Астанада «AMANAT» партиясы байқаушыларының жалпыұлттық референдумдағы дауыс беру қорытындыларына арналған брифинг өтті.
Қоғамдық бақылаудың маңызы артты
93
оқылды

Жиында референдум күні байқаушылардың атқарған жұмысы, дауыс беру процесінің ашықтығы мен заңдылығы, сондай-ақ қоғамдағы саяси белсенділік мәселелері сөз болды. Баспасөз конференциясында «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары, партия байқаушыларының жұмысын үйлестіруші Гүлнәр Нұрахметханова және партияның Саяси жұмыс департаментінің қызметкері Арғын Теміржанов сөз сөйледі.

Жүйелі дайындық жұмысы нәтижесінде мониторинг барысы сәтті өткізілді. Атап айтқанда, 2-13 наурыз аралығында байқаушылар корпусына арналған арнайы оқу семинарлары ұйымдастырылды. Оның барысында қатысушыларға сайлау құқығының талаптары, бақылау жүргізу регламенті және барлық дауыс беру кезеңінің ашықтығын қамтамасыз ететін құқық тетіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Гүлнәр Сейітқазықызының айтуынша, референдумға дейін байқаушылар арнайы дайындықтан өткен. Бұл мақсатта онлайн және оффлайн форматта семинарлар ұйымдастырылып, онда байқаушылардың құқықтық міндеттері, дауыс беру процесіндегі рөлі мен референдум күні атқарылатын жұмыстар жан-жақты түсіндірілген. Сонымен қатар байқаушылар әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп, өз учаскелеріндегі жағдай туралы ашық ақпарат таратып отырған. 

– 20 мыңнан астам байқаушы дайын­дықтан өтті. Дегенмен заң талаптарына сәйкес, референдум күні әр қоғамдық бірлестіктен бір ғана байқаушы учаскеде отыруға құқылы. Ел бойынша 9777 дауыс беру учаскесі тіркелді. Сол себепті бір уақытта сонша байқаушы жұмыс істеді. Ал кейбір учаскелерде өзара келісім бо­йын­ша байқаушылар ауысыммен қызмет атқарды, – деді Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары.

Өз кезегінде, партия өкілі Арғын Теміржанов маңызды қоғамдық-саяси оқиға барысы жөнінде пікір білдірді. 

– Байқаушыларымыз ел аумағындағы барлық учаскеде жұмыс істеді. Жалпы алғанда, дауыс беру барысы тыныш, ұйым­дасқан және ашық жағдайда өтті. Таң мезгілінен бастап-ақ азаматтардың жоғары белсенділігін байқадық. Учаскелерге отбасымен бірге келген адамдар көп болды. Бұл ретте, жастар да белсенді қатысты. Олардың арасында алғаш рет дауыс бергендер де бар. Бұл қоғамның жоғары азаматтық жауапкершілігін және ел болашағына деген қызығушылығын көрсетеді, – деді ол.

Байқаушылар қызметі қоғамдық негіз­де жүзеге асырылғандықтан, олардың жауапкершілігі ерекше болғаны атап өтілді. Спикердің сөзінше, байқаушылар өз міндеттерін адал атқарып, дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге үлес қосқан.

Референдум барысында бірқатар заң­бұзушылық пен техникалық сипаттағы ұсақ кемшілік те тіркелген. Мәселен, кейбір учаскелерде азаматтардың дауыс беру процесіне кедергі келтіруге тырысқан жағдайлары болған. Сондай-ақ ұйымдастыру жұмыстары барысында жекелеген тех­никалық олқылықтар байқалған. Алайда бұл жайттар жалпы дауыс беру процесіне елеулі әсер етпеген.

Брифинг барысында референдумның қоғамдағы саяси белсенділікке әсері де сөз болды. Гүлнәр Сейітқазықызының пікірінше, соңғы жылдары азаматтардың саяси мәдениеті мен қоғамдық белсенділігі айтарлықтай артқан. Кешегі референдум соның нақты дәлелі болды. 

– Азаматтар референдумға жоғары белсенділікпен қатысты. Көптеген учаске­де мерекелік көңіл күй байқалды. Бұл – қоғамның ел болашағына бейжай қа­рамайтынын көрсетеді, – деді Гүлнәр Нұрахметханова. 

Референдумға тек партия байқаушылары ғана емес, өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан. Жалпы саны 34 мыңнан астам байқаушы, оның ішінде тәуелсіз бақылаушылар да дауыс беру процесін бақылаған. Учаскелер жабылғаннан кейін олар өз пікірлерін әлеуметтік желілерде бөлісіп, дауыс беру барысының ашық әрі заң аясында өткенін атап өтті.

Сондай-ақ референдум күні еліміздің түрлі өңірінде ерекше әрі қызықты оқиғалар болған. Мәселен, Түркістан облысында 100 жасқа толған қариялар дауыс беруге келсе, көптеген аймақта алғаш рет дауыс берген 18 жастағы жастар белсенділік та­нытқан. Ал Маңғыстау облысында жас жұбайлар жаңа шаңырақ көтерген күні бірге дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын білдірген. Ұлттық киім киіп келген азамат­тар мен өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлаған тұрғындар да көп болған.

Брифинг соңында партия өкілдері ре­ферендум барысын бақылауға қатысқан барлық байқаушыға алғыс білдірді. Соны­мен қатар қазақстандықтарға саяси бел­сенділік танытып, ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауға қатысқаны үшін ризашылықтарын жеткізді.

Айта кету керек, референдум және сай­лау туралы заңнамаға сәйкес, бай­қау­шыларға қаржы төлеу қарастырылмаған. Себебі байқаушы қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылатын жұмыс саналады.

Бұған дейін Қазақстан Республика­сының Орталық референдум комиссиясы ел аумағындағы республикалық учас­келердегі дауыс берудің алдын ала нә­­тижелерін жариялаған болатын. Комиссия деректеріне сәйкес, дауыс беруге қатысу деңгейі 73,12 пайызды құрады. Бас-аяғы дауыс беруге 9 127 192 адам қатысты.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұсы­нылған өзгерістерді қабылдауды 7 954 667 адам, яғни дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы қолдап дауыс берді. Ал 898 099 азамат қарсы дауыс берді. 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылды.

Елнар ЕЛТАЙ