Адамзат баласы жаратылғалы өркениет көшіне өзіндік төлтума мәдениетімен үлес қосқан елдер санатын санамалайтын болсақ, қазақ халқы күй өнері арқылы ерекше көзге түсер еді.
Нұрбике Ахмедиярова,  күйшінің жары: Күй патшалығында өмір сүрді
177
оқылды

Осы мазмұндас тұжырымды этнограф, зерттеуші ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты кітабынан таба аласыз. Қорқыт ата заманынан бастау алып, бү­­гінгі күнге бір нотасы өзгермей жеткен күй­­шілік дәстүрді Қаршыға Ахмедияров се­­­­­кілді дәулескер күйші бар сүйіс­пен­ші­лік­пен сақтай білді. Қаршыға күй тартқанда қа­раша жұрты еліге тыңдады, елжірей ты­ныс­тады, еріксіз тәнті болды. Бүгін біз сол Қар­шығаның адал жары, өмірлік серігі Нұр­бике Ахмедияровамен сырластық.

– Қазақтың бірегей күйшісі Қаршыға Ахмедияров ағамыздың туғанына 80 жыл толды. Ғұмырыңыздың жартысы Қаршыға ағамен бірге өтті. Дәулескер күйшімен алғаш жолыққан сәтіңіз есіңізде ме?

– Қаршығамен алғаш рет 1966 жылдың 7 қарашасында Алматы қаласында өткен жер­лестердің мерекелік сауық кешінде та­ныстық. Ол кезде мен Алматы медицина инс­титутының 1-курс студенті едім. Тағ­дыр­дың жазуымен екеуміздің де Атырау об­лысы Махамбет ауданының тумасы еке­ні­міз белгілі болды: мен – тарихы терең, хан ордалы Сарайшықтан болсам, ол Таң­дай ауылынан екен.

Осылай басталған таныстық уақыт өте ке­ле шынайы сезімге ұласып, 1970 жылдың мамыр айында шаңырақ көтердік. Ортақ өмі­ріміздің жемісі ретінде екі ұл, бір қызды дү­ниеге әкеліп, өсірдік.

Бес жыл қатар білім алып, одан кейінгі 40 жыл екі апта бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кештік. Сол жылдардың әр күні – біз үшін қымбат естелік, жүректе сақ­талған ұмытылмас қымбат қазына. 

– Қаршыға ағаның әкесі Ахмедияр ата күй­ші, саятшы, жыр-термелерді жатқа айт­қан кісі болыпты. Анасы 3 жасында қайтыс болған екен. Ағаны тәрбиелеп өсірген әкесі ме?

– Иә, Қаршығаның бойындағы өнерге де­ген қызығушылық пен өмірлік ұста­ны­мы­ның қалыптасуына ең алдымен әке тәр­­­биесі зор әсер етті. Сонымен қатар оның төрт ағасы да өнерге жақын, ән айтып, күй тарт­қан жандар еді. Осындай ортада өскен Қар­шыға жастайынан өнерге бейім болып өсті. 

Қаршыға – бес ұлдың кенжесі. Оның ал­дында Дариға атты әпкесі болған. Үш жа­сында анасы өмірден өтті. Сол жылы Ақ­кенже деген қарындасы дүниеге келген еді. Алғи атты ағасы мен қарындасы Ақ­кен­же қа­зір Астанада тұрып жатыр. Өзге бауыр­лары өмірден өтіп кетті. 

Қыдыр дарыған, күй қонған өнерлі от­ба­сы еді. 

– Қаршыға аға Ғарифолла Құрманға­лиев­ке еліктеп өсіп, жыршылық дәстүрді мең­герген екен. Күйшілік өнерді дамытуына кім әсер етті?

– Қарекең жастайынан әнші ретінде та­­­­нылғанымен, күйшілік өнерге деген қа­біле­тінің қалыптасуына отбасының ықпалы ерек­ше болды. Үлкен ағасы Қырғи – дүлдүл ән­ші әрі күйші ретінде елге белгілі тұлға еді. Қар­шығаның әншілікке де, күйшілікке де бейімделуіне әкесі мен осы ағасы Қырғидың тә­лімі зор болды.

Сонымен қатар Қарекеңнің өнер жолында бағыт-бағдар берген жандардың бірі – қазір көзі тірі, жасы тоқсанға таяған Қа­тимолла Ризуанов. Ол кісі кезінде көр­ке­мөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етіп, та­лай шәкірт тәрбиелеген. Қарекең де сол кісі­ден тәлім алып, өнердің қыр-сырын мең­­­­геріп, көп нәрсе үйренді.

– Достары, жолдастары ағаның тым сезімтал болғанын айтады. Күйшінің сезімтал болмауы мүмкін емес. Дегенмен ағаны ерекшелеп тұратын қандай қасиеті еді?

– Қарекеңді өзгелерден ерекшелеп тұ­ра­тын асыл қасиеттері өте көп. Оның аң­ғал­дығы, тазалығы, адалдығы бөлек еді. Биік адамгершілігі мен парасаттылығы кез кел­ген ортада айрықша байқалып, айна­ла­сына жылылық сыйлауға құмар еді. Әсіресе, кісі­ге жаны ашығыш, өзгеге қолұшын созу­ға әрдайым дайын тұратын кең жүрегі көп­тің құрметіне бөледі.

Өзімен тағдырлас жандарды кездестірсе, Қарекең қолынан келген көмегін ешқашан аямайтын. Қолының ашықтығы, жо­март­тығы – оның болмысына тән қасиет еді. Бі­реу­ге жақсылық жасау үшін артық есеп із­­демейтін, шын ықыласымен көмек бере­тін.

Ол тек өнер иесі ғана емес, өнердің жа­на­шыры да еді. Домбыра тартуға қабілетті, ын­талы шәкірттерін ерекше бағалап, кейде ар­найы тапсырыспен жасатқан дом­бы­ра­сын да сыйға тартып жіберетін. Бұл – оның өнерге деген құрметі мен кейінгі буынға де­ген сенімінің айғағы.

Қарекең үшін домбыра – жай ғана ас­пап емес, ұлттық рухтың, халықтың жа­ны­ның үні болатын. Сондықтан да ол үйге кел­ген әрбір қонаққа, шаңырақ көтеріп жат­қан жас жұбайларға ең бағалы сый ре­тінде домбыра тарту ететін. Оның: «Әр қа­­­­зақтың үйінде домбыра күмбірлеп тұр­сын» деген қағидасы – бүкіл ғұмырына ар­қау болған өмірлік ұстанымы еді.

Осы ұстанымы арқылы ол тек өз ор­та­сы­на ғана емес, кейінгі ұрпаққа да ұлттық өнер­ді қастерлеудің, рухани байлықты сақ­тау­дың үлгісін көрсетті.

– Жас кезінде бұзақылар соққыға жығып, бүйрегін зақымдаған екен. Сол дерті ұзақ ма­­­­­­­­залаған секілді. Қытайға барып емделгенін де білеміз. Бүйрегі ауыратынын жиі айтатын ба еді?

– 1978 жылы Құрманғазы атындағы ор­кестрдің кезекті концертінен кейін қайтар жол­да Қарекең соққыға жығылды. Қолдан ұйымдастырылған, әдейі жасалған «дұш­пан­дарының» жауыз әрекетінен кейін сол жақ бүйрегі қатты зақымданып, езіліп ке­тіп­ті. Бұл жауыздық әрекет Қарекеңнің ден­сау­лы­ғын құртты. Дертінен айығуы үшін ұзақ жыл­дар бойы ем қабылдауға мәж­бүр болды.

1978 жылдан бастап, 1999 жылдың мау­сым айына дейін бірнеше рет ауруханаға жа­тып, түрлі ем шараларын алғанымен, уа­қыт өте келе екі бүйрегі де істен шығып, жа­­­­­санды бүйрек аппаратына тәуелді болды.

1999 жылдың маусым айынан қараша айы­ның соңына дейін Сызғанов атындағы хи­рургия институты қабырғасында ем қа­былдап, кейін сол жылдың желтоқсанында емін жалғастыру үшін Бейжің қаласындағы әскери госпитальға бардық.

Ұзақ күткен бүйрек ауыстыру опе­ра­ция­сы 2000 жылдың сәуір айына дейін со­зы­лып, ақыры донор табылып, қытай жігіттің бір бүйрегі салынды. Сәтті өткен операция­дан кейін ғана 2000 жылдың 5 сәуірінде елге оралдық.

– Аға өмірінің соңында Атырауда тұр­ды. Алматыдан неге кетті? Әлде туған жеріне де­ген сағынышы маза бермеді ме?

– 2000 жылдың қараша айында туған жер­ге қоныс аударғанымен, донор бүйрек­тің жағдайын тұрақты түрде бақылау және қа­жетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қа­­­жет болған соң, амалсыз Қарекең қай­та­дан Алматыға оралды. Себебі бүйрек ауыс­тырудан кейінгі өмірі үздіксіз медициналық кө­мекті қажет етті. Өмірінің соңына дейін ба­қылауда отырды. Бейжіңдегі дәрі­гер­лер­мен де тығыз байланысып тұрдық. Уақы­ты­лы тексеріліп, қажетті ем-домын алып отыру үшін тұрақты қатынас жасауға тура кел­ді. 

– Ағаның орындауындағы 500-ден астам күйі Алтын қорда сақтаулы тұр. Жеке күй­лері­нің бәрі жарыққа шықты ма? Ағаның орын­далмай қалған күйлері бар ма?

– Көзі тірісінде Қазақ радиосы мен те­ле­­­­­­видениесіне 500-ден астам күйді жазып қал­­дырды. Оның бәрі Алтын қорда сақ­тау­лы тұр. Өзі де 100-дің үстінде күй шығарып, 10 шақты ән жазған. Жарыққа шықпаған күйлері де, кітаптары да баршылық. Одан басқа, 2000 жылы операциядан 3-4 күн өт­кен соң, ауруханадан ұрланып шығып, «мен өлсем де қазағымның күйі өлмесін» деп, Бей­жіңдегі Қазақ радиосы бөлімшесіне барып, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Ма­хамбеттің 50-ден аса күйлерін жаздырып кет­ті. Сол жолы операцияның тігісі ашы­лып кетіп, тағы 14 күн ауруханада жатып қал­ған жайымыз бар еді...

– Қаршыға ағаның ізін жалғаған шә­кірт­тері көп пе?

– Қаршығаның ізін жалғаған төл шә­кірт­тері де, студенттері де баршылық. Ол кі­сі консерваторияда домбыра кафед­ра­сы­ның меңгерушісі болды ғой. Сондықтан кон­серватория студенттері 1 курстан бас­тап, бітіргенге дейін ағаларыңмен тығыз қа­рым-қатынаста болды. Емтихан тап­сыр­ды. Олардың бәрі Қаршығаның шәкірттері деп білемін. 

– Ағаның ұл-қызы, немерелерінің ара­сын­да күйшілік өнерді қалағандары болды ма? Ағаның өнерін кім жалғастырып жатыр?

– Қызымыз Раушан – Алматы кон­сер­ва­ториясын, АҚШ-тың Даллас қаласының кон­серваториясын бітірген скрипкашы, Сан-Франциско симфониялық оркестрінің белді музыканты. Ұлымыз Ерболат – Ас­та­на опера театрында дирижер, немерелері Ақ­­тоты, Иманғали – музыканттар. 

– Нұрбике апа, Қаршыға аға өмірден өт­ке­лі 16 жыл өтті. Ағаны сағынғанда не еске ора­лады?

– Қарекең көзі тірі болса, биыл 80 жасқа то­лар еді... Алматыға 19 жасында келіп, 45 жыл тұрды. Осында білім алды, еңбек етті. Алыс-жақын шетелге, жер шарының 4 құр­лы­ғына (Еуропа, Азия, Африка, Америка ел­деріне) Алматы шаһарынан аттанып, әлем­де «қазақ» деген ұлт, Қазақстан деген ел барын, «домбыра» атты бренд музыка ас­па­бы бар екенін таныстырып, күмбірлетіп күйін төкті. Қаршыға – қазақтың күй өне­рін зерттеп, нотаға түсіріп, өзі орындап, ХХІ ғасырға жеткізіп кеткен, күй патша­лы­ғын­да өмір сүрген адам. Қазақтың қара дом­­бырасының арқасында танысқан, за­ман­дас болған қаншама қазақтың біртуар азаматтары (өмірден өткені бар, тірісі бар) қо­лымыздан дәм татты. Қарекең бар кезде үйі­мізде күнде мереке болатын. Сол кездер қа­зір сағыныш, тәтті мұң болып қалды ғой. Өзім дәрігер болсам да, Қарекеңнің әр шы­ғар­масы көз алдымда дүниеге келді. Атын да екеуміз бірігіп қоятынбыз. Ол күндердің бәрін сағынып еске алып отырамын. 

– Қаршыға Ахмедияров мектебі бар ма?

– Қаршыға Ахмедияров – қазақтың күй өне­рінде өзіндік қолтаңбасы бар, үлкен мектеп қалыптастырған дара тұлға. Оның мек­тебі тек бір оқу орнымен ғана шектел­мей­ді, ол – шәкірттері арқылы жалғасып ке­ле жатқан өнер жолы, күйшілік дәстүр. Туған ауылында Қаршығаның есімі берілген орта мектеп бар. Бұл – оның туған елінің пер­зентіне деген құрметінің айғағы. Со­ны­мен қатар Атырау қаласында Нарын ор­кест­рі жұмыс істейді. Бұл ұжым да Қаре­кең­нің есімін иемденген, өнер жолын, күй­шілік дәстүрін насихаттап, кейінгі ұр­пақ­қа жеткізіп келеді. Қарекеңнің шәкірті Сә­лімгерей Садықов: «Қаршыға ағамыздың мектебінің өзіндік формасы бар. Мектептің ерекшелігі – күйдің құрылымына байла­ныс­ты. Бізде төкпе күйде екі форма қалып­тас­қан: буындық және транспозициялық. Құр­манғазы атамыз екі форманы ара­лас­ты­рып, үшінші форма ойлап тапты. Қар­шы­ға атамыз да шертпеден төкпеге шығып кете­ді. Бір күйде екі бағытты қамтиды. Мұн­дай қазақта бұрын болмаған. Оның сау­сақ басу тәртібі бөлек. Бір сөзбен айт­қан­да, ешкім жасамаған шеберлікті жасап, үлкен мектеп қалыптастырды» деген екен. 

Расында, Қарекеңнің артында қалған мол мұрасы, тәрбиелеген шәкірттері, хал­қы­на сіңірген еңбегі – оның есімін мәңгілік ете­тін құндылықтар. Сондықтан да ағаң­ның аты да, заты да өлмейді. Туған елі, қа­зақ жұрты оны әрдайым жүрегінде сақтап, ұмыт­пайтынына сенімім мол.

– Әсерлі сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС