Атырау облысының тұрғыны, әлеуметтік желілерде «атыраулық хакер» деген атпен танымал азамат Түркияда ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Операцияны Интерпол қызметкерлері Самсун қаласында жүргізген.
Бұған дейін Полиция департаменті оның бірнеше алаяқтық ісіне күдікті екенін хабарлаған. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу мәліметінше, Құрманғазы ауданының тұрғыны азаматтарды түрлі сылтаумен алдап келген. Ол инвестицияға шақыру, IT саласында оқыту, аккаунттар ашып беру, қаражатты шығарып беруге көмектесу, техника сату сияқты уәделер арқылы адамдардың ақшасын иемденген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 13 миллион теңгеден асады.
Қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялаған.
– Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Ақпан айында ол Түркияның Самсун қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны елге экстрадициялау туралы өтініш дайындап жатыр, – деп хабарлады облыстық прокуратура.
Аталған азамат бұған дейін де әлеуметтік желілерде танымал болған. Атырау облысында бір отбасының із-түзсіз жоғалуына қатысты оқиға кезінде ол өзін «атыраулық хакермін» деп таныстырып, істі өзі зерттеп жатқанын мәлімдеген. Жариялаған видеоларында геолокация, телефон қоңыраулары және басқа да деректерді көрсеткен.
Оның видеолары Instagram желісінде тез таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Өзі бұрын Қазақстаннан тыс жерде жүргенін, тіпті Дубайда тұратынын да айтқан.