше, төреші бұл эпизодты қайта қарау керек еді.

– Менің ойымша, бұл жерде нақты пенальти қойылуға тиіс деп есептеймін. Бұл төреші былтырғы маусымдарда да өрескел қателіктер жіберген еді. Тіпті, 1 айға жұмыстан шеттетілген. Ол да тура осы пенальтиге байланысты болған. Енді тағы да осындай жағдай туындап отыр. Осыдан кейін қалайша біз оны ақтап алуымыз керек? Ол әр маусымда осындай қателіктер істейді. Бұл эпизодта түсінбегенім, төрешінің VAR жүйесін қарамауында. Бәлкім қараса басқаша болар ма еді?! – дейді сарапшы.
Ал басқа да ойындар өз кезегі бойынша өтті. Елордалық «Астана» өз алаңында «Жетісуды» 4:1 есебімен жеңді. Есепті 14-минутта Станислав Басманов ашса, араға 15 минут салып, хорватиялық қорғаушы Карло Бартолец есепті еселей түсті. Үзіліске дейін 18 жастағы жартылай қорғаушы Мақсат Абраев үшінші голды соқты. Екінші таймда Марин Томасов тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, есепті 4:0-ге жеткізді. «Жетісу» сапынан жалғыз голды сербиялық шабуылшы Марко Зиванович соқты.
Мачтағы тағы бір тарихи оқиға – 96-шы голымен Марин Томасов Қазақстан чемпионаты тарихындағы ең үздік 10 бомбардирдің қатарына енді. Бүгінге дейін жартылай қорғаушы «Астана» сапында Премьер-лигада 208 ойын өткізіп, 96 гол соқты. Сонымен қатар «Астана» сапында 55 минут ойнаған 33 жастағы Бауыржан Исламханның оралуына жанкүйерлер қатты қуанды. Бұл – оның 476 күннен кейінгі алғашқы ресми ойыны.
Әсет ҚАЛИ