Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов төрағалық еткен Парламент пала­талары­ның бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды. Бір­лескен отырысқа Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысты.
Парламент палаталары Алатау қаласының мәртебесі туралы заңды қарады
82
оқылды

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында атап өт­кендей, Алатауға ерекше мәр­тебе беру қаланы да, ел ауқы­мында да барлық бағытта да­­мыту үшін қажетті шара бо­лып табылады. Осыған байла­нысты жеке заңда қаланы бас­қару режимі, қаржылық модель­­дер және басқа да ма­ңызды аспектілері белгіленеді.

Мұнда ерекше салық және бюджет жағдайларын қолдану, цифрлық активтердің айналы­мын реттеу, пилотсыз техноло­гияларды дамыту және халық­аралық стандарттарды енгізу туралы айтып отырмыз. Негізгі жаңалықтарда сонымен қатар инвестицияларды қорғау және олардың тұрақтылығын қам­тамасыз ету шаралары қам­тылған.

Құжатты депутаттарға та­ныстырған Премьер-министр­дің орынбасары Қанат Бо­зым­баев заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған тәсілдер мен қағидаттарға негізделгенін айтты. Оның негізгі мақсаты – Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау.

– Жақында қабылданған Конституцияда жекелеген өңір­лердің экономикасын жыл­дамдату үшін «қарқынды дами­тын қала» арнаулы құқықтық режимін Конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көр­сетілген. Осыған сәйкес Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қар­жылық модельге, арнайы бас­қару режиміне және жаңа инс­титуционалдық негізге сүйене­ді, – деді Премьер-министрдің орынбасары. 

Қаланы басқару жүйесіне тоқталған Қанат Бозымбаев жаңа мемлекеттік орган – Alatau City Authority құрылатынын жеткізді. Қызметі стратегиялық даму қағидатына негізделетін бұл органның жұмысын Пре­мьер-министр басқаратын Ке­ңес айқындайды, ал ағымдағы жұмысты Бас атқарушы дирек­тор жүзеге асырады. Кеңес не­гізгі стратегиялық шешімдерді қабылдап, әкімшілік актілерді бекітеді. Өз кезегінде әкімдік пен мәслихат әлеуметтік, ком­муналдық және қоғамдық мә­селелерге жауап береді. 

Премьер-министрдің орын­басарының айтуынша, Алатауда салықтық жеңілдіктер жүйесі қалыптастырылып, бизнесті реттеу, инвесторларды тарту те­тіктері мен инвестициялық дау­ларды шешуді қамтитын то­лыққанды экожүйе құрылады. Сонымен қатар қаланың дамуы Digital by default қағидатына негізделеді, яғни барлық негізгі басқару процестері цифрлық форматта жүзеге асырылады.

Салықтық преференциялар тек жаңа инвестициялық жоба­ларға, қаланың басым даму сек­торларына сәйкес беріледі. Бар­лық жеңілдіктер мен инвес­тор­лар­дың міндеттемелері ашық түрде жарияланады.

Alatau City Authority рес­публикалық бюджеттік бағдар­ламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті респуб­ликалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамыту мен ұзақмерзімді жобаларды қол­дауға бағытталады. Ал қаланың жергілікті бюджеті ағымдағы және әлеуметтік міндеттерді қар­жыландыруға жұмсалады. Қала өзін-өзі қамтамасыз еткен­ге де­йін оның қаражатын басқа бюд­жеттерге алу қарасты­рыл­майды.

Сонымен қатар заң жобасы инвестициялық келісімдердің тұрақтылығын, арнайы құ­қық­тық режимнің басымдығын және лицензиялаудың жеке тәр­тібін бекітеді. «Бір терезе» қа­ғи­даты бойынша тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі, ал инвестор­лардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады.

Қанат Бозымбаевтың ай­туынша, қазіргі уақытта жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба қа­лыптастырылған. Оларды жүзе­ге асыру шамамен 30 мың жұ­мыс орнын ашуға жол ашып, Алатау­ды ғылым, туризм, меди­цина және инновациялар ор­талығы ретінде дамытуға негіз болады.

Қала дамуы стратегиялық құжаттар негізінде жүзеге асы­рылады, бұл – 30 жылдық ұзақ­мерзімді жоспар, сондай-ақ 15 жылдық стратегия мен мастер-жоспар. Инвесторлар үшін тұ­рақтылықты сақтау мақсатында бұл құжаттарға өзгерістер сәй­кесінше 10 және 5 жылда бір реттен жиі енгізілмейді.

Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қала­ның жер қоры құрылып, ол стра­тегиялық және инвестиция­лық жобаларды іске асырудың негізгі құралына айналады. Жер учаскелері инвесторларға биз­нес-лицензия немесе келісім­шарт негізінде беріледі, ал пай­далану шарттары нақты ин­вестициялық міндетте­мелермен тікелей байланысты болады.

Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Экономикалық ре­форма және өңірлік даму ком­и­тетінің төрағасы Нұртай Са­бильянов депутаттардан 527 ұсыныс түскенін айтты.

Оның айтуынша, түзетулер Конституцияның жаңа норма­ла­ры­на сәйкестендіруге, Алатау қа­­­ла­сының жұмыс істеу қағи­дат­тарын нақтылауға, әкімшілік мәр­тебесін айқындауға, цифр­лық өзара іс-қимылды күшей­ту­ге және тұрғындар үшін қолайлы ор­­та қалыптастыруға бағыт­талған.

– Сонымен қатар Бас атқа­рушы директордың және әкім­шілік қызметкерлерінің, қала әкімінің және оның орынба­сарларының жауапкершілігін енгізу, сондай-ақ бюджеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылауды күшейту және әкім­шіліктің бюджет орындалуы ту­ралы жыл сайын есеп беруін қамтамасыз ету ұсынылады, – деді Нұртай Сабильянов.

Заң жобасына Мәжіліс де­путаттары Снежанна Имашева мен Азат Перуашев, сондай-ақ сенаторлар Әлібек Нәутиев пен Бекбол Орынбас­а­ров қолдау білдірді.

Сенат депутаты Серік Шай­даров заң жобасын талқылау барысында жобаны іске асыруға дұрыс көзқараспен қараған кезде Alatau City бүкіл өңірдің экономикасын қайта жандан­дыруға қабілетті қуатты хаб бола алатынын атап өтті. Дегенмен барлық ерекшеліктерді ескеру және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу және одан сабақ алу аса маңызды. 

– Мемлекет басшысы Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Алатау қаласы жаңа инвести­циялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс. Бұл капиталды тарту үшін теңдесі жоқ жағдайлар жасауды, прогрессивті реттеуші режим орнатуды, озық инно­ва­циялық шешімдерді енгізуді, өмірдің барлық саласында жа­санды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалануды білдіреді деп атап өтті. Осыған байланысты жобаны жүйелі әрі тиімді іске асыруға кедергі кел­тіруі мүмкін барлық фактор­ларды ескеру қажет. Бұл – аса маңызды міндет, – деді ол.

Талқылау барысында депу­таттар әкімшілік актілер арқылы экономиканың барлық сала­ларын реттеу қолданыстағы заң­намамен қалай үйлестіріле­тіні жөнінде, арнайы құқықтық режим аясында шетелдік инвес­торлардың жерді пайдалану тәртібі қалай ұйымдастыры­латыны туралы бірқатар сұрақ­тар қойды. Сонымен қатар олар қаладағы ғимараттарды салу тетіктеріне ерекше назар аудар­ды. Алатау резиденттерінің са­лық жеңілдіктерінің ашықтығы мен олардың халықаралық озық тәжірибеге сәйкес болуы талқы­ланды. Сондай-ақ депутаттар білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ортақ стандарт­тардың қаншалықты сақтала­тынын нақтылады. 

Талқылау қорытындысы бойынша, депутаттар «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жо­басын бірінші оқылымда ма­құлдады. Барлық ұсыныстар мен түзетулер Нұртай Сабилья­нов төрағалық ететін бірлескен комиссияда қаралатын болады.

Сонымен қатар Парламент палаталарының бірлескен оты­рысында екінші оқылымды өт­кізу 27 наурызға жоспарлануда. Заң жобасын наурыз айының соңына дейін Мемлекет бас­шысының қарауына енгізу көз­деліп отыр.

М.ТӨЛЕУ