Көктемнің алғашқы айы азаматтарды Отан алдындағы әскери борышын, конституциялық міндетін орындауға шақыратын кезек. Наурызда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығы да шықты. Сөйтіп, Қазақстан армиясы жас сарбаздармен толығады.
Ел қорғау – ерлердің ісі
106
оқылды

Президент  «Әскери қызмет­тің белгіленген мерзімін өткерген мер­зімді әскери қызметтегі әс­кери қызметшілерді запасқа шы­ғару және Қазақстан Респуб­ли­ка­сының азаматтарын 2026 жыл­дың наурыз-маусымында жә­не қыр­күйек-желтоқсанында мерзімді әс­кери қызметке кезекті шақыру ту­ралы» Жарлыққа 16 наурызда қол қойды. Жарлыққа  сәйкес, 17 наурыздан бастап қалалық және аудандық шақыру комиссиялары әкім­дердің орынбасарларының тө­рағалығымен азаматтарды мер­зімді әскери қызметке шақыруды бастады.

Жоспарда 30 маусымға дейін 18-27 жас аралы­ғын­дағы 21 мың­нан астам аза­мат­ты Қарулы Күштердің, басқа да әс­керлер мен әскери құра­лым­дар­дың қатарына шақыру  көз­дел­ген. Әскер қатарына алы­на­тын  азаматтардың 11 мыңнан Қа­ру­лы Күштерге, 7 мыңнан астам адам ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуық адам ҰҚК Шекара қыз­ме­тіне, 400-ге жуық адам Төтенше жағ­дайлар министрлігіне, 300 адам Мемлекеттік күзет қыз­ме­ті­не  жіберіледі. Бұл туралы Қазақ­стан Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұ­мыс­тары департаментінің басты­ғы генерал-майор Алмас Исабе­ков атап өтті. 

Генералдың сөзіне қараған­да,  азаматтарға шақыру SMS-хабарлама және eGov пор­та­лындағы хабарландырулар ар­қы­лы кемінде үш күн бұрын жі­бе­­­­ріледі. Мұндай хабарламалар рес­ми шақыру болып есептеледі. Ша­қырту алған азамат жергілікті әс­кери басқару органына немесе ша­қыру пунктіне келуге міндетті.

Қорғаныс министрлігі әскери есепке алу процесін авто­мат­тан­ды­рып, «Smart военкомат» жо­ба­сын жүзеге асырып жатыр. Бұл жүйе шақырылушылар мен әс­кери міндеттілердің жеке есебін жүр­гізеді, азаматтар тұрғылықты жерін өзгерткен кезде автоматты түрде әскери есепке қояды, 17 жас­­тағы жасөспірімдерді әскери есеп­ке тіркеуді, сондай-ақ ша­қыру­ды кейінге қалдыру немесе одан босатуды автоматты түрде рәсімдеуді қамтамасыз етеді.

Осылайша, 2025 жылы 457 мың­­нан астам адамға кейінге қал­­дыру берілді. Әскерге шақыру туралы бұйрықтар электронды форматта ресімделетінін атап өту керек. Бұл әскери қызметшілерге не­сиелік демалыс беру үшін мә­ліметтерді кредиттік бюроларға ав­томатты түрде жіберуге мүм­кін­дік береді.

Сонымен қатар ша­қырылу­шы­­ларды медициналық куәлан­дыру кезінде қолданылатын «E-Medosмотр» медициналық жүйесіне интеграция енгізілді. Қа­зіргі уақытта цифрлық ме­ди­ци­налық тексеру Астана, Шым­кент қалаларында, Алматы, Ба­тыс Қазақстан және Жетісу об­­лыстарында кеңінен қол­да­ны­лады. Бұл ретте 2025 жылы 17 мың­нан астам шақырылушы ме­дициналық куәландырудан цифрлық форматта өткенін атап өту керек.

Мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азамат­тар­ға мемлекет тарапынан бір­қатар қолдау шарасы қарасты­рыл­­ған. Атап айтқанда, оларға не­сиелік демалыстар беріледі, сон­­дай-ақ ҰБТ нәтижелерін есеп­­ке алмай, жоғары оқу орын­дарына мемлекеттік білім беру гранттарымен түсу мүмкіндігі бері­леді.

– 2023 жылдан бері 9 мыңнан ас­там сарбаз ҰБТ тапсырмай, жо­ғары оқу орындарына түсті. Тек 2025 жылдың өзінде бұл мүм­кін­дікті 3 300 әскери қызметші пай­даланды, – деп атап өтті гене­рал-майор Алмас Исабеков.

20 мыңнан астам әскери қыз­мет­шіге негізгі қарыз бен сыйақы бойынша шамамен 8,8 млрд теңге кө­лемінде несиелік демалыс бе­ріл­ді. Сонымен қатар қызмет ба­ры­сында сарбаздар Қарулы Күш­тердің түрлері бойынша кіші ма­мандар даярлайтын оқу орта­лықтарында жұмысшы маман­дық­тарын меңгере алады.

Бұдан бөлек, генерал-майор Алмас Исабеков дәлелсіз себептермен жергілікті әскери бас­қару органдарына келмеу Қа­зақ­стан Республикасының заң­на­масында қарастырылған жауап­­­кершілікке әкелетінін атап өтті. Онд­ай жағдайда азаматқа әкім­ші­лік шаралар қолданылуы мүм­кін. Ал шақырудан жалтарған жағ­­­дайда, қылмыстық заңнама нормаларына сәйкес жауапкер­шілік қарастырылған.

А.СҰЛТАН