Психолог-суицидолог Татьяна Браун жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуға не итермелейтінін айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, жасөспірімдер – қоғамның ең сезімтал индикаторы.
– Ең әуелі суицид дегеніміз – өмірмен қоштасу емес, жаныңды шыдатпаған ауырсынудан құтылу. Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салуға психологиялық, отбасылық, әлеуметтік және қиын жағдайдағы мәселе секілді төрт фактор әсер етеді.
Психологиялық тұрғыда қарастырсақ, біріншіден, кәмелетке толмаған балаллардың миы әлі тұрақтанбаған. Оң-солын, яғни мәселенің дұрыс-бұрыстығын жете түсіне бермейді. Сезімге бойы алдырып, көп шешімін импульсивті қабылдайды. Жиі кездеспесе де, арасында депрессияға бой алдыратыны бар. Көбіне жалғыздық, өзін қажетсіз сезіну, өзін-өзі бағалау, ұялу, кінәлі сезіну кездеседі.
Отбасылық тұрғыда негізінен баланы қажытатын дүние – «сен қатарыңның алды болуың керек», «сен бірінші болуың керек» деген оған шамасынан тыс талап қойып, үміт ету. Отбасындағы ұрыс-керіс, ажырасу, зорлық-зомбылық, жақын адамынан айырылуы. Не болмаса әке-шешесінің балаға суық болуы, оны түкке тұрғысыз көруі де өмірімен қоштасуыға итермелейді.
Әлеуметтік тұрғыдан алсақ, буллинг соның ішінде кибербуллинг, қатарластары мен дос-жарандары тарапынан қысым көруі немесе әлеуметтік желілердегі өзін өзгемен салыстыру, өзгенің өмірін идеализациялаудан да осындай қадамға барып жатады. Ал қиын жағдайға қандай да бір қарым-қатынасының үзіліп, араласпауы, ел алдында қорлануы емтиханнан құлап, оқуға түспей қалған сәтсіздігіне налып, қол салып жататыны да бар. Осындай кезде балалар ойламаған жерден, сезімге беріліп, импульсивті шешім қабылдап жатады. Не болмаса қиналған кезінде «енді бұдан шығар жол жоқ» деп ойлап, тығырықтан шығар жолды өз-өзіне қол салуды жөн көреді. Осының бәрі жасөпірімнің жағдайды ересек секілді бағаламауынан, шыдамдылық танытпауынан.
Осы жағдайдың алындын алу үшін балаға ақыл айтып, өмірге оқытып-тоқудың керегі жоқ. Балаға үй ішімен не жақындарымен эмоционалдық байланыс маңызды, оны түсінетінін қандай жағдайда да қолдайтынын сезу керек. Логикаға сай келмесе де, баланың сезімін түсініп, оны мойындағанын қалады. Осының бәрі баланың ата-анасы мен жапқындарының тарапынан жасалатын дүние. Ал мектеп тарапынан эмоционалдық интеллект бағдарламалары мен буллингке қарсы саясат жүргізіліп тұруы керек. Сонымен бірге мектеп психологы формалды түрде емес, шынайы әрі жанашырлықпен жұмыс істеуі тиіс.
Сондықтан баламен жиі әңгіме-дүкен құрып, ойын біліп жүрген абзал. Егер бала өмірді құнсыздандырып, өмір сүруге құлқы болмаса, оны назарға алғаныңыз дұрыс. Не болмаса мінез-құлқы күрт өзгеріп, өз-өзімен оқшауланса, өз-өзіне қиянат жасап, зиян келтірсе, сүйікті заттарын таратып, оларды көрместей қоштасса, оған көңіл бөлгеніңіз дұрыс, – дейді Психолог-суицидолог Татьяна Браун.