Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігінің мамандары әкімшілік рақымшылықты жүзеге асыру тетігінің нақты шарттарын әзірлеп жатыр
Рақымшылық туралы Президент бастамасы: бұл шешім кімдерге қатысты?
182
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 17 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау рәсімінде елімізде әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Аталған шара азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағандарға қатысты болмақ. Мұндай рақымшылық жасау туралы шешім елімізде алғаш рет қарастырылып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Президент салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалғанын еске салды. Осы ретте енді азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болатынын атап өтті. 

– Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам, – деді Мемлекет басшысы. 

Кейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Үкімет басшысы жаңа Ата Заңымызда мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына берік негіз болатын нормалар мен ережелер түгел қамтылғанын айтты.

Сонымен қатар Үкімет отырысында Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар міндет жүктеді.

Осы ретте жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жасау туралы Президент тапсырмасына ерекше көңіл бөлініп отыр. 

– Ішкі істер және Әділет министрліктері Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта ішінде рақымшылық жасау тетіктері бойынша егжей-тегжейлі ұсыныс енгізуі тиіс, – деп нақты тапсырма берді Олжас Бектенов. 

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, рақымшылық азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады деп болжанып отыр. Бұл туралы министр Үкімет отырысында мәлімдеді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес рақымшылық туралы Заң қабылданғаннан кейін оны іске асыруға қатысамыз. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады деп болжануда. Олардың қатарына қауіпті, оның ішінде террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық сипаттағы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы және азаптау қылмыстарын жасаған адамдар, сондай-ақ рецидивистер және іздеуде жүргендер жатпайды», – деді Ержан Сәденов. 

Сондай-ақ министр әкімшілік рақымшылық шеңберінде жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарланып отырғанын да атап өтті.

«Мұндай санатқа жататын азаматтар тобын, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібін заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті орган толық пысықтап, айтады. Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде жаңа Конституция нормаларын іске асыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деді ІІМ басшысы. 

Заң ғылымдарының кандидаты, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттің қауымдастырылған профессоры Сайкен Айсиннің айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылықтар табиғаты жағынан қоғамға аса қауіп төндірмейді. Бұл Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі нормаларынан да көрінеді.

– Тәжірибе көрсеткендей, қылмыстық істер бойынша жасалған амнистиялар қылмыс деңгейінің өсуіне әсер етпейді. Ал әкімшілік істер бойынша мұндай қауіп тіпті болмайды.

Амнистия – бәрін кешіру деген сөз емес. Ол таңдап қолданылады және өрескел немесе қауіпті құқық бұзушылықтарға қолданылмайды, – дейді маман. 

Сондай-ақ ол амнистия құқық қорғау және сот органдарына шынымен қауіпті құқық бұзушылықтарға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

– Ең бастысы — рақымшылық қоғамдағы шиеленісті азайтып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясы қағидаттарына сәйкес келеді.

Сондықтан амнистия — қоғам үшін қауіп емес, керісінше, әділ әрі ізгілікті құқықтық саясаттың құралы, – деп нақтылады Сайкен Айсин. 

Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігінің мамандары әкімшілік рақымшылықты жүзеге асыру тетігінің нақты шарттарын әзірлеп жатыр. Қай санаттағы адамдарға қолданылатыны, қандай құқық бұзушылық түрлері қамтылатыны, айыппұлдарды есептен шығару мөлшері мен тәртібі заң жобасын дайындау барысында нақтыланады. 

Айта кетейік, ауыр қылмыс жасағандарға рақымшылық қарастырылмаған. Олардың қатарына терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық қылмыстары, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық әрекеттер мен азаптау деректері жатады. Бұған қоса бұрын сотталғандар мен тергеуден немесе жазадан жалтарған адамдар да амнистияға ілікпейді. 

Әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарға қатысты рақымшылық туралы заңды Парламенттің қазіргі сессиясы аяқталғанға дейін қабылдау жоспарланып отыр.